Үшаралда қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қастек Баянбайдың туғанына 90 жыл толуына орай тағылымды кеш өтті.
З. Қойшыбаева атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен рухани жиында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетіліп, әдеби мұрасы кеңінен дәріптелді. Кеште ақынның жары Күлшат Баянбай мен қызы Муза Қастекқызы және «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш сөз алып, жылы естеліктерімен бөлісті.
– Кеш жоғары деңгейде өтті. Зиялы қауым өкілдеріне алғысымды білдіремін. Өзім облыстық «Jetisý» газетінде қырық жылға жуық еңбек еттім. Қастек екеуміз алпыс жылдай бірге ғұмыр кештік. Оның 5 кітабын жарыққа шығардым. Екі кітабы 2 тілде басылды. Аудан жұртының ақынды ұмытпай, ұлықтап жатқанына ризамын, – деді Күлшат Баянбай.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Қанат Тілеухан да сөз алып, ақын мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі орнын атап өтті.
– Қастек атамыздың шығармаларымен бірнеше буын бала тәрбиеленіп өсті. Бүгінгі басқосу Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» тұжырымдамасымен де үндеседі. Балалардың ақын кітаптарымен танысып, оқып жатқаны қуантады, – деді ол.
Шара барысында аудандық кітапхана ұжымы қаламгердің жыр жинақтары мен балаларға арналған туындыларын қамтыған кітап көрмесін ұсынды. «Балдырғандар бағбаны – Қастек Баянбай» байқауы мен «Жырлайды жүрек» мәнерлеп оқу сайысының жеңімпаздары марапатталып, жергілікті өнерпаздар ақын сөзіне жазылған әндерді орындады.
Балдырғанның бал тіліне лайық өлең өрген, ұлттық таным мен ауыл тіршілігін жырға қосқан Қастек Баянбайдың мұрасы уақыт өткен сайын жаңғыра бермек. Ақынның атын ардақтау – ұрпақ алдындағы да парыз.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ






