Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Жастарға қызмет көрсету орталығында «LEGAL TALK: ашық микрофон» форматында маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті.
«Jetisu jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйытқы болған шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев пен Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Дәурен Сәкенов қатысты. Алқалы жиында аймақ жастарының көкейкесті мәселелері талқыланып, өңірдегі жастарды жұмыспен қамту, спортқа баулу, сондай-ақ есірткі қылмысы мен нашақорлықтың алдын алу жайы кеңінен сөз болды.

Қазіргі таңда Жетісу өңірінде жас буынның әлеуетін арттыру, оларды тұрақты еңбекке баулу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыру инфрақұрылымын ауылдық жерлерге дейін жеткізу арқылы жастарды жаман әдеттерден аулақ ұстау басты міндеттердің қатарына жатады. Еркін диалог форматымен ерекшеленген «ашық микрофон» алаңында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ашық білдіруге мүмкіндік алды.
Кездесу барысында сөз алған Марлен Қапашұлы жастарға жігер беретін салмақты, өмірлік тәжірибеге толы ойларымен бөлісті.
– Жастардың білімге, спортқа әуес болғанын қалаймын. Қазір сіздерде мүмкіндік көп. Менің жасым 50-де. Тәуелсіздік алған 30 жылда жақсы өмір сүрдік. Біз жас болғанда бұндай мүмкіндік болмады. Жұмыс жоқ, бар болса да табыс аз. Еңбекақыңды заттай береді. Мысалы, мен үйге ұн апарсам, соған қуанатынмын. Еңбекқорлық пен білімнің арқасында осындай жетістікке жеттік. Бауыржан Момышұлы дейтін батыр бабамыз: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді. Шынымен сондай, тәртіпке бағынған адамның мәселесі де аз болады. Сондықтан еңбекпен айналысып, ізденіп, білім қуыңыздар, – деді ол.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілдері мен өңір басшылығы нашақорлықтың қоғам болашағына төндіретін қаупін түсіндіріп, оған қарсы күресте бүкіл қоғамның, соның ішінде жастардың белсенді позициясы қажет екенін баса айтты. Облыс басшылығы әрбір көтерілген бастама назарға алынып, жүйелі түрде шешімін табатынын жеткізді.
Өз кезегінде Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Дәурен Сәкенов:
– Қазір ақпараттық технология заманында жастарды жат әдетке шақыратын сайттар, әлеуметтік желілер бар. Әсіресе, оңай ақша, жоғары жалақы уәде етіп, синтетикалық заттарды тасымалдауға шақырады. Содан сақ болыңыздар. Ондай жағдайға тап болсаңыздар, бірден хабар беріңіздер, – деп қазіргі ақпараттық заманның жасырын қауіп-қатерлеріне, әсіресе синтетикалық есірткінің таралуына қатысты ескерту жасады.
Сонымен бірге, нашақорлықтың алдын алудың ең тиімді тетігі – жастарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту, саламатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдыру және еңбекқорлық қасиетті қалыптастыру екендігі ерекше аталып өтілді. Осы бағытта облыс көлемінде түрлі спорттық жарыстар, шеберлік сабақтары мен танымдық кездесулер жиі ұйымдастырылмақ.
Ашық пікірталас пен мазмұнды диалогқа ұласқан іс-шараның соңы салтанатты марапаттау рәсіміне ұласты. Қоғамдық өмірде белсенділік танытып, өңірдің дамуына, құқықтық тәртіпті сақтауға және нашақорлықтың алдын алуға үлес қосып жүрген салауатты, еңбекқор жастар назардан тыс қалмады.

Шара соңында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев пен Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Дәурен Сәкенов белсенді жастарды арнайы марапаттап, ақшалай сертификат табыстады. Аталған қаржылай қолдау жастардың қоғамдық бастамаларына тың серпін беріп, салауатты өмір салтын ілгерілетуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мәулен Әнербай





