Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша айырбастау операцияларын тек Қазақстан Республикасы Ұлттық Банктің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер мен уәкілетті ұйымдар ғана жүзеге асыруға құқылы. Өзге тұлғалар мұндай қаржы қызметтерін көрсете алмайды.
Лицензия алу үшін тек айырбастау пунктері арқылы қызметті жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру қажет. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуден кейін лицензия алуға өтініш «Электрондық үкімет» (egov.kz) веб-порталы немесе «Электрондық лицензиялау» (elicense.kz) порталы арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банктің аумақтық филиалына беріледі.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) белгіленген нысан бойынша лицензияны және оған қосымшаны алуға электрондық өтініш, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар;
2) заңды тұлғаның жарғы көшірмесі;
3) «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төленген жағдайларды есепке алмағанда, лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
4) екінші деңгейлі банктің немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының шетел валютасындағы банк шоты болуы туралы анықтамасы.
Біліктілік талаптарына сәйкестікті растау үшін қосымша мыналар ұсынылады:
1) жарғылық капиталды енгізгенін растайтын құжаттар (30 күнтізбелік күннен ерте берілмеген болуы шарт) немесе қаржы есептілігі;
2) жарғылық капиталға енгізілген қаражаттың шығу көзі туралы мәлімет.
Лицензия және оған қосымшалар Ұлттық Банктің аумақтық филиалымен қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде беріледі. Қолданыстағы лицензияға қосымшаның болуы айырбастау пунктін, оның ішінде автоматтандырылған пункті ашу және жұмыс істеу үшін міндетті талапшарт саналады.
Әрбір қосымша айырбастау пунктін ашу үшін қолданыстағы лицензияға жеке қосымша алу қажет. Басқа өңірде айырбастау пунктін ашқан жағдайда ұйым филиалының және осы аумақта қолданыстағы лицензияның болуы немесе Ұлттық Банктің тиісті аумақтық филиалына жүгіну қажет.
Қолданыстағы лицензияға қосымша алуға өтініш берген кезде белгіленген талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттар, оның ішінде жарғылық капиталдың мөлшері мен оны қалыптастыру көздері туралы мәліметтер (Ұлттық Банкте мұндай мәліметтер болмаған жағдайда) ұсынылады.
Автоматтандырылған айырбастау пунктері үшін жабдықтың техникалық сипаттамаларын және оның белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар қосымша ұсынылады.
Құжаттарды қарау мерзімі лицензия мен оған қосымшаны алуға өтінішті тіркеген күннен бастап 20 жұмыс күніне дейін және қолданыстағы лицензияға қосымша алу үшін 10 жұмыс күніне дейін созылады. Көрсетілген мерзімде ұсынылған құжаттарға, сондай-ақ айырбастау пунктің үй-жайына және жабдықтардың заңнама талаптарына сәйкестігі тексеріледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі өтініш берушіге «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетке уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында жіберіледі. Сондай-ақ уәкілетті ұйымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған тазартылған алтын құймаларын сатып алу және (немесе) сату операцияларын жүзеге асыруға құқылы.
Қосымша ақпаратты ҚР Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсынан, сондай-ақ ҚР Ұлттық Банктің Жетісу облысындағы филиалынан алуға болады. Мекенжайы: Талдықорған қаласы, Төлебаев көшесі, 58/64, тел.: 8 (7282) 55-95-07 немесе байланыс орталығының нөмірі – 1477.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Жетісу
облысындағы филиалы
(Талдықорған қаласы)






