2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша елімізде 24,3 млн тонна астық жиналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталмыш көрсеткіш – соңғы 15 жыл ішіндегі ең жоғары нәтижелердің бірі. Бұған дейін мұндай мол өнім соңғы 15-16 жыл көлемінде тек екі рет қана тіркелген еді. Алынған нәтиже отандық аграрлық сектордың зор әлеуетін және диқандардың елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлесін айқын көрсетеді. Биыл жиналған өнімнің тек көлемі емес, сапалық көрсеткіштері де жоғары. Элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың 72 пайызы үшінші сыныпқа жатады, ал зерттелген үлгілердің 48 пайызында дән маңызының мөлшері 28 пайыздық межеден асып түсті. Ақмола өңірінде үшінші сыныпты бидай үлесі 90 пайызға жетіп, ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы өнім 70 пайызды құрады.
Астық сапасының артуы оны азық-түлік өндірісіне кеңінен пайдалануға, өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруға және қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жол ашады. Қазақстан астық экспортында да рекордтық көрсеткіштерге жетіп келеді. Соңғы екі маркетингтік жылда еліміз 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн шығарып, тәуелсіздік кезеңіндегі ең жоғары белесті бағындырды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейінгі аралықта 1,657 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға артық көрсеткіш.
Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында мемлекет аграршыларға кешенді қолдау көрсетіп жатыр. Шаруаларға жеңілдетілген несие беру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды жеткізу, заманауи цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, климаттық ауытқуларға бейімделу шаралары басты назарға алынған.
Соңғы 3-4 жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 3 есеге өсті. 2025 жылы шаруалар 1,8 млн тонна тыңайтқыш пайдаланса, 2026 жылы жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы егістік жерлерге толық енгізілді. Сапалы элиталық тұқымдардың үлесі 12 пайызға жетті. Мұндай қадамдар алдағы жылдары да өнім көлемі мен сапасын тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді.
Биылғы дала жұмыстарына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Мемлекеттік жеңілдетілген лизинг бағдарламаларының арқасында техниканың тозу деңгейі 2023 жылғы 85 пайыздан 2025 жылы 65 пайызға дейін төмендеді. Аграршылар бағдарлама іске қосылғалы 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 астық жинайтын комбайн сатып алды. Бүгінде бұл техникалар елдегі жалпы парктің 10 пайызын құрайды. Мұндай оң өзгерістер аграрлық сектордың тұрақты дамуына, климаттық сын-қатерлерге төтеп беруіне және еліміздің экспорттық потенциалын арттыруға мүмкіндік береді.





