Мемлекет дамуының әрбір жаңа кезеңі алдымызға тың міндеттер мен үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазіргі жаһандану дәуірінде әлемдегі саяси-экономикалық ахуалдың өзгеруі, технологиялық жаңғырудың жеделдеуі, халықаралық қауіпсіздік мәселелерінің күрделенуі кез келген мемлекеттің даму бағытын нақты айқындап, ұлттық мүддесін берік қорғауын талап етеді. Осындай маңызды кезеңде ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге, адами капиталды дамытуға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ауқымды міндеттерді қамтиды.
Тәуелсіздікті сақтау мен мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғау – кез келген елдің ең басты стратегиялық міндеті. Бейбітшілік пен тұрақтылық өздігінен қалыптаспайды. Оның негізінде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелі жұмыс, кәсіби әскер, заманауи технологиялар және Отан алдындағы борышына адал азаматтар тұрады. Бүгінгі таңда қорғаныс саласына қойылатын талаптар бұрынғыдан да күрделене түсті. Әскери қауіпсіздік ұғымы тек қару-жарақ пен әскери техниканың қуатымен өлшенбейді. Ол ақпараттық қауіпсіздікті, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын, басқару жүйелерінің үздіксіз жұмысын, әскери бөлімдердің өзара үйлесімді іс-қимылын және жеке құрамның кәсіби даярлығын қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда, байланыс әскерінің атқаратын қызметі ерекше маңызға ие. Өйткені қазіргі заманғы әскери басқару жүйесін сенімді байланыссыз елестету мүмкін емес. Қандай жағдайда да ақпараттың уақытылы жеткізілуі, басқару арналарының тұрақты жұмыс істеуі және бөлімшелер арасындағы үйлесімді іс-қимыл әскери міндеттердің орындалуына тікелей ықпал етеді.
Президент Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше назар аударылуы қазіргі заманның басты талаптарымен тікелей байланысты. Бүгінде цифрлық технологиялар экономика, білім беру, медицина, мемлекеттік басқару және өндіріс салаларымен қатар, қорғаныс жүйесінің де маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Технологиялық өзгерістер әскери саладан да үнемі ізденісті, жаңашылдықты және жоғары кәсібилікті талап етеді. Әскери байланыс жүйелерін жетілдіру, ақпарат алмасудың сенімділігін қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жаңа технологияларды меңгеру – осы бағыттағы басым міндеттердің бірі. Әсіресе ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлердің артуы әскери қызметшілерден жоғары жауапкершілік пен сақтықты талап етеді. Ақпараттық қауіпсіздік – тек техникалық мамандардың міндеті емес, ол әрбір әскери қызметшінің күнделікті қызметіндегі маңызды талап болуы тиіс.
Байланыс саласындағы мамандардың білімі мен тәжірибесін жетілдіру, жаңа технологияларды меңгеру, техникалық сауаттылықты арттыру арқылы әскери басқару жүйесінің сенімділігін нығайтуға болады. Бұл бағытта теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастырудың маңызы зор. Заманауи әскери қызметші тек өзіне бекітілген техниканы пайдаланумен шектелмеуі керек. Ол технологиялық жаңалықтарды меңгеруге қабілетті, кәсіби тұрғыдан сауатты, кез келген күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын маман болуы қажет. Себебі қазіргі заманғы әскердің әлеуеті оның техникасымен ғана емес, сол техниканы тиімді басқара алатын адамның білімімен де айқындалады.
Қандай заманауи техникамен жабдықталған әскер болса да оның негізгі күші – адам. Әскери қызметшінің кәсіби дайындығы, тәртібі, моральдық-психологиялық тұрақтылығы және Отан алдындағы жауапкершілігі жауынгерлік қабілеттің басты көрсеткіштері болып саналады. Бөлім командирі ретінде әскери тәртіпті нығайтуға, жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыруға, әскери техниканы дұрыс пайдалануға және әрбір қызметшінің кәсіби біліктілігін жетілдіруге ерекше мән беремін. Өйткені кез келген жетістік күнделікті жүйелі еңбектен, талапшылдықтан және ортақ мақсат жолындағы ауызбіршіліктен басталады.
Президент Жолдауында адами капиталды дамыту, білім мен ғылымның сапасын арттыру мәселелерінің көтерілуі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Себебі мемлекеттің болашағы білімді, бәсекеге қабілетті, отаншыл және жауапкершілігі жоғары ұрпақтың қолында.
Әскери-патриоттық тәрбие осы міндеттердің маңызды бөлігі. Жастарға Отанға деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерге құрметті, ел тарихына тағзымды және азаматтық жауапкершілікті сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Әскер қатарында қызмет ету жас азаматтарды тәртіпке, төзімділікке, ұйымшылдыққа, жауапкершілікке және қиындықты еңсере білуге тәрбиелейді. Әскери қызмет барысында қалыптасқан бұл қасиеттер адамның кейінгі өмірінде де маңызды орын алады. Біз әскери қызметтің беделін арттыру, жастардың бойында Отан қорғауға деген құрметті қалыптастыру және әскери мамандықтарға қызығушылығын ояту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруымыз қажет. Өйткені Отанды қорғау – тек әскери міндет қана емес, ол әрбір азаматтың ел алдындағы қасиетті парызы.
Мемлекет басшысы Жолдауында көтерген міндеттердің табысты жүзеге асуы әр саланың жүйелі жұмысына, азаматтардың белсенділігіне және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетіне байланысты. Елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік дамуы, инфрақұрылымдық жаңғыруы және қорғаныс қабілеті бір-бірімен тығыз байланысты.
Біз үшін ең басты құндылық – Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт аспаны, халқымыздың амандығы және мемлекетіміздің тұрақты дамуы. Осы жолда кәсіби шеберлігімізді шыңдап, әскери тәртіпті нығайтып, ел қорғанысына лайықты үлес қоса береміз.
Ренат ӘБІЛТАЕВ,
54380 әскери бөлімінің
командирі, подполковник






