Мемлекеттік қызметтің сапасын адам күнделікті өмірінде сезінеді. Өтінішіне түсінікті жауап алса, мәселесі уақытында шешілсе, бір құжат үшін бірнеше мекеменің есігін қақпаса – мемлекетке деген сенім де осындай қарапайым істерден қалыптасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы цифрлық жаңғыру міндеттерін осы тұрғыдан қабылдаймын. Технологияның пайдасы азаматтың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдеткенде көрінеді. Ал оны іске асыратын мемлекеттік қызметшінің білімі мен дайындығы сол өзгерістерге сай болуы қажет.
Мемлекеттік қызметшілерді оқытатын мекеме басшысы ретінде мен үшін бұл мәселенің орны бөлек. Бүгінгі маман заңнаманы білумен қатар, деректерді талдап, жаңа құралдарды орынды қолданып, қабылдаған шешімінің салдарын бағалай алуы керек. Азаматпен ашық сөйлесу, күрделі мәселені қарапайым тілмен түсіндіру де кәсіби біліктіліктің бір бөлігі.
Сондықтан оқытудың нәтижесі қызметшінің күнделікті жұмысынан байқалуға тиіс. Сабақта алған білім нақты өтінішті қарауға, негізді шешім қабылдауға, артық рәсімді қысқартуға көмектескені маңызды. Жетісудағы әріптестеріміздің тәжірибесіндегі мәселелерді оқу барысында талқылаудың құндылығы да осында.
Жасанды интеллект ақпаратты өңдеуге, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Оны сауатты пайдалану үшін ақпараттың дұрыстығын тексеру, дербес деректерді қорғау және әр шешімге жауап беру мәдениеті қажет.
Меніңше, Жолдауды жүзеге асыру әрқайсымыздың өз жұмысымызға қоятын талабымыздан басталады. Үнемі үйреніп, білімін ел игілігіне жұмсайтын қызметші басқару сапасын да арттырады.
Жайық Тазабекұлы
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының
Жетісу облысы бойынша филиалының директоры





