Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында Қазақстан Республикасы прокуратурасының 35 жылдығына орай стенд атудан Жетісу облысының ашық турнирі жалауын көтерді. Дүбірлі додаға еліміздің 6 өңірінен жүзге жуық мерген жиналып, нысана көздеудегі қарым-қабілетін, ептілігі мен дәлдігін сынға салуда.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов, облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов, ҚР ҰҚК Жетісу облыстық департаментінің бастығы Ербол Жакупов, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Дастан Букешев және облыстық әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтан қатысып, саңлақтарға ақжарма тілегін арнады.
Алғашқы болып сөз алған облыс прокуроры Бауыржан Альбертұлы бұқаралық спорттың қоғам тәрбиесіндегі орнына тоқталып, салауатты өмір салтын ұстану мен заңға құрметтің өзара сабақтастығын атап өтті.
– Құрметті спортшылар, қонақтар мен жанкүйерлер! Стенд атудан жарысқа қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі – бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру. Спорт адамның бойындағы адамгершілік қасиеттерді, отансүйгіштік пен тәртіпті шыңдайды. Әр ата-ана баласының биік белестерді бағындырғанын қалайды. Бүгінгі сайыста да сондай жас өрендеріміздің мерейі үстем болсын. Сонымен қатар спортпен шектелмей, Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға бәріміз атсалысуымыз қажет. Көк туымызды көкте желбіретер жастар осы ортамыздан шығады деп сенеміз, – деді ол.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызына назар аударды.
– Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты заңға құрметпен қарап, әр іске жауапкершілікпен қарауды көздейді. Мұндай ұстаным өскелең ұрпақтың бойына тәртіп пен табандылықты сіңіреді. Әсіресе спортта темірдей тәртіп пен әділ бәсеке маңызды. Бүгінгі сайыста мергендер нысана көздеудегі шеберлігін ғана емес, қайсарлығы мен әділеттілікке адалдығын да танытады. Арамызда Жетісудың намысын абыроймен қорғайтын саңлақтар бар. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Байрақты бәсекеге Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, Алматы, Қызылорда және Жетісу облыстарынан 100-ге жуық спортшы қатысуда. Қазақстандық Ұлттық спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов та жарыстың ашылуында сөз сөйлеп, мұндай доданың Жетісуда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ мергендерге мерейлі жеңіс тіледі.
Үш күнге жоспарланған турнирде 16 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, 21 жасқа дейінгі юниорлар және ересектер «Скит» (Skeet) дисциплинасы бойынша сынға түседі. Бұл спорт түрінде қатысушылар арнайы лақтырғыш құрылғыдан ұшырылған табақшаларды көздеп, нысанаға дәл тигізуі керек. Мұнда көздің қырағылығы, қолдың шапшаңдығы мен жүйкенің беріктігі шешуші рөл атқарады. Жетісу облысының намысын 15-20 спортшы қорғамақ.
Сайыс алаңында аймақ мерейін үстем етуді көздеген жас мергендер де бар. Солардың бірі – Еркін ауылындағы №26 орта мектептің 9-сынып оқушысы Рашид Аман. Жас спортшының айтуынша, мектептен 3-4 оқушы жарысқа қатысып отыр. Өзі стенд атумен бір жылдан астам уақыттан бері тұрақты айналысады.
Осылайша, Жетісу жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылған ашық турнир мергендердің шеберлігін шыңдап қана қоймай, жас буынның спортқа деген ынтасын арттыруға да жол ашпақ. Алдағы үш күнде нысанаға мүлт кетпей көздеген жүйріктер анықталып, жеңіс тұғырының биігіне көтерілген үздіктер марапатталады. Жарыс барысы әлі де жалғасады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ






