Мемлекет дамуының басты өлшемдерінің бірі – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы. Облыста әлеуметтік қорғау жүйесінде 2 600-ге жуық адам еңбек етсе, олардың 400-ден астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Бұл мамандар аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, қарттарға және өзге де әлеуметтік қолдауды қажет ететін осал топтарға күн сайын көмек көрсетіп келеді. Олардың жұмысы – жай ғана қызмет көрсету емес, адамға үміт сыйлау, өмірге деген сенімін нығайту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше мән берілді. Жолдауда айқындалған міндеттер әлеуметтік қорғау саласы үшін де маңызды бағдар. Өйткені әлеуметтік саясаттың түпкі мақсаты – әр азаматқа тең мүмкіндік беріп, ешкімді назардан тыс қалдырмау.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік қолдау жүйесінде жаңа реформалар жүзеге асырылады. Бұл ретте әлеуметтік көмектің негізгі түрлері мен кепілдіктері сақталып, қолдау нақты мұқтаж азаматтарға атаулы түрде бағытталатын болады. Мұндай тәсіл әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, мемлекеттік ресурстарды әділ әрі орынды бөлуге мүмкіндік береді.
Облысымызда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 17 мекеме жұмыс істейді. Оның жетеуі стационарлық, оны жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда бұл орталықтарда 2 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат пен қарт адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұл – қоғамның осал топтарына жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2027 жылы Талдықорған қаласында 150 орынды мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығы пайдалануға беріледі. Жаңа орталық азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге, қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік ортаға белсенді араласуына және өмір сапасын жақсартуға тың мүмкіндік ашпақ. Бұл – аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жолындағы маңызды қадам.
Бүгінде әлеуметтік қорғау саласының міндеті тек көмек көрсетумен шектелмейді. Ең бастысы – азаматтардың әлеуетін арттыру, олардың білім алуына, медициналық қызметке қол жеткізуіне, жұмыспен қамтылуына және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау. Осы бағытта мемлекеттік органдар, әлеуметтік мекемелер мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Әлеуметтік мемлекеттің қуаты – оның азаматтарына деген қамқорлығымен өлшенеді. Сондықтан әлеуметтік қолдау мен қорғау жүйесін жетілдіру, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу – баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысы айқындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру арқылы біз әділетті, жауапты әрі адамға бағдарланған қоғам қалыптастыруға үлес қосамыз.
Ермек МИЗАМБАЕВ
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының басшысы





