Асылында, жаратылысы бөлек, бітімі ерек дарындар болады. Олардың әрқайсысы әдебиет әлеміне өз өрнегін салып, соңына өшпес із қалдырады. Сондай сирек жаратылған сөз зергерінің бірі – Жарасқан Әбдірашев. Қаламы қарымды ақынның қалам тербемеген жанры кемде-кем. Балалар әдебиетінен бастап, махаббат лирикасына дейін, сыншылықтан аудармашылыққа дейінгі аралықта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгердің шығармашылық мұрасы бірнеше салалы дария.
Жұртшылық жатқа білетін «Алфавит сыры» өлеңінің өзі ақынның бала көңілін тап басатын тапқырлығын аңғартады:
Алфавиттің А тұрады басында,
Әрқашанда Ә тұрады қасында.
Байқадың ба?
Б тұрады үшінші,
Ал осының сыры неде?
Түсінші:
А деген ол –
Аналар ғой, ардақты,
Ә деген ол –
Әкелер ғой, салмақты.
Б деген ол –
Балалар ғой әдемі,
Біздің елде
Үшеуі де кәделі…
Әріптердің ретінен өмірдің өзегін өріп, үш-ақ таңбаның аясына тұтас бір отбасының қадір-қасиетін сыйғызған ақынның шеберлігіне қалай сүйсінбессің?!
Ал жастықтың албырт шағында махаббаттың мәнін іздеп, сезімнің сырлы соқпағына түскен талай өреннің аузында жүрген мына шумақтар ше?
О, махаббат,
Сегіз әріп,
Бір арман!..
О, бір арман,
Қырық қыздан құралған!..
Мұңды жырсың –
Тебіренсем,
Толғансам,
Бір қыз болып жолығасың сен қашан?..
Иә, бұл – уақыт өткен сайын өңін бермейтін, жастықтың жүрек дүрсіліндей мәңгі жас қалатын жыр. Жарасқанның сыршыл табиғатын танытатын өлеңдерінің бір парасы жары Нәзік апамызға арналған. Ақынның:
Ертеңіме екеу болып қараймын,
Екі жүрек дүрсілдейді кеудемде, – деп басталатын сезім сыры:
Өзіңсің гүлім, Нәзігім,
Өмірлік Темірқазығым, – деген жүрекжарды жолдармен жалғасады. Жар қадірін жырмен бедерлеген ақынның өз шаңырағынан да шуақ тапқаны байқалады. Дегенмен бүгінгі сөзіміздің өзегі – ақынның ғашықтық ғазалдары да, аудармашылық һәм сыншылық қыры да емес. Біз Жарасқанның қазақ поэзиясында өзіндік өрнек салған эпиграммаларына аялдамақпыз.
Әрине, оның А.С. Пушкин, Поль Элюар, А. Блок, Янка Купала, Рабиндранат Тагор, Муин Беис сынды әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларын тәржімалаған аудармашылық еңбегін де, 1969-1970 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімін, 1970-1974 жылдары «Жалын» альманағының сын және поэзия бөлімін, 1974-1985 жылдары «Жұлдыз» журналының сын және библиография бөлімін басқарған редакторлық қызметін де таратып айтуға болар еді. Әсіресе, «Жалын» альманағында «Тураби трибунасы» айдарымен жариялаған уытты мақалаларына «Әділсын Жұлдызұлы» деген бүркеншік есіммен қол қоюы да қаламгердің азаматтық мінезін танытады. Бірақ осылардың бәрін бір жазбаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан ақынның алғыр ойы мен ұшқыр тілін айрықша танытатын эпиграмма жанрына ден қойған жөн.
