30 қазаннан бастап Жетісу облысының автомобиль жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесі кеңейтілген режимде жұмыс істей бастайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірін сақтау мақсатында өңірде цифрлық бақылау шаралары сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі таңда заманауи «Сергек» жүйесі 34 арнайы бекетте орнатылып, жалпы саны 216 бейнекамераны қамтып отыр. Интеллектуалды құрылғылар көлік ағынын тәулік бойы бақылап, ереже бұзушылықтарды қатаң тіркеуге мүмкіндік береді.
Жаңадан іске қосылған жүйе белгіленген шекті жылдамдықты, соның ішінде орташа жылдамдықты асыру фактілерін анықтайды. Сонымен қатар бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткен, тоқтау сызығын кесіп өткен және жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамаған жүргізушілерді белгілейді. Автокөлікті тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзу, жаяу жүргіншіге жол бермеу, рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлесу мен қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты заңбұзушылықтар да тікелей бейнекамералардың назарына түседі.
Жүргізушілер үшін орташа жылдамдықты автоматты түрде бақылау бірнеше маңызды магистральдық учаскеде жүзеге асырылады:
-
Үшарал – Достық автожолының Жайпақ ауылы маңындағы бөлігінде;
-
Үшарал – Достық автожолының Ақши ауылы аумағында;
-
Алматы – Қорғас автожолының Жаркент жолөткізгіші тұсында;
-
Алматы – Қорғас автожолының Көктал жолөткізгіші маңында.
Ішкі істер органдары мен жол полициясы өкілдері барша жүргізушілерді жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілерге басымдық беруге және рульде отырып телефонға алаңдамауға шақырады. Цифрлық технологияларды енгізу айыппұл салуды емес, көшелердегі жарақаттану деңгейін төмендетуді көздейді. Автоматтандырылған бақылау жүйелері жолдардағы тәртіпті нығайтып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.





