Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту және халықты экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету – аймақтың басты басымдықтарының бірі. Жетісу облысын 2030 жылға дейін кешенді газдандырудың өңірлік схемасына сәйкес облыстағы 356 елді мекеннің 210-ын газдандыру көзделген. Қалған 146 ауылды газдандыру мәселесі 2030 жылдан кейін қарастырылмақ. Ал Әулиеағаш, Аққұдық, Ақжазық және Шолақай ауылдарында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды оқиға орын алды. Аталған елді мекендерге табиғи газ беру ресми түрде басталды. Ауқымды инфрақұрылымдық жоба 8,7 мыңнан астам тұрғынды қамтып, машақатты жұмыстан арылтты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Азамат Бейсбаев өңірді газдандыру деңгейі 67,4 пайызға жеткенін айтты.
– Қазіргі уақытта 115 елді мекендегі 468,5 мың тұрғын табиғи газ игілігін көріп отыр. Панфилов ауданында да атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны жоғары. Аудандағы 40 елді мекеннің 26-сын газдандыру жоспарланған. Бұл 119,9 мың тұрғынды қамтып, жалпы ұзындығы 682 шақырым газ құбырын тартуды көздейді. Аудан орталығы 2022 жылы газдандырылды. Тек өткен жылдың өзінде 13 ауылда құрылыс жұмыстары аяқталып, 15,4 мың тұрғын үшін 178 шақырым газ құбыры тартылды. Атап айтқанда, Ават, Ынтымақ, Сүптай, Нәдек, Ақкент, Керім- ағаш, Қызылжиде, Сарпылдақ, Ақарал, Жиделі және Алтыүй ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, 11,3 мың тұрғынның тұрмыс жағдайы жақсарды, – дейді басқарма басшысы.
Әулиеағаш ауылында «МБК Құрылыс» ЖШС мердігер ұйымы 2 847 тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін 26,7 шақырым газ желісін тартып, 5 газ реттеу шкафтық пунктін орнатты. Жобаның жалпы құны – 1 млрд. 463,9 млн. теңге. Аталған мердігер Шолақай ауылында да құрылыс жұмыстарын жүргізіп, 3 853 тұрғын үшін 37,4 шақырым газ құбырын тартып, 5 газ реттеу шкафтық пунктін орнатты. Жобаның құны – 841,4 млн. теңге.
Аққұдық ауылында 562 тұрғынды газбен қамту мақсатында 11 шақырым газ желісі тартылып, газ реттеу шкафтық пункті орнатылды. Бұл жобаның құны – 602,5 млн. теңге.
Ақжазық ауылында «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС мердігер ұйымы 1 456 тұрғын үшін 18 шақырым газ құбырын тартып, 4 газ реттеу шкафтық пунктін орнатты. Жобаның жалпы құны – 493 млн. теңге. Жыл соңына дейін Қырыққұдық пен Талды ауылдарының тұрғындары да табиғи газға қол жеткізеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар аудандағы тағы 8 ауылда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Оларды кезең-кезеңімен жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту деңгейі 85 пайызға, яғни 60,7 мың адамға жетеді. Ал газ желілерінің жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайды.
– Азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдық жерлерде қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары. Газдандыру жұмыстарының мерзімінен бұрын іске қосылып, сапалы орындалуы облыс басшылығының жүйелі қолдауы мен мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Әулиеағаш, Шолақай, Ақжазық және Аққұдық ауылдарына көгілдір отынның келуі мыңдаған отбасының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына да оң ықпал етеді, – деді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Тұрпан, Садыр және Диқанқайрат ауылдары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бюджеттік өтінім Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне жолданды. Ал Сарыбел, Басқұншы және Көктал – Арасан ауылдарына қатысты құжаттар әзірлеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Бұл Панфилов ауданының әрбір ауылын заманауи инфрақұрылыммен қамтуға мүмкіндік береді.
Табиғи газға алғашқылардың бірі болып Қойшыбай Шалабаевтың отбасы қосылды.
– Бүгін біз үшін шын мәнінде мерекелі күн. Қыс мезгілінде үйді жылыту үшін 6 тонна көмір мен бір тоннаға жуық отын қажет болатын. Оған қомақты қаражат жұмсайтынбыз. Көмір тасу, күл шығару, үй ішін үнемі күйеден тазалау – әсіресе қарт адамдар үшін ауыр жұмыс. Енді үйіміз жылы, таза. Осындай маңызды істі соңына дейін жеткізіп, уәделерінде тұрған облыс және аудан басшылығына, газ мамандарына шын жүректен алғыс айтамыз, – деді ауыл тұрғыны.
Көгілдір отынның келуі – ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Панфилов ауданында газдандыру жұмыстарының жүйелі жалғасуы ауыл өмірінің сапасын арттырып, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Еңлік КЕНЕБАЙ