Эпиграмма – ежелгі грек әдебиетінен бастау алатын, аз сөзге көп мағына сыйғызатын шағын жанр. Мұнда тапқырлық та, дәлдік те, астарлы әзіл мен ащы шындық та қатар өріледі. Кісінің мінезін, болмысын, шығармашылық ерекшелігін бірнеше жолмен-ақ дөп басып көрсету – екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін өнер. Жарасқан осы жанрдың жілігін шағып, майын ішкен шебер еді. Ол сөзді сапырып, ойды созбайды. Бірер шумақпен-ақ нысанасының осал тұсын тауып, қаламын қадап өтеді. Оның үстіне, ақынның әзілі кекесінге ұласқанымен, орынсыз кемсітуге бармайды. Көбіне қалжыңның ар жағынан шынайы мінез, таныс болмыс, өмірлік шындық көрініп тұрады.
Мәселен, тұма жырдың Тұманбайы атанған Тұманбай Молдағалиевке арналған эпиграммасын алайық:
Жиырмасында «Жетіммін!» деп жылаған,
«Жыладың» деп талай сыншы сынаған…
Отызда да «Жетіммін!» деп жылаған,
Ол кезде де талай сыншы сынаған…
Қырықта да «Жетіммін!» деп жылаған,
«Қойсаңшы» деп талай сыншы сынаған…
«Ақ Волгамен» аңыратып жүрсе де,
«Жетілдім!» деп айтпай қойды-ау Тұмағаң.
Ақын мұнда Тұманбай поэзиясындағы мұң мен мұңлық сарынның ұзақ жылдар бойы жалғасқанын әжуалай отырып, оның лирикалық бейнесін де дәл танытады. Әзілдің астарында сын бар, сықақтың ішінде шындық жатыр. Мұндай шумаққа өкпе арту қиын. Өйткені Жарасқанның әзілі нысанасына дәл тиіп, ойға қалдырады.
Әулие атанған Әбіш Кекілбаевқа арналған эпиграммасында да ақынның әдеби танымы мен сөзге жүйріктігі айқын аңғарылады:
Шекспир мен Данте ағасы
Қақпас шетке қары сынбай.
Пушкиндердің парталасы,
Толстойдың танысындай.
Әбіштің әлемдік әдебиетпен терезесі тең білімдарлығын, ой-өрісінің кеңдігін осылайша астарлы әзілмен жеткізеді. Бір қарағанда, қалжыңға құрылған төрт жолдың өзінде қаламгердің зияткерлік деңгейіне берілген баға. Ал парасат падишасы Асқар Сүлейменовке арналған мына шумақтарда да Жарасқанның тапқырлығы мен әжуәға жүйріктігі айрықша көрінеді:
Сүлейменнің Асқары
Әуелі сыннан бастады.
Аузы толмай ешкімге,
Артынша сынды тастады.
Бірде сын айтып, бірде әзіл,
Артамыз үміт жылма-жыл.
Асекең барлық жанрда
Ауызша жазып жүр қазір…
Асқардың сыншылықтан шығармашылықтың өзге арналарына ойысқанын, сөзге шешен, ойға жүйрік қалпын бір шумаққа сыйғызған. Мұндай мінездеме үшін ұзақ толғанып, том-том дүние жазудың қажеті жоқ. Кейде төрт жолдың өзі тұтас бір тұлғаның болмысын ашып береді.
Мұхтар Мағауиннің әдеби ортадағы өзіне ғана тән өр мінезі мен талғампаздығын да Жарасқан қалт жібермеген:
Сынағанды «Қырт!» – дейді,
«Түсінбейді жұрт!» – дейді.
Әуезовтен басқамен
Мұрынын да сүртпейді…
Бұл жерде ақын Мұхтардың әдебиеттегі биік талғамын, ешкімге оңайлықпен илікпейтін тәкаппарлау мінезін әзілге айналдырады. Тұлғаның болмысын тану үшін оның шығармашылығын ғана емес, мінезін де білу керектігін осы бір шумақ аңғартады.
Өлеңдерін сахнада жатқа оқып, тыңдаушысын ұйытып әкететін Мұхтар Шаханов та Жарасқанның назарына іліккен. Ақын оған:
Содан соң шығу үшін сөзін ақтап,
Сөзімен көрінеді көзіңе аппақ.
Өзің біл, жаттамасаң өлеңдерін,
Алады алдыменен өзі жаттап… – деп, көпшілікке мәлім дағдысын қағытпаға қосады. Шахановтың сахнадағы мәнері мен өлеңді жатқа айту машығын ұтымды пайдаланған бұл эпиграммада да сөздің сұрқылтайы емес, шебердің өзі сөйлеп тұр.
Белгілі сыншы Сағат Әшімбаевқа арнаған эпиграммасында да Жарасқанның әдеби ортадағы таным-түсінігі мен қалжыңға бейімдігі қабыса көрінеді:
Белинскийден бастайды,
Жирмунскиймен жасқайды.
Алдыңды орап Абаймен,
Апарып біраз тастайды.
…Танымал талай дананы
Тізімге солай алады…
Қаламдастарға келгенде,
Қаламы жүрмей қалады…
Сыншының әлемдік әдебиет өкілдеріне сүйеніп сөйлейтін дағдысын, әдеби білімінің молдығын осылайша шымшып өтеді. Бір жағынан, күлдіреді, екінші жағынан, ойландырады. Жарасқанның эпиграммаларының ғажабы да осында: күлкіге бөлегенімен, кісінің көңіліне қаяу түсірмейді; қағытқанымен, қадір-қасиетін кемітпейді.
Жарасқан Әбдірашевті тек сықақшыл ақын деу оның шығармашылық қарымын тар шеңберге сыйғызғанмен бірдей. Ол – сезім мен зердені, сыр мен сыншыл ойды бір арнаға тоғыстырған қаламгер. Өлеңдерінен жүрек лүпілі сезілсе, эпи- граммаларынан зерделі ойдың зілсіз әзілі байқалады. Оның қаламына тән басты қасиет – сөздің парқын білу, ойдың байыбын табу, нысананы дәл көздеу.
Өз өмірінің соңғы сәтін де жырмен бедерлеген ақынның мына бір туындысы – соның айғағы.
Ақырғы өлең,
Ең ақырғы
Ақырғы өлең,
Сұсты еді,
Суық еді атың неден?!
Сонда да қорықпастан,
Торықпастан
Жыл санап мен өзіңе жақын келем!
Ақын ажалдың ақиқатын сезінгендей, өмір мен өлімнің арасындағы нәзік шекараны жырға айналдырады. Бұл шумақтарды оқығанда, оның фәни жалғанмен қоштасуға іштей әзірленгеніндей әсерде қаласың. Алайда ақынның ақырғы өлеңі әдебиетпен қоштасу болған жоқ. Қайта, кейінгіге қалдырған рухани аманатындай қабылданады.
Жарасқанның өзі жырлаған құлпытас туралы өлеңі де терең толғанысқа жетелейді:
Үнсіз-тілсіз тас қой! – деме.
«Құлпытас»!
Үлкен-кіші құлпытастар астында:
Тірлік жатыр!
Тағдыр жатыр!
Тарих жатыр біртұтас!
Расында да әрбір құлпытастың астында бір адамның ғұмыры, бір әулеттің тағдыры, тұтас бір дәуірдің ізі бар. Ал Жарасқан Әбдірашевтің артында қалған мұраның өзі – тірлік те, тағдыр да, тарих та. Оның жырлары мен аудармалары, сыншылық толғамдары мен уытты эпи-граммалары уақыт өткен сайын қайта оқылып, қайта бағамдала бермек.
Сөз зергерінің ғұмыры өлшемге көнбейді. Өйткені кейбір ақындар өмірден өткенімен, өлеңі арқылы ортамызда қала береді. Жарасқан да сондай жан. Қаламынан туған әрбір шумақ – әдеби ортаның айнасы, кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы.
Ақынның өзі айтқандай, құлпытас астында тірлік, тағдыр, тарих жатса, Жарасқан жырларының қойнауында да біртұтас дәуірдің тірлігі де, тағдыры да, тарихы да жатыр…





