Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адалдық танытып, халықтың сенімін ақтауды талап ететін жауапты сала. Оның беделі қабылданған шешімдерден ғана емес, әрбір азаматтың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселесіне әділдікпен қараудан да көрінеді. Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, білікті мамандар қалыптастыру, қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қандай өзгерістер бар? Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облыстық департаментінің басшысы Манап Қобыланмен сұхбаттасқан едік.
– Қобылан Тоқбергенұлы 2026 жылғы 1 шілдеде «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң күшіне енді. Осы заңның қабылдануы қандай қажеттіліктен туындады және оның негізгі мақсаты қандай?
– Жаңа Заңның қабылдануы – мемлекеттік қызмет жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған қадам. Оның басты мақсаты – мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру, кадрлық процестерді жетілдіру және азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделін қалыптастыру. Жаңа заңнамада кәсібилікке, адалдыққа, ашықтыққа, әдептілікке және азаматтардың мүдделеріне бағдарлануға ерекше мән берілген. Мемлекеттік қызметтің тиімділігі де атқарылған жұмыстың көлемімен ғана емес, оның нақты нәтижесімен және халыққа тигізетін пайдасымен бағалануы қажет.
– Жаңа заңнамалық өзгерістер азаматтар үшін қандай нәтиже бермек?
– Ең алдымен, мемлекеттік органдардың азаматтармен жұмыс істеу тәсілі өзгеруі тиіс. Азаматтардың өтініштеріне белгіленген мерзімде толық әрі сапалы жауап беру, олардың мәселелерін формальды түрде қараумен шектелмеу – мемлекеттік аппарат жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Әрбір шешім заңдылыққа, әділдікке және азаматтардың құқықтарын құрметтеу қағидаларына негізделуі қажет. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін барынша түсінікті ету және мемлекеттік аппараттың жұмысына деген сенімді нығайту.
– Мемлекеттік қызметке кіру тәртібінде қандай өзгерістер бар?
– Жаңа заңнама мемлекеттік қызметке іріктеу процестерін цифрландыруға және оларды барынша ашық жүргізуге бағытталған. Үміткерлерді іріктеу кезінде «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің маңызы артады. Бұл конкурс рәсімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Заңнамада мемлекеттік қызметке кірудің негізгі жолдары ретінде жалпы конкурс, заңда белгіленген жағдайларда конкурстан тыс тағайындау және келісімшарт негізінде жұмысқа орналасу көзделген. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке қабілетті, білімді және білікті жастарды тартуға басымдық беріледі. Мәселен, заңнамада көзделген талаптарға сәйкес келетін, үлгерімінің GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектерге ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай тәсіл жас мамандарға өз білімін іс жүзінде қолдануға жағдай жасап, жергілікті мемлекеттік органдарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
– Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуі мен кәсіби дамуына қатысты қандай жаңашылдықтар бар?
– Жаңа заңнамада мансаптық өсудің мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылған. Оның ішінде бір лауазым шеңберінде лауазымдық деңгейлер бойынша көлденең өсу тетігі қарастырылған. Бұл – мемлекеттік қызметшінің кәсіби дамуы міндетті түрде басқа лауазымға ауысумен ғана байланысты болмауы керек. Қызмет нәтижелері, кәсіби құзыреттері және біліктілігі ескеріліп, бір лауазым аясында да ілгерілеу мүмкіндігі беріледі. Мұндай тәсіл тәжірибелі қызметшілердің әлеуетін тиімді пайдалануға, олардың кәсіби ынтасын арттыруға және мемлекеттік органдарда білікті кадрларды сақтап қалуға бағытталған. Сонымен қатар әрбір мемлекеттік қызметші өзінің білімін үнемі жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеруге, басқарушылық және кәсіби дағдыларын дамытуға ұмтылуы тиіс. Өйткені сапалы мемлекеттік қызметтің негізі – кәсіби әрі жауапты маман.
– Жаңа заң мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктеріне қандай өзгерістер енгізеді?
– Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін қызметшілердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету маңызды. Осы бағытта заңнамада жұмыс уақыты режиміне қатысты кепілдіктер нақтыланып, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу тәртібі белгіленген. Атап айтқанда, заңда көзделген талаптар сақталған жағдайда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін кемінде бір жарым еселенген мөлшерде ақы төлеу қарастырылған. Үстеме жұмыс үшін де заңнамаға сәйкес қосымша демалыс уақыты немесе ақы төлеу тетігі көзделген. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша ақы төленетін демалыс күндері беріледі. Мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылға толғандарға үш күн, 15 жылдан асқандарға бес күн, 20 жыл және одан көп қызмет істегендерге он күн қосымша демалыс беріледі. Сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты насихаттау мақсатында 3 қосымша демалыс күні қарастырылған.
– 2026 жылғы 17 қазанда Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік қызметшілерді ауысу тәртібімен тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтың мәні неде және ол мемлекеттік қызметке тағайындау тәртібіне қандай өзгерістер әкеледі?
– Өзгерістерге сәйкес, заңда көзделген жағдайлардан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді конкурс өткізбей ауыстыруға болатын бірқатар жағдай нақтыланды. Біріншіден, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының, Құрылтай Аппаратының, Үкімет Аппаратының, Президент Іс басқармасының және Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының «Б» корпусы лауазымдарына, сондай-ақ осы мемлекеттік органдардан басқа мемлекеттік органдарға ауысу мүмкіндігі қарастырылған. Екіншіден, аталған мемлекеттік органдардың ішінде бір лауазымнан екіншісіне ауысуға жол беріледі. Үшіншіден, мемлекеттік саяси лауазымнан немесе «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымынан «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу мүмкіндігі көзделген. Төртіншіден, «Б» корпусының бір мемлекеттік әкімшілік лауазымынан осы корпустың басқа лауазымына ауысу үшін қызметші алдыңғы лауазымын кемінде бір жыл атқарып, қатарынан төрт тоқсан бойы қызметін бағалау нәтижесі бойынша «функционалдық міндеттерді тиімді орындайды» деген баға алуы қажет. Бесіншіден, лауазымы сақталған негізгі қызметші жұмысқа қайта шыққан жағдайда, оның орнын уақытша атқарып жүрген мемлекеттік қызметшіні сол мемлекеттік органның ішінде төмен тұрған лауазымға ауыстыруға мүмкіндік берілген. Бұл өзгерістер кадрлық рәсімдерді оңтайландыруға және заңнамада белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік органдардың кадрлық қажеттіліктеріне жедел ден қоюға бағытталған.
– Конкурссыз ауысу тәртібімен тағайындалу үшін мемлекеттік қызметші қандай талаптарға сай болуы керек?
– Ең басты талаптардың бірі – мемлекеттік қызметшінің тағайындалатын лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес келуі. Яғни қызметшінің білімі, біліктілігі және өзге де қажетті көрсеткіштері лауазымға қойылатын талаптарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар ауысу тәртібімен тағайындауға мемлекеттік қызметшінің соңғы алты ай ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жазасы болмаған жағдайда жол беріледі. Конкурссыз ауысу барлық қызметшіге автоматты түрде берілетін құқық емес. Әрбір жағдайда заңнамада және тиісті қағидаларда белгіленген талаптар толық сақталуы қажет. Мемлекеттік орган кадрлық шешім қабылдаған кезде осы талаптардың орындалуын мұқият тексеруге міндетті.
– Облыста жаңа заңнаманы іске асыру және оның негізгі талаптарын түсіндіру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуі тиіс?
– Жаңа заңнаманың тиімді іске асуы үшін оның нормаларын дұрыс түсіну және күнделікті қызметте біркелкі қолдану маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік органдардың кадр қызметтеріне, басшыларына және мемлекеттік қызметшілерге заң талаптарын терең меңгеру міндеті жүктеледі. Департамент өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға әдістемелік қолдау көрсетуге, заңнама талаптарын түсіндіруге және мемлекеттік қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуына мониторинг жүргізуге басымдық береді. Бұл ретте әрбір мемлекеттік орган кадрлық шешімдерді қабылдау кезінде заң талаптарын басшылыққа алып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерінің сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Жаңа заңның нормаларын тиімді іске асыру – тек бір мемлекеттік органның емес, мемлекеттік қызмет жүйесіне қатысатын барлық құрылымдардың ортақ міндеті.
– Мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызметке орналасуды жоспарлап жүрген азаматтарға қандай ой айтасыз?
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін сала. Бұл жолды таңдаған әрбір азамат халыққа адал қызмет етуді, заң талаптарын сақтауды және өз білімін үнемі жетілдіруді басты қағидасы ретінде қабылдауы қажет. Ал жаңа заңнаманың басты мәні – мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлау, кәсіби мамандарды қалыптастыру және қызметтік міндеттерді орындауда әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету. Біздің ортақ мақсатымыз – халықтың сеніміне ие, кәсіби, жауапты және тиімді мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру. Өйткені мемлекеттік қызметтің сапасы, ең алдымен, азаматтардың күнделікті өмірінде сезілуі тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Айдар ҚАЛИЕВ





