Алакөл ауданында ауылдық елді мекендерді көркейту мен тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы ауқымды жобалар қарқынды жүзеге асырылуда.
Өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында қалалар мен ауылдардың сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындарымен арнайы кездесіп, саладағы өзекті мәселелер мен келешек жоспарларды кеңінен талқылады. Аймақ басшысы өз сөзінде тұрғын үй секторын жаңартудың, соның ішінде аудан орталығының кіреберіс бөлігін тәртіпке келтірудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Тұрғын үйлердің сыртқы келбетін реттеу халыққа қолайлы орта қалыптастырудың басты шарты саналады.
Аудандағы инфрақұрылымдық өзгерістер тек қала орталығымен шектелмей, алыс ауылдарды да толық қамтып отыр. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан басшылығына нақты міндеттер жүктеп, мынадай тапсырма берді:
«Жетісу облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, балалар және спорт алаңдарын салу, аумақтарды абаттандыру бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Дегенмен, Үшарал қаласына кіре берістегі көпқабатты үйлердің қасбеттері сын көтермейді. Осы орайда аудан әкіміне келесі жылға қасбеттерді жөндеу және ойын алаңдарын салу үшін бюджеттік өтінім беруді тапсырамын», – деді өңір басшысы.
Экологиялық бастама аясында өңірде ауқымды көгалдандыру жұмыстары орындалды. Бұған дейін аудан аумағында 9 564 ағаш көшеті отырғызылып, жасыл желек көлемі айтарлықтай артты. Оның ішінде 8 195 жапырақты және 1 369 қылқан жапырақты ағаш бар. Сонымен қатар елді мекендерді жарықтандыру көрсеткіші 75 пайыздық деңгейге жетті. Аудандағы 470 көшенің 350-і қазіргі уақытта заманауи шамдармен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы Тоқжайлау, Көлбай, Теректі, Қызылащы және Ақжар сияқты 5 ауылға қосымша 465 көше шамы орнатылып, жергілікті тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына жағдай жасалды.
Ауылдарда бұқаралық спортты дамыту мен балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында да оң өзгерістер бар. Сапақ ауылында заманауи воркаут алаңы пайдалануға берілсе, Бескөл мен Бұлақты елді мекендерінде жаңа спорт алаңдары салынды. Екпінді ауылындағы жергілікті саябақ толықтай абаттандырылып, ел игілігіне ұсынылды. Үшарал қаласында үнемделген қаржы есебінен жаңа аллея мен этнопарктің бірінші кезеңі аяқталды. Мұндай жүйелі шаралар елді мекендерді абаттандыру ісіне зор серпін береді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне





