Талдықорған: +12°C
$ 447.14
€ 499.54
₽ 5.46
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Тәуелсіз елін көрсе қуанатын еді

8 қараша 2026
КҮНДЕРЕК
Тәуелсіз елін көрсе қуанатын еді
WhatsAppTelegramFacebook

Ұлттың ұлы перзенттері тарихта қалдырған мұра тек кітап беттерінде ғана өмір сүрмейді. Ол ұрпақтың жүрегінде, отбасылық естеліктерде, әулеттің тәрбиесі мен тағылымында жалғасады. Алайда кейбір әулеттер үшін ата-баба есімін ұлықтау мақтанышпен ғана өлшенбейді. Оның астарында жазықсыз жазаланған жанның тағдыры, ұрпақ жадынан өшпеген қасірет, жоғалған жәдігерлер мен орындалмай қалған аманаттың салмағы жатыр.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Майлиннің тағдыры – тұтас бір дәуірдің қасіретін танытатын тарих. Сталиндік қуғын-сүргін оның өмірін ғана қиып қойған жоқ, отбасының да шаңырағын шайқап, жақындарын азапты тағдырға душар етті. Бірақ уақыт озған сайын жазушының есімі өшудің орнына асқақтай түсті. Оның шығармалары халықпен қайта қауышып, рухани мұрасы ұрпаққа жол тартты. Бүгінде Бейімбет Майлиннің есімін ардақтап, шығармашылығын насихаттауға атсалысып жүрген ұрпақтарының бірі – Бейімбет Майлин атындағы қордың президенті Салтанат Мұстафина. Ол үшін Би ата – әйгілі жазушы ғана емес, әулеттің ар-намысын айқындайтын, адалдық пен адамдықтың биік өлшеміне айналған аяулы тұлға. Салтанат Мұстафинаның естеліктерінен бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың жүрек жарасы мен рухани беріктігін танимыз. Оның әңгімесінде өткеннің өкініші де, бүгіннің шүкірі де, келешекке деген үміт те бар.

– Алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз. Бейімбет Майлиннің шөбересі екеніңізді алғаш білген кезіңіз есіңізде ме? Бұл сіз үшін қандай сезім еді?

– Менің есімім – Салтанат. Бұл есімді әкем Әбүйірдің туған әпкесі, Дәмен апам қойған екен. Қыз кезімдегі тегім – Сейтжанова, тұрмысқа шыққаннан кейін жұбайымның тегіне, Мұстафинаға ауыстым. Бейімбет Майлиннің шөбересі екенімді алғаш білген кезімде төрт-бес жастағы бала едім. Әжем Рәзияны «апа» дейтінмін. Сол жылдары атам мен апамның үйінде бірге тұрдық. Апам маған үйдегі кітаптарды көрсетіп, олардан үзінді оқып беретін. Содан кейін бұл шығармалардың әкесінікі екенін, оның әйгілі қазақ жазушысы болғанын айтатын. Сондай сәттерде апамның жанарына жас толып кететін. Ол көз жасын орамалымен үнсіз сүртіп қоятын. Ал мен оның жылағанын, мұңайғанын көргім келмейтін. Рәзия апам әкесін еске алғанда неге соншалықты қайғыратынын түсінбейтінмін. Балалық шағымнан жадымда қалғаны – Бейімбет есімінің апамның жүрегінде мұңмен астасып жатқаны еді. Бейімбет Майлиннің тағдыры біздің әулетіміздің қасіреті болды. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бұл жүрек жарасы әлі күнге бойымызда бар. Атамнан берілген қайсарлық еңсемізді түсіртпей, қайратты етті.

Мектепте оқып жүргенімде Рәзия апам маған өзінің, яғни Майлина тегін бергісі келді. Алайда әкем рұқсат етпеді. Мүмкін саясаттың салқыны әлі де тиіп кете ме деп қорыққан шығар. «Қыз бала тұрмысқа шыққан соң бәрібір тегін өзгертеді», – деді. Қазір ойласам, сол кезде рұқсат бергенде, бәлкім, Майлина тегін сақтап қалар ма едім деп ойлаймын. Рәзия апамның тегімді өзгерту туралы өз қолымен жазған өтініші әлі күнге дейін жеке мұрағатымда сақтаулы.

– Алаш арысын ел жазушы, ақын, драматург ретінде жақсы біледі. Ал сіз үшін ол ең алдымен қандай тұлға?

– Үлкендерден естуімше, Бейімбет Майлин еңбекқор, білімді, бірнеше тіл білетін, сауатты әрі көзі ашық адам болған. Қазақтың көрнекті жазушысы тарихымызда ары таза, атына кір келтірмеген, ұлтына адал қайраткер болып қалды. Бұл – артында қалған ұрпағы үшін зор мақтаныш.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында еш кінәсі болмаса да жаламен азап шекті. Бала-шағасы, жары да қасірет тартты. НКВД қысымына сынбады, сатқындыққа бармады, ешкімді ұстап бермеді, ешкімге жала жауып, соңынан арыз жазбады. Жабылған жалаға мойымай, қысым көрсе де ардан аттамай, құрбан болды.

Рәзия апамның әңгімелерінде Би атамыз өте сабырлы, байсалды адам ретінде суреттеледі. Ол балаларды ерекше жақсы көрген. Қыздарын еркелетіп, аттарын атамай, үнемі «қалқам» дейді екен. Балаларының білім алуына көңіл бөліп, тәрбиесі мен оқуын үнемі қадағалап отырған. Қолынан келгенше жан-жағындағыларға көмек беріпті. Би атамыздың балалық шағы оңай болмаған. Ол биік мансапқа құмартпаған. Лауазымды қызметтерді атқаруға білімі де, қабілеті де жететін, оған мұндай ұсыныстар да жасалған екен. Алайда өзінен кейінгі жастарды алдыңғы шепке шығаруды жөн санапты. Үй шаруасымен зайыбы Күлжамал айналысқан. Би атамыз күнделікті тіршілікті жарына тапсырып, бар уақытын ағартушылық қызметке, жазуға арнаған. Апамның естеліктеріне қарағанда, олардың үйінен қонақ үзілмейтін. Достары, ағайын-туыстары, жақындары, сондай-ақ көмекке мұқтаж адамдар жиі келетін. Би атамыз ешкімді алаламай, қолынан келгенше жәрдем беруге тырысқан. Ол көпшіл адам болған. Үйінде туыстары мен достарының басын жиі қосқан. Сондай сәттерде домбыра шертіп ән салған екен. Әсіресе «Балқадиша» әнін жақсы көріпті.

Рәзия апамның кескін-келбеті әкесінен аумай қалған. Бейімбет Майлиннің айна-қатесіз өзі еді. Апамның жұбайы Әбілқасым атам оны Рауза деп, кейде Майлина деп те атайтын. Екеуі бір-бірін қатты жақсы көрген. Олар туралы айтылатын естеліктер жүрегімізді жылулық пен махаббатқа бөлеп, жанымызды әрдайым жылытып жүреді. Ал Бейімбетті атамыздың жары Күлжамал апам жолдасын өз атымен ғана атаған екен. Балалары «әке» десе, немерелері мен шөберелері «Би ата» дейміз.

– Отбасында атаңыздың есімі қалай дәріптелді?

– Біздің шаңырақта Би атамыздың шығармалары туралы жиі айтылатын. Оның туындыларындағы кейіпкерлердің есімдері де әулетімізде кездеседі. Мысалы, бір апамның және сіңлімнің есімі – Шұға. Одан бөлек, Азамат, Бейімбетхан деген есімдер бар. Үй ішінде «Мырқымбай» деген есімді де жиі еститінбіз. Маған Би атамыздың «Шұғаның белгісі» повесі ерекше ұнайды. Атамыз бен апамыз үйде балаларға түрлі жарыстар ұйымдастыратын. Кім атамыздың шығармасын жақсылап оқып, мазмұнын әсерлі айтып берсе немесе өлеңдерін жатқа оқыса, сол балаға сыйлық беретін. Осылайша балалардың кітап оқуға, шығармаларды түсініп, есте сақтауға деген ынтасын арттырып отыратын.

Біздің шаңырақта «Амангелді» фильмі туралы да жиі айтылатын. Фильмнің түсіріліміне Күлжамал апа балалары Еділ және Гүлсіммен бірге қатысқан екен. Естеріңізде болса, фильмнің алғашқы минуттарында түйе мен атқа мінген жұрт, яғни керуен көрінеді. Сол көріністе көштің екінші жағында кетіп бара жатқан түйенің үстінде кішкентай Гүлсіммен бірге Күлжамал апа отырған. Теледидардан осы фильмді көргенде, сол көрініске назар аударып көріңіздерші. Ал Амангелдіге алма ұсынып тұрған бала – Бейімбет атамның кіші ұлы Еділ. Өкінішке қарай, НКВД-ның кесірінен Би атамыздың жеке заттарының ешқайсысы біздің ұрпаққа жеткен жоқ. Оның жеке дүниелерін, кітаптарын, қолжазбаларын, фотоальбомдары мен бағалы заттарын тәркілеп алып кеткен. Балаларын жан-жаққа, балалар үйлеріне жіберген. Зайыбы Күлжамал апаны сегіз жылға «Алжир» лагеріне, кейін «ҚарЛагқа» қамаған. Үлкен ұлы Әукенді халық жауының баласы ретінде Жапонияға қарсы соғысқа, айыптылар батальонына жіберген. Қанды жүйе қолынан келгеннің бәрін жасап, әулетті барынан айырды. Сондықтан Би атадан бізге жеткен ең үлкен мұра – ағартушылық еңбегі, көз майын тауысып жазған кітаптары. Шығармалары арқылы сол кезеңдегі шынайы өмірді, заманның зардабын сезіндік.

Бейімбет Майлин тұтқындалғаннан кейін балаларын шақырып алып: «Оқыңдар, оқыңдар, өздеріңді және аналарыңды аман сақтаңдар», – деп аманат айтқан екен. Ал жарына: «Балалар мен менің кітаптарымды аман алып қал», – деген өсиет айтыпты.

Өкінішке қарай, Би атамыздың жарық көрмей қалған алты қолжазбасы сақталмаған. Күлжамал апа өмірінің соңына дейін күйеуінің «алты кітабы туралы аманатын орындай алмадым» деп қиналып өтті. Дүниеден өтер алдында саусағымен алты санын көрсетіп, көзіне жас алыпты. Ауыр дертінің салдарынан соңғы айларда сөйлей алмай қалған. Сол қолжазба кітаптар әлі күнге дейін Мәскеудегі НКВД-ның жертөлелерінде деп айтылады. Бірақ қолға түспеді. Бұл – біздің әулет үшін орны толмас өкініш. Дегенмен атамыздың бізге қалдырған ең басты аманаты орындалмай қалды деп айта алмаймын. Өйткені оның шығармалары бүгінге жетті, халықтың рухани игілігіне айналды. Ендігі міндет – сол мұраны жоғалтпай, келесі ұрпаққа жеткізу.

– Бейімбет Майлин шығармаларындағы қарапайым халықтың тұрмысы, ауыл өмірі мен адам мінезі шынайы суреттеледі. Бұл қасиет оның өз болмысынан бастау алды деп ойлайсыз ба?

– Би ата өз шығармаларын асқан шеберлікпен жазған. Оның туындыларын оқи отырып, өзінің қалай өмір сүргенін, нені сезінгенін түсінуге болады. Жетімдікпен өткен балалық шағы мен жастық кезеңі көптеген шығармаларында көрініс тапқан. Ол қарапайым халықтың өмірінен тақырып алып, елдің арман-тілегін, үміті мен мұң-мұқтажын шығармаларына арқау етті.

«Шұғаның белгісі» повесіндегі табиғатты суреттеуінің өзі қандай керемет! Шығарманың үшінші бөлімінде: «Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың иісі де жоқ» деп жазады. Би атамыз қазақ тілін үйретуге арналған әдістемелік құралдар жазған, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Ол журналист ретінде де, әкімшілік қызметкері ретінде де ел ішін көп аралаған. Соған қарамастан әдебиеттің көптеген жанрында, журналистикада, кино мен театрға арналған сценарий жазу бағытында еңбек етіп үлгерген. Осындай қыруар жұмыс атқара жүріп, табиғатынан өте қарапайым болған және өзінің атақ-абыройын ешқашан жеке басының пайдасына пайдаланбаған. Сонымен қатар қарапайым халық арасынан талай талантты танып, олардың өнерін қолдап, өмір жолына бағыт-бағдар берген. Солардың арасында кейін елге танылған Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Мәриям Хакімжанова сынды көрнекті тұлғалар бар. Осының бәрі Би атамыздың адам болмысын жіті байқағанын және өз бойындағы қабілетін ел игілігіне жұмсағанын көрсетеді.

– Алаш арысының ұрпағы болу – мақтаныш қана ма, әлде үлкен жауапкершілік пе? Ата-бабаның атымен өмір сүру мен өз жолыңды қалыптастырудың арасы қалай болуы керек?

– Мен үшін Би атаның және өзімнің Рәзия апамның алдындағы ең үлкен жауапкершілік – ата ұрпағы деген атқа лайық болу. Қандай жағдайда да, қандай қиындыққа тап болсақ та Бейімбет Майлиндей үлкен атамыздың ар-намысы мен абыройына ешқашан дақ түсірмеуіміз керек. Бейімбет Майлиннің ұрпағы қашанда адал, арлы, парасатты адам болуы қажет. Соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл – біздің әулеттің бұлжымас серті. Менің ойымша, ата-бабаның атымен мақтану жеткіліксіз. Сол есімге лайық іс істеу керек. Ұлы тұлғаның ұрпағы болу адамды өзгелерден биік етпейді, керісінше, өзіне талапты күшейтіп, жауапкершілігін арттырады. Би атамыз кішіпейіл адам болған. Атамның болмысы – өмірлік ұстанымымның өлшемі.

– Жазушының ұрпақтары арасында оның жолын жалғастырған қаламгерлер, өнер немесе ғылым саласында жүрген азаматтар бар ма? Қазір оның мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– 2014 жылы Бейімбет Майлин атындағы қорды ресми түрде құрып, оның жұмысын жүргізе бастадық. Би атаның туған жеріндегі аудан әкімдігі қызметкерлерінің және ел зиялыларының қолдауы мен күш-жігерінің арқасында 2019 жылы Қостанай облысының Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі берілді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның үлкен жетістіктерінің бірі. Қор Бейімбет Майлиннің шығармашылығына арналған көптеген іс-шараларға бастамашы болып, түрлі жобаларға қатысып келеді. Мұндай игі істер еліміздің мектептері, театрлары, кино саласында, радио мен теледидарда ұйымдастырылады. Мақсатымыз – Би атаның есімін ұлықтау ғана емес, оның шығармашылық мұрасын халыққа кеңінен таныту, кейінгі ұрпақтың жазушы еңбектерімен тереңірек танысуына ықпал ету. Би атаның арқасында көптеген жаны жайсаң адамдармен таныстым. Елімізде де, шет мемлекеттерде де оны қадір тұтатын, шығармашылығына құрметпен қарайтын талантты адамдардың көп екеніне қуанамын. Қордың жұмысы барысында халықтың атамызға деген құрметі мен ықыласының қаншалықты зор екенін сезінемін. Бейімбет Майлиннің мұрасы бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани байлығы. Сондықтан оны сақтау мен насихаттау – ортақ міндет.

– Қазақтың көрнекті жазушысының шығармашылығын жастарға жақындату үшін қандай жаңа тәсілдер қажет деп ойлайсыз?

– Бүгінгідей ақпараттық технология дамыған заманда Бейімбет Майлин шығармаларын көптеген тілдерде, әсіресе ана тіліміз – қазақ тілінде аудиокітап түрінде көбірек шығару қажет деп ойлаймын. Би атамыздың әр шығармасы кинофильмге сұранып тұр. Дарынды жастар осы салаға ден қойса деген ниетім бар. Оның шығармаларын қазіргі заманғы көркемдік тәсілдермен экранға шығару арқылы жастардың қызығушылығын арттыруға болады. Сонымен қатар орта білім беру саласында оқушыларға Бейімбет Майлиннің шығармалары туралы көбірек мәлімет беру қажет. Бүгінде мектеп оқулықтарын ашып қарасаңыз, оның шығармаларына бөлінген орынның аз екенін байқайсыз.

– Қоғам қайраткері бүгінгі ұрпағын көрсе, қазіргі қазақ қоғамына қатысты қандай пікір айтар еді деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, Би атамыз қазіргі Тәуелсіз қазақ елін көрсе, шексіз қуанар еді. Бүгінде көптеген дарынды жас өсіп келеді. Оларға барынша қолдау көрсетіп, жігерлендірер еді деп ойлаймын. Кезінде қазақ зиялылары армандап өткен күнге өздері жете алмаса да ұрпағы жетті. Бүгінде қазақ тілі елімізде басымдыққа ие. Бұл бәрімізді ерекше қуантады. Бұрын бәрі мүлде басқаша еді. Сондықтан Бейімбет Майлин бүгінгі күнді көрсе: «Жасасын, қазақ елі!» дейтін еді деп ойлаймын.

– «Асылдың сынығы» айдары үшін соңғы сұрақ. Бейімбет Майлиннің шөбересі ретінде атаңыздың рухына бірауыз сөз арнасаңыз, не айтар едіңіз?

– Би атамның рухы әрдайым қолдап жүретініне сенемін. Барлығы жақсы болып, ісіміз оң нәтижесін беріп жатса, Би атамның рухы разы болып тұрған шығар деп ойлаймын. «Аса қадірлі Би ата, жақында біз Кеңсайдағы Күлжамал апаның қабірін жаңартып, оған құлпытас орнаттық. Сіздердің қай жерде жерленгендеріңізді білмейміз, қабірлеріңізде де белгі жоқ. Сондықтан туыстарымызбен ақылдаса келе Күлжамал апаның құлпытасына сіздің де бейнеңізді адал да аяулы жарыңызбен бірге қашап орналастыруды ұйғардық. Бұл бастама өзімнен шыққан еді. Үлкендер батасын берді» деген сөзді арнағым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан ТҰРСЫН

Қатысты жаңалықтар

350 мың теңге табыс, бірнеше пәтер, көлік: Қазақстанда кімдер ауқатты отбасы саналады?

350 мың теңге табыс, бірнеше пәтер, көлік: Қазақстанда кімдер ауқатты отбасы саналады?

8 қараша 2026
Махаббат ол…

Махаббат ол…

8 қараша 2026
Кәсіби шеберлік бәсекесі

Кәсіби шеберлік бәсекесі

8 қараша 2026
Ел құрметіне бөленген

Ел құрметіне бөленген

8 қараша 2026
Көктұмада жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Көктұмада жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

8 қараша 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.