Жетісуда жастардың көшбасшылық әлеуетін дамыту, отбасы құндылықтарын нығайту және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Брифингте «Өрендер» академиясы қоғамдық бірлестігінің қатысуымен атқарылған жұмыстардың нәтижелері баяндалды.
«STUDENT HUB ZHETISU» жобасы аясында облыстағы 1 жоғары оқу орны мен 22 колледж арасында 23 меморандум жасалды. Бастамаға 1000-нан астам студент қатысып, олардың көшбасшылық және қоғамдық белсенділігін дамытуға бағытталған байқаулар, тренингтер мен пікірсайыс турнирлері ұйымдастырылды.
25 қарашада студенттік форум мен шеру-фестиваль өткізу жоспарланып отыр.
«Жетісу әкелер мектебі» жобасы әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын қолдауға және жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ 26 маусымда Талдықорған қаласында «ӘКЕ. ОТБАСЫ. БОЛАШАҚ» атты XI Республикалық әкелер форумы ұйымдастырылып, ұлттық тәрбие, ұрпақ сабақтастығы және әкенің отбасындағы орны талқыланды.
Алакөл ауданында жүзеге асырылған «ADAL QADAM» жобасы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Ауданның 11 елді мекенінде 16 кездесу өткізіліп, 100 азаматқа құқықтық кеңес берілді. Бұдан бөлек, құқықтық квест, шығармашылық байқау және ақпараттық-ағартушылық шаралар ұйымдастырылды.
Жобаның алдағы кезеңі туралы Жетісу облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мади Шәкенов мәлімдеді.
«ADAL QADAM» жобасын Алакөл ауданынан бастадық. Келесі жылы Панфилов ауданында жалғасын табады. Алдағы жылдары Сарқан, Ақсу, Кербұлақ аудандары мен Текелі қаласында да жүзеге асыру жоспарланып отыр. Заман талабына сай жастардың көзқарасы жаңарып, ой-өрісі кеңейіп келеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді әр ауылдың тұрғындарына жеткізу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады», – деді.
Аяулым Шынгаева






