Талдықорған қаласында келесі жылы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығы ел игілігіне беріледі.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ауқымды әлеуметтік жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Жаңадан бой көтеріп жатқан көпфункционалды кешен мүгедектігі бар азаматтарды жан-жақты сауықтыруға, медициналық көмек көрсетуге және уақытша тұруды ұйымдастыруға бағытталған. Аталған нысан аймақтағы осы бағыттағы алғашқы мамандандырылған кешен болып саналады. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев саланы дамытудағы бұл қадамның маңызына тоқталды.
Жаңа кешен бірнеше мамандандырылған блоктардан тұрады. Бірінші блокта белсенді демалыс пен дене шынықтыру арқылы денсаулықты қалпына келтіруге арналған сауықтыру бассейні орналасады. Екінші блокта заманауи спорт залы мен мәдени-көпшілік шаралар өтетін көрермен залы қарастырылған. Негізгі блок болса, жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталады. Бұдан бөлек, келушілер үшін асхана мен уақытша тұруға арналған жайлы бөлмелер қарастырылып, қозғалысы шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастырылуда. Оңалту орталығына жолдама азаматтардың тіркелген жері бойынша дәрігерлік комиссияның шешіміне сәйкес беріледі.
Жиын аясында аймақтағы әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына үлес қосқан 40-қа жуық маман марапатталды. Салтанатты кеште сөз алған Көксу ауданының әлеуметтік қызметкері Гүлфара Құлахметова:
«Мен әлеуметтік жұмысты ең алдымен, адамдарға қамқорлық көрсету деп білемін. Осы салада 25 жыл еңбек ете жүріп, жылы сөздің, көңіл бөлудің, көмекке әзір болудың қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздім. Кейде адамға тек практикалық қолдау ғана емес, адами жанашырлық, ішкі алаңын бөлісу, жалғыз емес екенін сезіндіру қажет. Біздің мамандығымыздағы ең басты нәрсе – әр адамға құрметпен, сабырмен, түсіністікпен қарау. Көрсеткен көмегіңнің шынымен қажет екенін әрі пайдасы тигенін көргенде, еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің», – деді.
Бүгінгі таңда өңірдегі әлеуметтік қорғау жүйесінде 2 600-ге жуық маман еңбек етеді, олардың 400-ден астамы – тікелей әлеуметтік қызметкерлер. Аймақта жұмыс істейтін 17 мамандандырылған мекемеде жыл сайын 2 мыңға жуық тұрғын арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда. Сондай-ақ саладағы үздік ұжымдар анықталып, Ескелді ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Панфилов ауданының Мансап орталығы мен Сарқан ауданының «Нұр» орталығы үздік деп танылды. Жаңа орталықтың іске қосылуы аймақтағы әлеуметтік қолдаудың сапасын жаңа деңгейге көтереді.





