Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытында оң динамика бар екенін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, екі елдің үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде тасымалданатын тауар түрлері мен өнім көлемі артып, теміржол арқылы жеткізілетін экспорттық-импорттық жүк көлемі де ұлғайған. Сонымен қатар іскерлік байланыстар жанданып, бизнес-форумдар мен арнайы сауда миссиялары аясында қол жеткізілген коммерциялық келісімдер кезең-кезеңімен іске асырылуда.
– Елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын жеткізді.
– Мәдениет күндері алма-кезек өткізіліп, көрнекті тұлғалардың ескерткіштері ашылды. Душанбеде Абай бюсті, Астанада Ибн Сина ескерткіші бой көтерді. Білім беру мен жастар саясаты салаларындағы ықпалдастық жоғары деңгейде. Жастар, ғалымдар мен зиялылар форумдары жиі өткізіледі. Сондықтан өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелер үшін мақтануға да, қуануға да толық негіз бар. Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды. Әлбетте, бұдан бауырластық байланыстарымыздың бірегей сипатын көреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





