Бүгінде жасөспірімдердің аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығатын» бейпіл сөзді жиі еститін болдық. Ауыл баласы да, қала жасы да анайы сөзге әуес. Тіпті ержеткен жігіттерді былай қойғанда, ибалы болмысымен жарасқан қаракөз қыздардың да былапыт сөйлеуі көңілге кірбің ұялатады. Бұрын үлкеннің алдын кесіп өтпей, сөзін жерге тастамаған ұрпақтың бүгінгі кейбір өкілі дөрекілікті дағдыға айналдырып барады. Баланың тілін кім бұзды? Отбасы ма, мектеп пе, әлде айналасындағы орта мен әлеуметтік желі ме? Кінәліні іздегеннен гөрі кеселдің қайдан басталғанын бағамдап көрдік.
Әңгімені ауылдан бастасақ. Қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмаған, үлкеннің өнегесі мен кішінің ізеті сақталған мекен деп ауылды әспеттеп жатамыз. Алайда бүгінде қай ауылға барсаңыз да, көше бойында топтасып тұрған жасөспірімдердің аузынан анайы сөз есту үйреншікті көрініске айналып барады. Бұрын үлкеннің көзіне тіке қарауға именетін бала бүгінде қарияның жанында да бейпіл сөйлеуден тайынбайды. Қала жастарына ғана теліп жүрген тіл безеудің ауыл баласына да жұққаны жасырын емес. Тіпті кейбірі боғауыз сөзді еркіндіктің, ересектіктің белгісі көретіндей. Ауылдың ажары тек таза көшесімен, түтіні түзу шыққан шаңырағымен өлшенбейді. Ұрпақтың ұяты мен сөзінің әдебі де сол ауылдың рухани келбетін айқындайды. Ендеше, біз дәріптеп жүрген ауыл тәрбиесінің өзегіне де үңілетін кез келген сыңайлы. Осы тұрғыдан Алакөл ауданы Бұлақты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Аянбаевамен тілдестік. Оның айтуынша, жасөспірімдердің бейпіл сөйлеуіне, ең алдымен, араласатын ортасы әсер етеді. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың арасында дөрекі сөздің дендеп бара жатқаны алаңдатады. Ұстаздың айтуынша, қазір ұл-қыздардың бойында ашушаңдық басым, телефонға телміру де тым көбейген. Оның салдары баланың мінез-құлқынан, өзара қарым-қатынасынан аңғарылады.
Жанат Серікқызы жасөспірім шақтағы еліктегіштікке де айрықша назар аударды. Бұл кезеңде бала айналасындағы құбылыстың жақсы-жаманын екшеп жатпай, көргенін көңіліне тоқып, естігенін қайталауға бейім келеді. Бір қыздың боянып келуі келесі күні бірнеше құрбысына үлгі болса, енді бірі тырнағын сәндеткенде, өзгелері де соған еліктейді. Мұнда сәнденуді сөкет санау жоқ, мәселе жасына лайық әдеп пен өлшемді сақтауда. Сол сияқты бір оқушының аузынан шыққан бейпіл сөзді өзгелері де іліп әкетіп, өзара тілдесудің үйреншікті үлгісіне айналдырып жатады. Асылында, жас шыбықтың қайда иілсе, солай өсетіні тәрізді, жасөспірімнің де мінезі мен сөйлеу мәнері айналасындағы ортаға қарай қалыптасады.
Бұл ретте ата-ананың алаңдауы да орынды. Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлжан Мұқашқызы немересінің тәрбиесі арқылы мәселенің бір ұшын тарқатты. Оның айтуынша, балаға кішкентайынан жөн сөзді үйретіп, әрбір қылығына назар аудару қажет. Өйткені бүлдіршін үлкендердің айтқанынан бұрын, күнделікті көргенін қайталайды.
– Үнемі баламның аузын бағып отырамын. Бейпіл сөйлегенін байқасам, дереу тыйып, мұның дұрыс емесін түсіндіремін. Мұндай тәрбие әр шаңырақта болуы керек. Балалар есік алдында ойнап жүріп, өзімен қатарластарынан да, өзінен үлкендерден де небір сөз үйренеді. Сосын үйге келіп, естігенін айтады. Сондай кезде ата-ана оның мәнін түсіндіріп, мұндай сөзді екінші қайталамайтындай етіп жөнге салуы тиіс. Өкінішке қарай, кейбір отбасылар баланың боқтап сөйлегенін ерсі көрмей, қайта қызық санап, күліп отырады. Мұндайда бала өзінің теріс әрекетін теріс деп түсінбейді, – дейді ардақты әже.
Ата-ананың осы бір пікірі ойландырмай қоймайды. Балаға әдеп үйрететін үйдің өзі оның анайы сөзіне мәз болса, одан қандай өнеге күтеміз? Қисық өскен бұтақты түзетуге болар, ал бала санасына сіңген теріс әдетті арылту әлдеқайда қиын.
Ауылдағы ахуал осындай болса, қаланың жөні бөлек деп жұбануға тағы негіз жоқ. Керісінше, көпқабатты үйлердің арасынан да, мектеп дәліздері мен көше бойынан да бейпіл сөзге бой алдырған жасөспірімдерді жиі кездестіреміз. Қала мәдениеттің ордасы, өркениеттің өзегі деп кеуде қағамыз. Бірақ мәдениеттің өлшемі зәулім ғимарат пен жарқыраған көшеде емес, адамның сөзі мен әдебінде жатқанын естен шығарып алғандаймыз. Бір-бірімен амандасудың орнына боғауызбен тіл қатып, жөн сұрасудың орнына балағатпен тілдесетін жастардың қатары көбейсе, мұны қайтіп қалыпты жағдайға баламақпыз? Ауыл мен қаланы бөліп-жарғанымызбен, тілге тиек етіп отырған кеселдің шекарасы жоқ. Тағы да осы мәселе жөнінде Талдықорған қаласындағы №15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Данагүл Қойғаринамен сөйлестік. Оның сөзінше, жастар арасында былапыт сөзді күнделікті қарым-қатынаста қолдану бірте-бірте қалыпты құбылысқа айналып барады. Кейбірі дөрекі сөйлеуді еркіндіктің, өжеттіктің немесе заманауи болмыстың нышанындай қабылдайды. Алайда мұның бәрі жаңсақ түсінік.
– Ұстаз ретінде айтарым, адамның кім екенін киіміне, дәулетіне немесе дауысындағы қатқылдыққа қарап танымаймыз. Оның таным-түйсігі мен кісілік келбеті сөйлеген сөзінен, ойлау мәдениетінен аңғарылады. Әрине, мектепте де, отбасында да балаға жөнсіз сөйлеу үйретілмейді. Көбіне мұндай әдет араласатын ортасына байланысты қалыптасады. Жасөспірім айналасындағы адамдарға еліктейді, олардың сөз саптауын бойына сіңіреді. Сол себепті баланың кіммен араласатынына, қандай ортада жүргеніне бейжай қарауға болмайды, – дейді Данагүл Қойғарина.
Мәселенің психологиялық қырын да назардан тыс қалдырмадық. Оның байыбына бару үшін М. Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының психологы Айжан Мұқашевамен тілдестік. Психологтің пікірінше, балалардың қоғамдық орындарда, тіпті мектеп қабырғасында боқтап сөйлеуі бір ғана ата-анаға немесе ортаға байланысты туындамайды. Мұның астарында отбасындағы тәрбие, араласатын орта, ақпараттық кеңістік пен қоғамдағы сөйлеу мәдениетінің өзара ықпалы жатыр.
– Бейпіл сөйлеу баланың жаман екенін білдірмейді. Көбіне бұл қалыптаспаған сөйлеу мәдениетінің, өзін-өзі бақылау дағдысының жеткіліксіздігінің немесе қоршаған ортаға еліктеудің көрінісі. Сондықтан баланы бірден кінәлап, жазалаудан бұрын мұндай сөздерді қайдан үйренгенін, не себепті қолданатынын түсінген жөн. Тек тыйым салу мәселені шешпейді. Балаға сөздің адамға әсерін, өзгені құрметтеуді, ойын мәдениетті түрде жеткізуді үйрету маңызды. Ең бастысы, «бұлай сөйлеме» деп талап етумен қатар өзіміз де соған үлгі болуымыз керек. Ата-ана да, мектеп те, қоғам да жауапкершілікті бір-біріне ысыра салмай, ортақ тәрбие кеңістігін қалыптастыруы қажет. Өйткені баланың сөйлеу мәдениеті – оның айналасындағы ересектердің мәдениетінің де айнасы, – дейді психолог.
Қысқасы, қалай десек те, баланың тілі – тәрбиенің таразысы. Ауыздан шыққан сөз адамның өресін танытып, өскен ортасының өнегесін аңғартады. Қазақ: «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз қадірің өз қадірің», – деп сөз қадірін кісілік қасиеттің өлшеміне балаған. Ендеше, ұрпағымыздың аузынан аталы сөз естіп, әдепті сөйлеуін қаласақ, әуелі өзіміз сөзімізге ие болайық. Тәрбие талбесіктен басталса, тіл тазалығы әр шаңырақтың табалдырығынан басталуы керек. «Баланың аузын былғаған кім?» деген сауалдың жауабы да осында. Келешек ұрпақтың сөзіне қарап, бүгінгі қоғамның мәдениеті бағаланатынын ұмытпайық.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





