Талдықорған қаласында жергілікті тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба іске асырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылғы 30 қазаннан бастап шаһарда жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бойынша жаңа пәтерлерге өтінім қабылдау бастау алады. Жергілікті әкімдік салған бұл заманауи баспаналар кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешуге тікелей мүмкіндік береді. Жаңа баспаналар Талдықорған құрамына кіретін Ынтымақ ауылында, Қалдаяқов көшесі, №4 мекенжайында орналасқан. Мұнда бір жыл ішінде 5 қабатты, 5 блоктан тұратын тұрғын үй кешені бой көтерді. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны «таза» әрлеуде 284 000 теңгені құрайды.
Бағдарлама аясында кезекте тұрған азаматтарға 200 пәтер ұсынылады. Атап айтқанда, бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлердің әрқайсысынан 50 баспанадан бөлінген. Бір бөлмелі пәтердің минималды ауданы 48,5 шаршы метрді құрап, бағасы 13,6 млн теңгеден басталады. Екі бөлмелі пәтердің орташа құны 18 млн теңге, үш бөлмелі пәтер 20,6 млн теңге, ал төрт бөлмелі баспана 23,5 млн теңге болып белгіленген. Өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 30 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізіледі.
Үміткерлерді іріктеу 6 қарашада өтеді. Негізгі критерий – тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған күн мен уақыт. Жаңа үйлердің 140 пәтері, яғни 70 пайызы халықтың әлеуметтік осал топтары мен басым санаттары арасында бөлінеді. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен жесірлер бар. Ал қалған 60 пәтер кезекте тұрған өзге санаттағы азаматтарға беріледі.
Бұл әлеуметтік жоба өңірдегі тұрғын үй кезегін азайтуға және отбасылардың әл-ауқатын көтеруге зор серпін береді. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қолжетімді шарттар мен жеңілдетілген ипотека халықтың әлеуметтік қорғалуын нығайтады. Азаматтар өтінімдерді Otbasybank.kz порталында «10481» нысан коды арқылы тапсыра алады. Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банктегі депозитте пәтер құнының 10 пайызы көлемінде бастапқы жарнасы болуы тиіс.





