ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед әл-Ананимен маңызды кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар мәдени мұраны сақтау, халықаралық ынтымақтастықты тереңдету және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне жаңа сәулеттік нысандарды ұсыну бағыттарын сарапқа салды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесудің басты жаңалығы – Қазақстан тарапы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығына «Жетісудың киелі ағаш сәулет өнері: мәдениетаралық диалог пен орнықтылық мұрасы» сериялық номинациясын алдын ала бағалауға ұсынды. Бұл маңызды тізімге Жетісу өңірінің бірегей маржаны саналатын ағаштан соғылған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы кірді. Шығыс пен еуропалық құрылыс стилін шебер ұштастырған Жаркент мешітінің халықаралық деңгейде танылуы аймақтың туристік әлеуетін арттырып, тарихи орындарды қорғауға жаңа серпін береді.
Сонымен қатар Парижде көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған гала-концерт өтті. Қазақстанның бастамасымен ұлы өнер иесінің мерейтойы 2026 жылы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін атаулы даталар тізіміне ресми түрде енгізілген. ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Дәуір дауысы» атты салтанатты гала-концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры мен симфониялық оркестрі, сондай-ақ танымал скрипкашы Жәмила Серкебаева өнер көрсетті. Жиынның ашылуында сөз алған министр Арман Қырықбаев:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ықпалдастығын одан әрі нығайтуға және ұлттық мәдени мұрамызды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға айрықша мән береді. Ермек Серкебаев әлемнің 50-ге жуық елінде өнер көрсетті. Бүгінгі кеш ұлы әнші мен Париж көрермені арасындағы шығармашылық үндестіктің заңды жалғасы», – деп атап өтті.
Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын әлемдік аренада дәріптеу – ұлттық идентичносты нығайтудың маңызды тетігі. Жетісу жеріндегі сәулет өнері туындыларының ЮНЕСКО тізіміне енуі өңірге шетелдік туристерді тартып, мәдени дипломатияны дамытуға үлкен мүмкіндік туғызады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен әлемдік оркестрлер сахнасында қазақ классикасын шырқау мемлекетіміздің халықаралық беделін арттыра түспек.





