Облыста дене шынықтыру пәні педагогтерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, озық тәжірибелерін насихаттауға бағытталған «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2026» облыстық байқауы өтті.
Білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылған облыстық байқауға аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары атанған 10 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру педагогі қатысты. Қатысушылар «Креативті педагог», «Заманауи дене шынықтыру сабағы» және «Үздік спорттық-бұқаралық іс-шара» бағыттары бойынша өздерінің кәсіби біліктілігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті.
Екі күнге созылған байқау барысында педагогтер кәсіби тәжірибелерін таныстырып, өздерінің ұстаздық ұстанымдары мен жұмыс әдістерін ортаға салды. Сонымен қатар спорттық-бұқаралық іс-шаралардың тың идеяларын ұсынып, олардың өзектілігі мен жүзеге асыру мүмкіндіктерін дәлелдеді. Ал сабақ өткізу кезеңінде бейтаныс сыныппен жұмыс жүргізіп, педагогикалық шеберліктерін, әдістемелік дайындығын және заманауи оқыту тәсілдерін меңгеру деңгейін танытты.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Көксу ауданының дене шынықтыру пәні мұғалімі Асқар Бахыт-ұлы ІІІ, Ақсу ауданынан Мәди Исағалиев ІІ, текелілік Сержан Сарсенбайұлы І орынды иеленді. Ал байқаудың бас жүлдесі Қаратал ауданынан келген Бауыржан Әбдімұратовқа бұйырды. Бас жүлде иегері Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайды.
Осындай игі бастамалар ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттырып, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосары сөзсіз.
Асхат АБЖАКОВ,
облыстық білім басқармасының
дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы
және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік
орталығының бөлім жетекшісі





