Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілді.
«Халықтық құрылыс» бастамасы аясында еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар, жедел медициналық жәрдем стансылары мен балаларға арналған оңалту орталықтары бар.
Облыстың денсаулық сақтау жүйесі үшін де медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту – басым бағыттардың бірі.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту – халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа нысандардың салынуы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте әр өңірдің қажеттілігін ескеріп, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және білікті мамандармен жасақтау маңызды.
Мемлекет басшысының учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы да ерекше маңызға ие. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде еңбек ететін 77 мыңнан астам маманның әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға ықпал етеді.
Өңірде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету және балаларды оңалту мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір тұрғынға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасау.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыру медициналық инфрақұрылымды жетілдіруге, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Асқар САДЫҚОВ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы





