Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі су есепке алу құралдарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына нақты өзгерістер енгізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңадан қабылданған нормативтер азаматтардың шығындарын азайтуға, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына түсетін салмақты жеңілдетуге бағытталған. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, жарамды су есептегіштерін мәжбүрлі түрде ауыстыру талап етілмейді. Бұрыннан орнатылған әрі мерзімдік салыстырып тексеруден уақтылы өткен құрылғылар толық физикалық тозғанға немесе істен шыққанға дейін өз жұмысын жалғастыра береді. Бұл қадам тұрғындарды артық қаржылық шығындардан қорғап, жүйенің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар жаңа қағидаларда технологиялық бейтараптық қағидаты бекітіліп, су есептегіштеріне қойылатын талаптар айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, деректерді қашықтан берудің нақты технологиясы міндеттелмейді және су есептеу құралдарын жапқыш клапанмен жабдықтау туралы бұрынғы талап алынып тасталды. Мұндай өзгерістер нарықтағы отандық өнімдерді таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, бәсекелестікті дамытуға жол ашады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жауапкершілік аясы да нақтыланды. Есептеу құралдарының жағдайына, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына қатысты міндеттер жеткізуші ұйымдар мен су тұтынушылар арасында әділ бөлінді. Мұндай жүйелі тәсіл коммуналдық саладағы қарым-қатынастарды жетілдіріп, ашықтықты нығайтады.
Өңірлердегі, соның ішінде Жетісу облысындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру және тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жаңа қағидалардың орындалуын қадағалау арқылы тұрғындардың құқықтары қорғалып, сапалы коммуналдық қызмет көрсету деңгейі арта түседі. Жергілікті билік пен жауапты мекемелер азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, туындаған сұрақтарға жедел жауап беруде.





