Жаркенттің өзіне тән сәулеттік келбеті бар. Қала көшелеріндегі көне ғимараттардан сауда-саттық өркендеген кезеңнің, түрлі мәдениеттер тоғысқан өлкенің тынысын аңғаруға болады. Сол тарихи мекендердің бірі – Ә. Қастеев атындағы көркемсурет галереясы. 1885 жылы салынған ғимарат кезінде татар көпесінің үйі болған. Бұл нысан арада ғасырдан астам уақыт өтсе де өзінің мәдени маңызын жоғалтқан жоқ.
Халықта «Ескі үйдің есігінен тарих сығалайды» дегенге саятын ұғым бар. Бір кездері шаңырағында күнделікті тіршілік қайнаған үй бүгінде өнерсүйер қауым бас қосатын орынға айналды. Қабырғалары талай өзгерістің куәсі болған ғимарат енді бояу мен қылқалам тілінде сөйлейтін туындыларды төріне шығарып отыр.
Галерея 2004 жылы қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 100 жыл толуына орай ашылды. Суретшінің есімін иеленген өнер ордасының Жаркентте бой көтеруі де символдық мәнге ие. Өйткені ұлт өнерінің алып тұлғаларын ұлықтау – олардың атын атаумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – шығармашылық мұрасын танытып, өнерге деген ықыласты кейінгі буынның бойына сіңіру.
Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы қазақ даласының тынысын, қарапайым халықтың тіршілігін, туған жердің табиғаты мен адамдарының болмысын бейнелеуімен құнды. Ол кәсіби өнердің биік үлгісін көрсете отырып, ұлттық дүниетанымның көркемдік мүмкіндігін де танытты. Сондықтан суретшінің есімі берілген галереяның міндеті – ұлттық өнерді ұлықтау.
Талайдың таңдайын қақтырар экскурсия жүргізіп әрі өзі де шығармашылықпен айналысып жүрген музейдің қор сақтаушысы, суретші Мұрат Шалғынбаев мәдени орынның жұмысымен етене таныс жанның бірі.
– Галерея 2024 жылы суретшінің 120 жылдығына орай жөндеуден кейін қайта ашылып, «Ә. Қастеев ізбасарлары» атты көрмені көрермен назарына ұсынды. Көрмеге кескіндеме туындылары мен зергерлік-қол- өнер жұмыстарының жүзге жуық үлгісі қойылды. Бұл – бейнелеу өнерінің түрлі жанрын бір кеңістікке тоғыстырып, көрерменге шығармашылық ізденістің сан қырын танытуға мүмкіндік берген бастама болды, – деп еске алады суретші.
Галереядағы әр туындының тарихы, авторының қолтаңбасы, көрерменге жеткізетін ойы бар. Өнердің құдіреті де осында: ол таныс дүниеге жаңаша қарауды үйретеді. Әсіресе үйдің төрінен орын алған Ә. Қастеевтің екі түпнұсқа төлтуындысы бұл орынға жан беріп тұрғандай. Суретшінің өзге мұраларының көшірме нұсқалары сақталғанымен немересі «Open Eurasia – 2017» байқауында екінші орынды иеленген танымал суретші Дәурен Қастеевтің түпнұсқа картиналары көпшілік назарына қойылған.
– Бүгінде галереяның негізгі және көмекші қорында барлығы 181 туынды сақтаулы. Олардың қатарында академик Амандос Ақанаев, Байтұрсын Өмірбеков, Камиль Муллашев сынды танымал суретшілердің еңбектері бар. Сонымен қатар галереяда бейнелеу өнері туындыларымен бірге түрлі шеберлердің қолөнер бұйымдары да қойылған, – дейді қор сақтаушы.
«Өнерлінің өрісі кең» деген халық сөзі шығармашылықтың шекарасы болмайтынын аңғартады. Бірақ өнерге деген қабілеттің ашылуы үшін қолайлы орта, бағыт-бағдар және қолдау қажет. Галерея осындай мүмкіндік беретін мәдени кеңістікке айналғанда ғана оның қоғамдық маңызы тереңдей түседі. Қолдау дегеннен өрбитін дүние бар. 2024 жылы Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойы аясында суретшінің туған жері Шежін ауылында «Күз бейнесі» атты республикалық пленэр өткен. Оған еліміздің әр өңірінен 17 кәсіби суретші қатысып, Жетісудың күзгі табиғатын, тау бөктері мен Қастеевтің балалық шағы өткен мекендердің көрінісін кенепке түсірді. Қылқалам шеберлері кезінде ұлы суретші жүрген жерлерді аралап, оның шығармашылық әлеміне жақын болуға мүмкіндік алған. Музей қызметкерінің айтуынша, пленэр барысында салынған жеті картина қорға сыйға тартылған. Галерея әкімшілігі мұндай шығармашылық бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, дәстүрге айналса, жас суретшілердің танылуына және олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететіндігін жеткізді.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ

