Жетісу өңіріндегі туризм мен транзиттік қатынастың маңызды орталықтарының бірі саналатын Алакөл ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып келеді. Өңірде ин-фрақұрылымды жаңғырту, құрылыс жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауданның даму қарқынымен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздесу үшін облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен барды.
Атқарылған іс ауқымды
Облыс әкімі жұмыс сапарын тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаудан бастады. Мұнан соң халықпен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар алда атқарылар маңызды жоспарлар мен міндеттерді баян етті. Сонымен қатар Алакөл ауданында ілкімді іске асқан негізгі бастамаларға тоқталды. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, өңірдің даму үдерісі үдемелі, өріс кеңейген. Негізгі тұрмыс ауыл шаруашылығы екенін ескерсек, облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдау нәтижесінде экономиканың оң өсімі байқалады. Аймақ шаруалары биыл 514 мың гектарға дән сеуіп, 2,7 млн. тонна астық қамбаға құйылады деп күтуде. Ал 13,5 мың гектарға себілген тәтті түбірден 585 мың тонна өнім алу жоспарланған. Шаруалардың қант қызылшасын өткізуде еш кедергі жоқ. Қос зауыт осы уақытқа дейін 231 мың тонна өнім қабылдаған. Биыл қос өндіріс орны тәтті түбір мен қант қамысынан 101 мың тонна қант өндіруді межелеп отыр. Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Алакөл ауданындағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы басымдықтарды тілге тиек етті. Сонымен қатар жергілікті әкімге нақты міндет жүктеді.
– Алакөлде тәулігіне 8 тонна ет өнімдерін өндіретін ет өңдеу цехын кеңейту және 5 мың басқа арналған қой фермасын салу жобалары бар. Жобаларды жүзеге асыруға төменгі пайызбен қажетті несие берілген. Аудан әкімі осы бастамалардың тиімді және жоспарға қосылуын жіті назарында ұстауы тиіс, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң Бейбіт Исабаев облыстағы ауыл шаруашылығын өркендетуде маңызды басымдықтың қатарындағы ирригациялық желілерді жаңғырту жұмыстарына тоқталып, Алакөл ауданында бұл бағыттағы тірліктің қарым-қабілетін бағамдады. Айтуынша, мұнда суару желілерін жаңғырту бойынша 2 жоба жүзеге аспақ. Қос жоба негізінде 83,7 млрд. теңгеге 763 шақырым арық-каналдар жөнделіп, 2029 жылдан бастап 6 мың гектар жаңа егістік іске қосылып, 32 мың гектарға жуық алқапқа су беру жақсарады.
Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының бәсі жоғары. Биыл бағдарлама өзегінде 2,3 млрд. теңге көлеміндегі 165 несие берілген. Дейтұрғанмен ұтымды бастаманың негізі кооператив құру. Соның нәтижесінде шағын емес, ірі жобалардың жүзеге асуы байқалуда. Мәселен, биыл өңірде 39 кооператив құрылған. Ал Алакөл ауданында бағдарлама бойынша 4 кооператив құрылып, оларға 127 млн. теңге төмен пайыздық несие ұсынылған.
Өркенді өнеркәсіп өңірді өрістетеді
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, 9 айда өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі 364 млрд. теңгеге жеткен. Былтырғыға қарағанда 30 пайыз өсім бар. Салада биыл құны 52 млрд. теңге болатын 8 нысан іске қосылған. Ал ауданда «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы инвестор SANY компаниясымен бірлесіп, қуаты 1 ГВт. болатын жел электр стансысын салуды көздеген. Ол үшін 30 мың гектар жер учаскесі де нақтыланған. 1,3 млрд. АҚШ доллары болатын жобаның құрылыс жұмыстары келер жылы басталмақ. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, салық базасы да көбейеді. Аймақ басшысы аудан әкімдігіне жаңартылатын энергия көздерін дамыту әлеуетін ескере отырып, жел және су электр стансыларын салу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
Өнеркәсіп саласын әлеуетті етуде тартылған инвестицияның да өз үлесі бар. Биыл өңірге 271 млрд. теңге инвестиция құйылса, оның 18 млрд. теңгесі Алакөл ауданына тиесілі. Облыс әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін құны 99,5 млрд. теңге болатын 29 инвест жоба жүзеге аспақ.
