Ел іргесінің бүтіндігі мен тыныштығы қашанда сақтықты қажет етеді. Жұмылдыру дайындығы туралы сөз қозғалғанда, көпшіліктің көкейінде «Бұл кімге қатысты? Қандай жағдайда жүзеге асады?» деген сауалдардың туындауы заңды. Әлеуметтік желідегі алыпқашпа әңгімелер де кейде негізсіз алаңдаушылық туғызады. Алайда «Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы» Заңда бұл мәселенің жай-жапсары айқын көрсетілген.
Ең алдымен, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың аражігін ажырата білген жөн. Біріншісі – бейбіт күнде тұрақты жүргізілетін әзірлік жұмыстары болса, екіншісі – ел қауіпсіздігіне қатер төнген айрықша жағдайда жүзеге асырылады.
Жетісуда жергілікті атқарушы органдар әскери басқару құрылымдарымен бірлесе отырып, әскери есепке алу тәртібін қадағалайды. Сонымен қатар жол, көлік, байланыс, аурухана және өзге де маңызды салалардың төтенше жағдайға әзірлігі пысықталады. Сондықтан әскери есеп деректерін нақтылау мен мекемелердің дайындығын тексеруді алаңдатарлық белгіге балауға негіз жоқ. Бұл – мемлекеттің алдын ала қамдануы.
Жалпы немесе ішінара жұмылдыру ҚР Президентінің Жарлығымен ғана жарияланады. Ол елге қарсы агрессия жасалған немесе ұлттық қауіпсіздікке тікелей сыртқы қатер төнген жағдайда жүзеге асуы мүмкін. Жергілікті органдардың өз бетінше мұндай шешім қабылдауға құқығы жоқ. Сол себепті мессенджерлерде тараған күмәнді хабарларға сенбей, ақпаратты ресми дереккөздерден тексерген абзал.
Әскери есепте тұрған азаматтар жеке құжаттарын ретке келтіріп, деректеріндегі өзгерістерді тиісті органдарға уақытылы хабарлауға және шақыру бойынша келуге міндетті. Жұмылдыру жарияланған жағдайда әскери міндетті азаматтар жергілікті әскери басқару органы басшысының рұқсатынсыз тұрғылықты жерінен кете алмайды.
Заңда азаматтардың құқықтары да ескерілген. Қорғаныс қажетіне алынған жер, ғимарат, көлік және өзге де мүліктің құны белгіленген тәртіппен өтеледі. Ал маңызды кәсіпорындар мен мекемелерге қажетті мамандарды броньдау арқылы олардың жұмыс орнында қалуына мүмкіндік беріледі. Бұл өңір тіршілігі мен өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қорыта айтқанда, жұмылдыру дайындығы – жауапкершілік пен сақтықтың ісі. Әр азамат әскери есепке қатысты міндетін біліп, заң талаптарын сақтауы керек. Ал ел ішінде негізсіз қауесет таратпай, ақиқатқа ресми ақпарат арқылы көз жеткізу – ортақ міндет. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне бейжай қарамау – баршамызға аманат.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ






