Қапалдан шығысқа қарай жол тартқан шағын керуеннің алдында ұзақ сапар тұрды. Артта тау бөктеріндегі Қапал қалды. Алда Басқан мен Сарқанның өзендері, қалың ел қоныстанған кең дала, Алакөлдің айдыны, одан әрі Қытай шекарасы. Бұл 1840 жылдардың соңы еді. Жол бүгінгідей тақтайдай тегіс емес. Атпен, арбамен, кейде жаяу жүретін жолаушының әр күні өз алдына бір оқиға. Бір жерде жолды өзен бөгейді, бір жерде тау асуы тұманға оранады. Күн ашық тұрғанымен тау ішінде аяқ астынан суық түседі. Ал жазыққа шыққанда аптап пен жел қарсы алады. Осы жолмен ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон, оның жары Люси және кішкентай ұлы Алатау сапар шегіп бара жатты. Олардың Жетісудағы жүріп өткен жолы кейін тарихтың бір үзігіне айналды. Бұл сапар бізге Джон Масси Стюарттың «Thomas, Lucy and Alatau» атты еңбегі арқылы кеңірек таныс. Стюарт Аткинсонның күнделіктері мен Люсидің естеліктеріне сүйеніп, олардың Сібірден қазақ даласына, одан әрі Қытай шекарасына дейінгі сапарын баяндайды. Томас жол бойындағы табиғатты қағазға түсірсе, Люси көрген-білгенін, адамдармен арадағы қарым-қатынасты, күнделікті тіршілікті жазып отырған. Сондықтан бұл оқиғаны оқығанда, алыста қалған бір дәуірді емес, сол жолдың бойындағы адамдардың тыныс-тіршілігіне куә боламыз.
Басқан бойындағы дала
Қапал Аткинсондар өмірінде жай ғана аялдама болған жоқ. Осы жерде Люсидің ұлы дүниеге келді. Сәбиіне олар Алатау Тамшыбұлақ деген есім берді. Бұл есімнің өзі Жетісудың табиғатымен сабақтас еді. Алайда сапар мұнымен аяқталған жоқ. Кішкентай сәбиімен бірге Люси тағы да ұзақ жолға шықты. Алда тау мен дала, өзен мен асу, бейтаныс ауылдар мен жаңа адамдар күтіп тұрды. Жол бойында қазақ ауылдарының көші көрінді. Мал айдаған адамдар, түйеге артылған жүк, көштің соңынан ерген әйелдер мен балалар – бәрі бір бағытта қозғалып бара жатты. Бұл көрініс еуропалық саяхатшылар үшін таңсық еді. Қазақ даласының тіршілігі көшпен бірге қозғалады. Қыстау артта қалып, ел жазғы жайлауға қарай бет алған. Жердің шөбі, судың жағдайы, жылдың мезгілі – көштің бағытын белгілейді. Люси осындай көріністерге қызыға қарайды. Ол Жетісудың табиғатына сүйсінгенін жасырмай: «Мен айналадағы сұлулыққа тамсанып, таңдай қаға бердім, осындай көрікті жерлерде тұратындарға қызыға қарадым», – деп жазады. Бұл сөздер оның Жетісуды сырттай ғана тамашаламағанын аңғартады. Ол бұл жердің табиғаты мен адамын бірге қабылдай бастайды.
Қапалдан алыстаған сайын жол «етекке» қарай ауысты. Басқан өзені мен оның маңындағы табиғат саяхатшылардың назарын аударады. Тау өзендерінің суы мөлдір, бірақ мінезі қатал. Бір жерде баяу ағып жатса, енді бір жерде арнасына сыймай, аласұрады. Жол бойында табиғаттың байлығы да көзді арбайды. Жазғы дала гүлге толы. Сары раушан, көкнәр, пион, бәйшешек секілді гүлдер тау бөктерін құлпыртады. Жабайы құлпынай, таңқурай, қарақат, алма секілді жемістер де кездеседі. Люси үшін бұл – ерекше әлем. Ол табиғатты жай ғана әдемі деп сипаттамайды. Жердің адам мен малға ғана емес, құс пен аңға да ортақ байлық екенін баяндайды. Қазақтың тіршілігі де осы табиғатпен біте қайнасқанын ұғынады.
Далада мал көп. Қойдың арасынан әртүрлі тұқымдыларды көреді. Аткинсондар үшін бұл да таңсық көрініс. Бірақ қазақ үшін оның бәрі – күнделікті өмір. Саяхатшыны таңғалдырған нәрсе жергілікті жұрт үшін үйреншікті тіршілік еді. Олар қазақ ауылдарына тоқтап, адамдармен араласады. Ол заманда саяхатшының амандығы көбіне жергілікті халықтың көмегіне байланысты еді. Жолды білетін адам, өзеннен өткізетін тәжірибелі жігіт, тау асуын танитын жолбасшы – бәрінің міндеті бар. Аткинсондар қазақтардың табиғатқа бейімділігіне таңданады. Ат үстіндегі еркіндік, көштің тәртібі, малға деген күтім, кең даланың жағдайына икемделген тұрмыс – мұның бәрі Люсидің назарына ілігеді. Ол қазақ әйелдеріне ерекше назар аударады. Бек сұлтанның екі қызын көргенде олардың сұлулығын ғана емес, ат үстіндегі еркіндігін, жүріс-тұрысын, дала өміріне бейімділігін байқайды. Қазақ қыздарының киімі де Люсиді қызықтырады. Сәукеле, түрлі әшекейлер, зергерлік бұйымдарының ерекшелігі таңдандырады. Люси қазақ әйелдерінің тұрмысын сырттай бақылап қана қоймай, олармен араласуға да тырысады. Кейбір ұсақ заттар – ине, түйме, моншақ тәрізді дүниелер адамдардың араласуына себеп болады. Осы шағын көріністердің өзі сол кездегі дала өмірінің қандай болғанын көзге елестетеді.
Сарқандағы ағаш көпір
Жолдың ең есте қалар сәттерінің бірі Сарқан өзеніне келгенде болады. Алдарында өзен. Өзеннің үстінде ағаш көпір. Люси үшін бұл көпірдің үстімен өту оңай емес. Астынан ағып жатқан суға қарап, көңілі алаңдап, қорқады. Бүгінгі адамға қарапайым көрінетін өткел сол кездегі жолаушы үшін үлкен сынақ еді. Өйткені жолдың қауіпсіздігіне кепіл жоқ. Тау мен өзенді күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналдырған қазақтар мұндай өткелдерден қорықпай өте береді. Ал Люси әр қадамын аңдап басады. Жолдың осындай қиын тұстарын еске алған кезде оның: «Бір қадам бұрыс кетсек – бәрі бітті дей беріңіз» деген сөзі көңілінің алаңдағанын байқатады. Олардың сапары әдемі суреттер мен көркем табиғаттан ғана тұрмағанын осыдан-ақ байқауға болады. Сарқан өңірінде жолдың мінезі де өзгере түскендей. Қоңыр адырлар мен көкорайлы жазық алмасып, тау жақтан ескен салқын самал ұзақ жол жүрген жолаушыны сергіткен. Сарқан өзенінің бойындағы елді мекендерден тіршіліктің тынысы сезіліп, ат айдағандар, мал өргізгендер, жол жиегінде әңгімелесіп отырған ауыл адамдары кездесетін. Саяхатшылар үшін бұл өңір Жетісудың табиғаты мен қарапайым ел өмірі астасқан, жол үстінде аялдап, тыныстап алатын жайлы мекендердің бірі болған. Сарқаннан ұзай бергенде де өзеннің сылдыры мен жасыл белестердің көрінісі көңілде қалып, алда күтіп тұрған ұзақ сапарға күш бергендей еді. Сапар барысында Аткинсондар қазақ сұлтандарымен де кездеседі. Томас суретші ғана емес, музыкаға да жақын адам еді. Оның сыбызғы тартатынын білген қазақтар ерекше қызығушылық танытады. Бір сұлтан Томастың сыбызғысын қайта тыңдау үшін екі күндік жол жүріп келген екен. Бұл – сол заман үшін елеулі құрмет. Сұлтанның өзі де сыбызғыны қолына алып көреді. Бірақ Томас шығарған үнді шығара алмағандықтан «Сыбызғыны осылай сөйлете алатын тек шайтан мен Томас» деп әзілдейді. Бұл шағын оқиға сол дәуірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынастың жылы сипатын байқатады. Қазақтар алыстан келген саяхатшыны тек бөгде адам деп қабылдамаған. Оның өнеріне қызығып, сөйлесіп, бірге уақыт өткізген. Ал Томас үшін қазақтың сыбызғысы дала рухының бір белгісіндей болғаны анық.
