5 қарашада Сарыөзек ауылының орталық алаңында Кербұлақ ауданының әкімі Жанат Жүнісбековтің қатысуымен күзгі әскерге шақыру науқаны аясында азаматтарды әскери қызметке шығарып салу рәсімі өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салтанатты жиында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған жас азаматтарға құрмет көрсетіліп, олардың алдағы қызметіне сәттілік тілектер айтылды.
Аудан әкімі Жанат Жүнісбеков болашақ сарбаздарға ақжолтай тілегін жеткізіп, әскери қызметтің азамат өміріндегі жауапты кезең екенін атап өтті. Сондай-ақ ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау үлкен сенім мен тәртіпті талап ететінін айтып, жас жігіттерді жүктелген міндетті абыроймен атқаруға шақырды.
Жиын барысында патриоттық әндер орындалып, көпшілік жас сарбаздарға ізгі тілектерін білдірді. Салтанатты шығарып салу рәсімі көтеріңкі көңіл күймен аяқталды.
Әскер қатарына аттанған жастар үшін бұл күн жақындарымен қоштасу ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің жаңа кезеңіне қадам басқан сәт болды.