Жалпы, қолда барды ұқсату, оны тиімді пайдалануда өңірдің мүмкіндігі мол. Жетісу – транзиттік өңір. Облыстың географиялық артықшылығы Қытаймен шекаралас орналасуы. Бүгінде аймақтың қоңсы елмен шекарасында 5 кеден бекеті бар. Дәл осындай транзиттік мүмкіндіктің арқасында өңірде екі экономикалық өсім нүктелері айқындалып отыр. Оның бірі – Қорғас торабы болса, екіншісі – осы Алакөл ауданындағы Достық бағыты. Аймақ басшысы екінші экономикалық өсім нүктесінің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– Былтыр «Достық-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы аяқталды. Бұл «Достық» стансысының өткізу қабілетін 5 есеге, яғни тәулігіне 12-ден 60 пойызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, «Достық» стансысындағы «Алакөл» автомобиль өткізу пунктін кеңейту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде көлік қозғалысы жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін көбейіп, өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1 мың автокөлікке дейін артты. Сондай-ақ транзитті жеңілдету үшін кедендік терминал салынып, автоматты жүйе енгізілді. Инфрақұрылымның өткізу қуатын арттыру шекара маңындағы логистикалық хабтардың дамуына серпін берді. Осы орайда өсіп жатқан жүк ағынын тиімді өңдеу мақсатында Достық торабында заманауи терминалдар кешені іске қосылды, – деді Бейбіт Исабаев.
Құрылыс қарқынды, тұрмыс қалыпты
Келелі кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев құрылыс саласындағы 9 айлық жұмысты да баяндады. Айтуынша, жыл басынан бері салада игерілген қаржы көлемі 193 млрд. теңге. Мұның 9,8 пайызы Алакөл ауданына тиесілі. Биыл 4600 жетісулық отбасы баспаналы болмақ. Былтыр 3824 отбасы қоныстойын тойлаған еді. Ал ауданда былтыр 100 әлеуметтік осал топтағы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, биыл тағы 150 үйдің құрылысы жүргізілуде. Аймақ басшысы аудандағы баспана кезегінде тұрғандар келер жылы үйлі болатынын сүйіншіледі.
Ауызсуға қолжетімділік жағынан Жетісу өңірінің бәсі жоғары. Қазір облыстағы 329 елді мекен, яғни ауылдардың 93 пайызы таза сумен қамтылған. Биыл тағы 11 елді мекенде желі тарту жұмыстары жүргізілуде. Оның 8-і биыл пайдалануға берілсе, үшеуіндегі құрылыс жұмыстарын аяқтау келер жылға межеленген. Аталған жобалардың қатарында Лепсі елді мекені де бар. Аймақ басшысы аудан ауылдарын ауызсумен қамту төңірегінде жергілікті әкімдікке бірқатар тапсырма жүктеді.
Жиында өңір халқын көгілдір отынмен қамту жайын таразылаған Бейбіт Өксікбайұлы Алакөл ауданын газдандыру бастамаларымен де таныстырды. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына Инфрақұрылымды дамыту қорынан 27 млрд. теңге қарастырылыпты. Соның ішінде Алакөл ауданының 28 ауылында газ тарту жұмыстары жуық арада басталады екен. Осылай еселі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылып, көгілдір отынға 652 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 93,8%-ы қол жеткізеді екен.
Жол мәселесіне келгенде облыс әкімі аудан халқына берген уәдесінің орындалып жатқанын сүйіншіледі. Алакөл ауданының облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауға 3 млрд. теңге бөлінген.
– Облыстық маңызы бар Қабанбай – Лепсі бағытындағы жол толық жөнделіп, көктемде қолданысқа берілді. Өткен жылғы кездесуде Қабанбай – Тоқжайлау жолын жөндеу жұмыстарын аяқтауға уәде берген болатынмын. Бүгінде асфальт толық төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Бескөл – Жайпақ және Арқарлы ауылына дейінгі жолдардың жағдайын мен жақсы білемін. Аталған жолдарды жөндеу үшін бүгінгі күні мердігер мекеме анықталып, келісімшарттар жасалды. Жұмыстар келесі жылы басталады. Биыл 755 млн. теңгеге алты елді мекеннің 5 көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, 1 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылдары да жалғасатын болады, – деді Бейбіт Исабаев.
Облыс әкімі әлеуметтік салада соңғы 3 жылда 276 нысан жаңартылғанын ақжолтайлады. Бұл әлеуметтік нысандарды жаңартудың деңгейі орта есеппен 55,8 пайызды құрайтынын айғақтайды. Биыл облыс бойынша 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Білім саласында 5 мектеп, денсаулық сақтау саласында 4 нысан халық игілігіне пайдалануға берілген. Мәдениет саласы бойынша биыл облыста 9 нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде 3 Мәдениет үйі мен 2 кітапхана келушілерге есігін айқара ашқан. Ал Алакөл ауданында 3 ауылдың Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі – Бескөл ауылында. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев құзырлы сала жетекшілеріне осы Мәдениет үйіне Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаевтың атын беруді тапсырды.
– 2023-2026 жылдары Алакөл ауданының инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандарды салу, жаңарту және жобалау мақсатында бюджеттен 106,6 млрд. теңге бөлінді. Соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 31 шақырым жолға, 21 елді мекеннің 60 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 19 ауылда жарық шамдары орнатылды. 31 әлеуметтік нысан салынып, 3 мекеме күрделі жөндеуден өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жылдан жылға өсіп келеді. Бірқатар жұмыс істелді. Алда атқаратын іс-шаралар да аз емес, – деді Бейбіт Исабаев.
Дамудың 5 басымдығы
Облыс әкімінен кейін мінберге көтерілген Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдінов 9 айлық жұмысын қорытындылады. Айтуынша, ауданның ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін жыл соңына дейін 70,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Ал қазіргі көрсеткіш 47,5 млрд. теңге төңірегінде. Өнеркәсіптегі өнім көлемі 12,9 млрд. теңгеге жеткен. Жергілікті әкім жыл соңына дейін саладағы өнімділік 19,5 млрд. теңге болатынына сендірді.
Аудан әкімі Алмас Әбдінов кездесуге жоспарсыз келмепті. Оның пайымынша алдағы уақытта айдынды Алакөл 5 басымдық бойынша өркендемек. Әуелгісі – ауыл шаруашылығы. Бұл бағыт аясында мал шаруашылығын өркендету, заманауи технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және мол өнім алу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ балық және бал шаруашылықтарын кеңейту көзделген.
Алакөл ауданының дамуындағы 2-бағыт – туризм. Көл жағалауында туристік 329 нысан бар. Алмас Әбдінов биыл ауданға 1,9 млн. турист келіп, 14,7 млрд. теңгеге қызмет көрсетілгенін алға тартты. Сонымен қатар 6,2 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жоба жүзеге асыпты. Келер жылы Алакөл жағалауында 1,5 млрд. теңгеге 4 инвест жоба қолға алынады. Аудан әкімі туризм үшін тек көл жағалауы емес, таулы және құмды аймақтарының туристік әлеуетін игеру үшін жұмыстары да қолға алынып жатқанын сүйіншіледі. Айтуынша, Үшбұлақ ауылында «Тілек Тас» этноауылы, «Жоңғар Алатауы» паркіндегі маусымдық демалыс орындары биыл 3 мыңдай туристі қабылдапты. Келер жылы «Алатау Сафари» серіктестігі «Экоаул» этно-туристік кешенін іске қоспақ.
Үшінші бағыт ауданда баламалы энергия өндіруді көздейді. Қазіргі уақытта аудандағы «ЭКОВАТТ АКА» жел электр стансысы өнеркәсіп саласының дамуына үлес қосып отыр. Тентек өзені бойында «Сан Вольт» серіктестігінің СЭС-і жұмыс істеуде. Аудан әкімі енді жалпы қуаты 95,4 МВт болатын 4 жаңа СЭС салынатынын сүйіншіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды екен. Алмас Сапарғалиұлы назарды инвесторлармен жұмыс істеуге бағыттайтынын жеткізді.
Төртінші бағыт – Достық стансысының көлік-логистикалық әлеуетін арттыру. Бүгінде Достық ауылында 7 ірі логистикалық орталық пен «Құрғақ порт» толық қуатында тұрақты жұмыс атқарып тұр. Олар халықаралық транзиттік жүк ағынын үздіксіз қамтамасыз етіп, аудан экономикасына тікелей серпін беруде. Аудандағы ірі инвестициялық жобалардың басым бөлігі дәл осы Достық аумағында шоғырланған. 2027-2028 жылдары жалпы құны 65,5 млрд. теңгені құрайтын 6 ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.
Ауданның инфрақұрылымын кешенді дамыту – бесінші басымдықты түйіндейді. Сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші ауданда 92,8%-ға жеткен. Биыл 5 елді мекендегі су құбырлары ағымдағы жөндеуден өткен. Сонымен қатар қарқынды жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұндағы аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 74%-ға жеткен. «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Үшарал қаласынан 23 шақырым жерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға жобалық-сметалық құжаттама даярланыпты.
– Жеткен жетістіктерімізбен бірге жіберген кемшіліктеріміз де бар. Жіберген кемшіліктерді жою мақсатында жоғарыда атап өткен бес бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру арқылы ауданға инвестиция құю көлемін ұлғайтуға, құрылыс жұмыстарының мөлшерін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке түсетін салық түсімдерін көбейтуге күш саламыз, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алмас Әбдіновтің жоспарлы жұмысына оң баға берді. Тіпті жұмыс барысында орын алған кемшілікті мойындап, оны қалыпқа келтіруге тырысуын көпке үлгі етті.
Халық талабы қарекетпен іске асады
Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында теңдессіз орталық бар. Атауы – «Шуақ» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Негізі 2018 жылы қаланған нысанда психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан ересек адамдарға стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты құрылымда тап қазір 40 қызмет алушы бар. Бәрі психоневрологиялық ауруы барлар. Орталықтың негізгі міндеті – науқастарға қажетті күтім мен әлеуметтік қолдау көрсету, олардың денсаулығын сақтау, күнделікті тұрмыстық дағдыларын дамыту, әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ету және өмір сүру жағдайын жақсарту. Нысан жанынан жуырда жаңа әкімшілік-шаруашылық ғимарат салынды. Оған себеп – облыс әкімдігіне аудандағы Үйгентас өңірінде мүгедектігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталығының жоқтығына байланысты ата-аналар тарапынан осындай бөлімше ашу туралы ұсыныс жиі түскен еді. Қолданыстағы ғимараттың материалдық-техникалық мүмкіндігі шектеулі-тін. Қажетті арнайы бөлмелер де аз болды. Орталық директоры Ернұр Мақсұтбаевтың айтуынша, жаңа ғимарат сол кемшіліктерді толық жояды.
– Қызмет алушылар саны мен қажеттіліктерінің артуына байланысты бұрынғы ғимараттағы кабинеттер жеткіліксіз болып, қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындаған. Осыған орай 2025-2026 жылдары жалпы аумағы 1306 шаршы метр болатын жаңа ғимарат салынды. Алдағы жоспарға сәйкес 2028 жылы өңір тұрғындарының сұранысы мен облыс әкімдігінің қолдауы негізінде 30 орынды күндізгі болу орталығын ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жаңа бөлімшенің материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға және өзге де қажеттіліктеріне қаржы бөлінген, – дейді орталық басшысы.
Бөлімшені ашудағы басты мақсат – мүгедектігі бар балаларға күндізгі уақытта қажетті күтім мен әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсету, олардың жеке қабілеттерін дамыту және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Қабанбай ауылында салынған спорт кешенінің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Ауыл халқының сұранысы мен облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде салынған нысанның жалпы ауданы – 2076,2 шаршы метр. Кешенде төрт зал – ойын залы, бокс, күрес және жаттығу залдары қарастырылған. Мұнда спорттың баскетбол, волейбол, футбол, бокс, дзюдо, үстел теннисі, жеңіл атлетика түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Кешенде бір мезгілде 80 бала спортпен шұғылдана алады. Бес жылдан бері бокспен жаттығып жүрген Абдуахат Әбіш жаңа ғимаратта бар мүмкіндік қарастырылғанын жасырмады. Болашақ олимпиада чемпионы Теректі орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Соған қарамастан аудандық, облыстық сайыстардан жеңіссіз қайтпапты.
Спорт кешенінің меңгерушісі Бейбіт Әлімбаевтың айтуынша, қазір кешенде 250 бала жаттығып жүр. Спортқа қызығушылық танытып жатқан балалар да көп екен. Кешенде күндіз балалар спортпен шұғылданса, кешке ауыл тұрғындары да осы жерден табылады. Меңгерушінің сөзіне сенсек, нысан елді мекендегі бұқаралық спортпен шұғылданушылардың қатарын көбейтеді.
Бірер жыл бұрын ауданға қарасты Екпінді ауылының тұрғындары Мәдениет үйінің әбден тозығы жеткенін талай мінберден көтерді. 1967 жылы іргесі қаланған ғимарат іске алғысыз күйін ескерілген соң өткен жылы сәуір айында «MD Construction Ltd» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастаған еді. Серіктестік өкілі Талап Ырысқанұлының айтуынша, қазір нысанның жалпы дайындық деңгейі 83 пайызды құрайды. Атап айтқанда, қасбетті әрлеу және кафель төсеу жұмыстары 95 пайызға, брусчатка төсеу мен паркет төсеу 90 пайызға орындалған. Ішкі бояу жұмыстарының 95 пайызы, электр жүйесін тартудың 90 пайызы, ішкі су және кәріз желілерін жүргізудің 80 пайызы аяқталған. Көмір қоймасының құрылысы 99 пайызға, аумақты абаттандыру жұмыстары 60 пайызға орындалған. Қазір 150 орынды Мәдениет үйінде әрлеу және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Талап Ырысқанұлы құрылыс басында 50 жұмысшы еңбектеніп жатқанын, оның жартысы жергілікті тұрғын екенін алға тартты. Су жаңа нысанның бой көтергеніне қуанғандардың бірі – екпінділік Мадина Қабдулдаева. Жаркенттің тумасы ауылға 16 жыл бұрын келін боп түскен. Содан бері ескі Мәдениет үйінің адам шошырлық күйде болғанын, ауылының ажары кіріп жатқанын тілге тиек етті.
– Жаңа Мәдениет үйі ауылымызды думанға бөлейтін болды. Шын қуаныштымыз. Үйіміз ескі нысанға жақын орналасқан. Қираған ғимаратқа қарай балаларымызды жіберуге қорқатынбыз. Ел ағалары ескі нысанды сүріп, орнына жаңасын салып беруде. Одан бөлек, ауылдағы саябақ та жаңа кейіпке енді. Осындай қамқорлық үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы, Екпінді ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Жуырда ауыл тұрғындары елді мекеннің кіреберісіне 500 түп ағаш көшетін отырғызды. Сонымен қатар Мемлекеттік ту орналасқан алаң маңына 50 ағаш орналастырған. Ауылдық округ әкімі Бақытбек Сүлейменовтің айтуынша, алдағы уақытта жергілікті Мәдениет үйінің маңына тағы 200-ге жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Көгалдандыру жұмыстарына ауылдағы мекемелер мен ұйымдардың өкілдері де қатысуда. Экологиялық бастама елді мекеннің көркін арттырып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданы халқымен есепті кездесуінде жергілікті тұрғындар Қабанбай – Көктұма мен Еңбекші – Үшарал тасжолының мүшкіл күйін айтып, базыналаған еді. Биыл қос жолға да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қабанбай – Көктұма тасжолының 20-40 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «АБЗ КАРЬЕР ДРСУ» ЖШС қазіргі уақытта асфальт төсеу жұмыстарын толық аяқтаған. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал, «Алакөл жолдары» серіктестігі қайта жаңғыртқан Еңбекші – Үшарал тасжолының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Жалпы, ауданда елді мекен ішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды. Мәселен, Тоғжайлау ауылында Тойжанов көшесі де жаңғыртудан өткен. Ауыл ақсақалы Перизат Аршабаев «Алакөл жолдары» ЖШС сапалы жол салғанын алға тартып отыр.
Аудан тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан кәсіп ашып, бұрыннан бар кәсіпті жандандыру үстінде. Облыста ғана емес, тұтас оңтүстік өңірде «DIKOSH» брендін қалыптастырған кәсіпкер Динара Әділбаева бағдарлама аясында кооператив құрып, 28 млн. теңге несиеге қол жеткізген. Хобби ретінде басталған кәсіп иесі қазір Үшарал қаласында дүкен-цех, Алматы қаласынан әріптестік дүкен ашқан.
– Алғашында мемлекеттен 500 мың теңге көлемінде грант алып, оған шағын пеш пен қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Сөйтіп, үйден өнім дайындауды бастадым. Кейін өзімді дамыту үшін түрлі оқыту бағдарламаларына қатысып, жартылай дайын өнімдер өндіру бағытында тәжірибе жинақтадым. 2024 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, өнімдерімді таныстырып жүріп, 5 миллион теңге көлемінде грант ұтып алдым. Осы қаражаттың арқасында үйдегі шағын асүйден жалға алынған орынға көшіп, кәсібімді кеңейттім. Екі жылға жуық уақыт жалға алынған орында жұмыс істеп, бүгінде өзіміздің шағын фермерлік дүкенімізді аштық. Кәсібіміздің дамуына «Ауыл аманаты» бағдарламасы да үлкен қолдау болды. Осы бағдарлама арқылы 28 миллион теңге көлемінде төмен пайызды несие алдық. Оған жылқы сатып алып, шаруашылығымызды кеңейтуге мүмкіндік туды, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде кәсіпкер өнім түрлерін көбейтіп жатыр. Ең бастысы – табиғи өнімдерді пайдаланып, тұтынушыларға сапалы тағам ұсынуда.
Дастанбек САДЫҚ