Көк ленталы марал
Жолдың тағы бір күні Люсидің есінде ерекше қалады. Қазақтар маралдың бұзауын ұстап алады. Люси оны көргенде аяушылық сезімі оянады. Марал әлі жас. Адамдарға үрке қарайды. Оның қорғансыз күйі Люсиге әсер етеді. Саяхатшы әйел оның мойнына көк лента байлап, кейін босатып жібереді. Қазақтар көк ленталы маралға тиіспейді. Бала Алатау және марал Бақсан. Аткинсондар сапарында тағы бір ерекше кейіпкер бар. Ол – Бақсан атты қолға үйретілген марал. Бақсан кішкентай Алатау Тамшыбұлаққа ерекше бауыр басады. Бала қайда болса, оның маңынан марал да табылады. Кейде сәбидің қасына жатып, тыныш қана бірге болады. Ұзақ сапардың ауыр күндерінде мұндай көрініс Люси үшін үлкен жұбаныш, алданыш еді. Ана үшін баланың қауіпсіздігі бірінші орында. Ал оның сәбиі тау мен даланың арасында, көштің ішінде өсіп келеді. Люси бір тұста: «Оның қыз емес, ұл болғаны қандай жақсы», – деп перзенті үшін ерекше қуанады. Бұл сөздің өзінен сапардың қаншалықты ауыр екенін түсінеміз.
Алакөлдің желі
Сарқаннан кейін жол Алакөлге қарай ойысады. Алыстан көлдің айдыны көрінгенде, саяхатшылар тағы бір табиғат әлеміне тап болады. Көлге жеткенде саяхатшылардың жол азабы ұмытылып, толқып жатқан айдынға ұзақ қарап қалғаны айтылады. Бірінің естелігінде: «Бұл көлдің түсі бір қалыпта тұрмайды екен. Күнге шағылысса көгереді, жел тұрса толқып, тіпті мінез көрсеткендей болады. Жағасына келген жан оның үнін тыңдамай кете алмайды» деп жазады. Шынында да алыстан мұнартып жатқан Алакөлдің айдыны сол дәуірдің жолаушыларына да, бүгінгі бізге де Жетісудың қайталанбас көркін танытқан табиғаттың ұлы ескерткішіндей әсер етеді. Алып Алакөл көкжиекпен астасып жатқандай. Бірақ оның жағасына келгенде саяхатшылар көлдің тек сұлулығын емес, мінезін де сезінеді. Жел күшейеді. Құм бетке ұрады. Ыстық ауа мен маса мазалайды. Кейде аспанды бұлт басып, соңынан дауыл тұрады. Люси сол күндерді ерекше әсермен еске алады. «Егер ер адамдар мені көйлегімнен қысып ұстап тұрмағанда, сөз жоқ, мені жел ұшырып әкетер еді. Менің жапырақ құрлы салмағым жоқ-ты», – дейді ол. Бұл сөзді оқығанда Алакөлдің жағасында тұрған нәзік әйел мен оны орнынан қозғауға шақ қалған желдің пәрмені елестейді. Люсидің «жапырақ құрлы салмағым жоқ» деуінен дене бітімінің талдырмаштай ғана екенін білуге болады. Олар Алакөлден де аман өтіп, сапарын әрі қарай жалғастырады. Күндіз кең дала адамға ашық көрінеді. Ал түнде оның мінезі өзгереді. Қараңғыда алыстан шыққан әрбір дыбыс қорқыныш ұялатады. Жолаушының көңілі алаң. Қытай шекарасына жақындаған тұста Аткинсондар осындай мазасыз күй кешеді. Люси түн ішінде аяқ дыбысын естіп оянады. Бірнеше бейтаныс адам жақындайды. Саяхатшылар сақтық танытады. Біраздан соң әлгі адамдар кері шегінеді. Оқиға қақтығысқа ұласпайды. Бірақ осы бір түн де Люсидің есінде қалады. Сапардың күн сайын табиғатты тамашалаумен өтпегенін осындай оқиғалардан аңғаруға болады.
Акварельге түскен 560 көрініс
Саяхатшылардың Шығыс Қазақстаннан басталған жол картасында Қапал, Сарқан, Лепсі, Алакөл, Қытай бағытымен жүріп, Қора аңғары, Теректі-Су және Жоңғар Алатауының басқа табиғи нысандарын бейнелеген. Бұл оның Жетісудағы сапарының нақты көркем мұрасы ретінде аталады. Тегіс-Sou (Теректі-Су) – Жоңғар Алатауындағы өзеннің бастауы, таулы аңғарлар, биік таулар мен орманды беткейлерді салғаны зерттеу еңбегінде айтылады. Алакөлді ол шынында көрген және оның көл пейзажын акварельдерінің қатарына енгізген. Деректерде Алакөл мен Балқаштың көріністері арнайы аталады. Оның Жетісудағы жұмыстарының арасында Қапал маңындағы Тамшыбұлақ, Ақсу өзені, Басқан өзені сияқты нысандардың бейнелері нақты көрсетілген. Аткинсон шамамен 560 акварель жасаған, бірақ бүгінде олардың 41-і ғана белгілі. Оның ішінде Ресейдегі Эрмитажда 12, Корольдік географиялық қоғамда 4 туынды сақталған.
Қимастық. Шекара
Ұзақ жолда тамақтың да жайы бөлек. Далада үнемі нан, көкөніс табыла бермейді. Негізгі ас – ет пен шай. Кейде жабайы рауғаш, қышқыл алма секілді далада өсетін өсімдіктерді пайдаланады. Қазақтың көшпелі тұрмысы осыған бейімделген. Қажетті дүниенің ең керегін ғана алып жүресің. Ал төрт түлік – әрі көлік, әрі азық, әрі тұрмыстың тірегі. Люси осындай күндерді бастан өткере жүріп, қазақ даласының өмір салтын біртіндеп біле түседі. Енді жол Қытай шекарасына қарай бет алады. Жетісудың көк майсалы белестері артта қалып, керуен Қытайға жақындағанда көңілге біртүрлі қимастық ұялады. Кеше ғана көлеңкесінде дамылдаған өзен мен көл жағасы, алыстан мұнартып көрінген Алатау сілемдері, жол бойындағы ауылдар мен адамдардың жылы жүздері енді көзден алыстай берді. Ат тұяғы алға ұмтылғанымен көңіл кейін тартады. Саяхатшылар үшін бұл жай ғана бір өлкеден екіншісіне өту емес, таныс мекенмен қоштасқандай әсер еді. Жетісудың самалы соңдарынан еріп, таулары алыстаған сайын киелі жердің қадірі тереңірек сезілгендей. Керуен шекараға жақындағанда олар артына тағы бір мәрте бұрылып қарады. Көкжиекте қалып бара жатқан Жетісу үнсіз ғана шығарып салып тұрғандай еді… Қытай шекарасына жақындағанда жаңа адамдар, жаңа орта қарсы алады. Бірақ саяхаттың ең қымбат естеліктері артта қалды. Сарқанның суы. Басқанның бойы. Қазақтың көштері. Сұлтандардың әңгімесі. Сыбызғының үні. Қазақ қыздарының бейнесі. Көк ленталы марал. Бақсан мен Алатау. Алакөлдің алапат желі. Түнгі дала. Бәрі-бәрі бір сапардың естелігі болып қалды.
Гүлжан ТҰРСЫН





