Көксу ауданындағы «Каримов-К» жеке кәсіпкерлігінің тауарлы-сүт фермасына «Робот сауыншы» келіпті дегенді естігелі біраз болса да оның мүмкіндігімен танысуға енді ғана уақыт таптық. Сонау 2016 жылдары алғашқы іргетасы қаланып, содан бергі уақытта жыл сайын бір жаңалығымен қуантып келе жатқан шаруашылықтың бұл қадамы да елді елең еткізді. Осы орайда жаңалықтың Мемлекет басшысының ауылшаруашылығын цифрландыру бағыты аясында жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.
Жуырда Астана қаласында өткен ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің І форумында Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы саласын жаңа технологиямен қамтамасыз ету мәселесін тағы да тапсырды. Демек, бүгінгі таңда жайылымдағы малды адам күшімен мыңғыртып өсіруге қарағанда заманауи технологиялардың есебімен тұқымын асылдандырып, сапасын көтерудің маңыздылығы артқан. Осы бағытты ұстанған «Каримов-К» жеке кәсіпкерлігі облыс, республика аумағында, тіпті Орталық Азия елдері арасында жаңа технологиялар арқылы асыл тұқымды сауын сиыр өсіретін бірден-бір шаруашылық.
– Өткен жылы Президенттің мал тұқымын асылдандыру, ауылшаруашылығы саласына жаңа технологияларды қолдану тапсырмасына орай 240 бас асыл тұқымды сауын сиыр сатып алып едік. Қазір фермада 1100-ге жуық асыл тұқымды ірі қара болса, соның 600-ден астамы асыл тұқымды сауын сиыр. Алғаш құрылғанда адам күшін көбірек пайдаланғанымыз анық. Қазір заманауи технологияларды қолданып, жұмысты цифрландыруға ауыстырдық. Биыл Швецияда өндірілген сиыр сауатын және мал азығын дайындайтын екі робот сатып алдық. Құны тым қымбат десек те АҚШ және Еуропа елдеріндегі іргелі шаруашылықтар пайдаланатын құрылғы Орталық Азия және көрші Ресейдегі әріптестерімізде әлі қолданыла қойған жоқ, – дейді «Каримов-К» жеке кәсіпкерлігі тауарлы-сүт фермасының басқарушысы Рахым Кәрімов.
«Робот сауыншы» атап кеткен жаңа құрылғының жұмыс тәртібімен танысып көрдік. Арнайы бөлмеге орналасқан құрылғы сауын сиырларды сауатын, қадағалайтын барлық жұмысты адам күшінсіз өзі атқарады.
– «Робот сауыншы» тек сиырды сауып қана қоймайды. Сонымен бірге, оның жағдайынан хабар беріп тұрады. Барлық жұмыс компьютерленген. Сиырды сауа тұрып оның денсаулық жағдайын, күйлегенін, азықтануы мен сүттің майлылығы, жазды күні мал азығының температурасын реттеп отыру, жаңа туған бұзаулардың денсаулық жағдайын, салмағын, болашақта қандай деңгейде сүт беретінін, олардың ататегі туралы барлық ақпаратты көрсетіп отырады. Егер сауын сиырда қандай бір өзгеріс болып жатса оның себеп-салдары құрылғыда шығып тұрады. Біз сол бойынша оның ауруын емдейміз, азықтануын қадағалаймыз немесе басқа да себептердің алдын алып тұрамыз, – дейді «Каримов-К» жеке кәсіпкерлігінің мал дәрігері Болатбек Нұрбопа.
Шаруашылыққа жаңа технология енгізілгелі мұнда жұмыс істейтіндердің қатары азайған. Барлық шаруа қолмен істелетін алғашқы кезде фермадағы сауын сиырды қарау, баптау, ұрықтандыру жұмысымен 20 шақты жұмысшы айналысса, қазір сол шаруаның бәрін 5 адам атқарады. Желіні сүтке толған сиыр арнайы орынға келеді. Бұдан соң оның емшегі жаңа құрылғылар арқылы автоматты түрде жуылып-шайылып, тазаланады. Содан соң арнайы құрылғымен сауылады. Барлық ауыр-жеңіл жұмысты робот істесе, ал адамдар құрылғының кедергісіз жұмыс істеу барысында туындайтын қиындықтарды реттеп отыруға жауапты.
– Жаңа технология енгізілгелі жұмыс күшінің азайғаны анық. Бірақ мұнда жұмыс істейтін адамдардың біліктілігіне қойылатын талап арта түсті. Енді қолмен емес, мимен, ақылмен, біліммен жұмыс істейтін адам көптеп керек болуда. Былайша айтқанда, ІТ саласын білетін мамандар қажет. Олардың табысы да көбейді. Осында жұмыс істеймін дегендер соған маманданғаны жөн, – дейді ферма басқарушылары.
Ауылшаруашылығын өркендету үшін жаңа технологияны қолдану заман талабы. Бұл талаптан шет қалсақ, онда өркениетті елдердің деңгейіне көтерілу мүмкін емес. Оның үстіне нарықтағы бәсекелестікте табан тіреп тұра алмаймыз.
– Бүгінгі таңда біз әр сиырдан күніне орташа 37 литр сүт сауамыз. Ал сүттің сапасы мемлекет белгілеген барлық стандартқа сай. Осының өзі жаңа технолгияны қолданудың есебінде қол жеткізген нәтиже, – дейді Рахым Кәрімов.
Дей тұрғанмен, елімізде роботтарды енгізу субсидияланбайды. Оны шаруашылықтар өз қаржысымен сатып алу керек. «Каримов-К» жеке кәсіпкерлігі биыл әлемде теңдесі жоқ екі робот техниканы сатып алуға қыруар қаржы жұмсапты.
– Жаңа технология сатып алуға мемлекет тарапынан төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие беретін бағдарлама бар. Бұл бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ. Ол да шаруашылықтарды цифрландыруға көп қолдау көрсетіп отыр. Біз де сол мүмкіндікті пайдаландық, – дейді Рахым Кәрімов.
Алдағы уақытта жаңа технологияларды да мемлекет тарапынан субсидиялайтын мүмкіндіктің болатынына шаруашылықтағылар сенімді.
Қажет АНДАС





