Талдықорған қаласының Халықтық ардагерлер хоры Текелі қаласындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Жыр жүректен туады» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Шығармашылық кеш хор ұжымының құрылғанына 69 жыл толуына орай ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Концерттік бағдарлама хор жетекшісі Н. А. Дашкованың және Өтенай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Токпанова Анель Есимбековнаның жетекшілігімен өтті.
Іс-шараның мақсаты – ән өнері арқылы көрермендерге рухани жылулық сыйлау, аға буын өкілдерінің көңіл күйін көтеру, мәдени қарым-қатынасты нығайту және хор өнерінің дәстүрлі құндылықтарын дәріптеу.
Концерт барысында қазақ композиторлары Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары, Алексей Морозов пен Владимир Темновтың әндері, қазақ және орыс халық әндері, сондай-ақ соғыс жылдарындағы танымал туындылар орындалды. Атап айтқанда, «Арыс жағасында», «Нұрикамал», «Молодая, молода», «Кадриль», «Смуглянка» сынды көпшілікке таныс әндер көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар украин және поляк халық әндері де концерттің мазмұнын байыта түсті.
Бағдарлама жеке орындаулармен де ерекшеленді. Вера Багланова «Нұрикамал» әнін орындаса, Геннадий Ким мен Елена Тетченко «Погода в доме» композициясын дуэтпен ұсынды. Сондай-ақ Екатерина Яшкова мен Вячеслав Лим өз өнерлерін ортаға салып, тыңдарман ықыласына бөленді.
Әрбір музыкалық шығарма көрермендердің көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды. Әсем әуендер арқылы өткен күндердің естеліктері жаңғырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен рухани демалыс сыйланды. Кештің басты ерекшелігі – әртүрлі ұлттың музыкалық мұрасын бір арнаға тоғыстырып, ән арқылы адамдар арасындағы ізгілік пен сыйластықты дәріптеуінде болды.
Шара соңында Халықтық ардагерлер хоры орталық директоры Ильмира Расимовна Маджитоваға, мәдени ұйымдастырушы Елена Васильевна Бершадскаяға және дыбыс операторы Ерик Байгулжаевич Жуматаевқа көрсеткен қонақжайлылығы, жылы қабылдауы мен концерттің жоғары деңгейде өтуіне жасаған қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді.





