Жетісуда ауылдық жерде тұратын жұмыссыз жастарды әлеуметтендіру, оқыту және кәсіпкерлікке баулу бағытында «Ауыл жастары – жаңа үміттер, Жетісу жастары – жарқын жол» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды.
Жобаны «Талдықорған өңірлік жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қоры» қоғамдық қоры Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Бастама аясында облыстың 8 ауданы мен 2 қаласында жастарға арналған 10 тренинг және 10 семинар өткізілді. Тренингтерде қатысушылар soft skills дағдыларын дамыту, әлеуметтену, командалық жұмыс тақырыптарын меңгерсе, семинарларда кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық және бизнес-жоспар әзірлеу мәселелері қамтылды.
Сондай-ақ жұмыссыз жастардың еңбек нарығына араласуына ықпал ету мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жұмыс берушілермен кездесулер өткізіліп, жастарға жеке консультациялар берілді.
Жоба аясында жастардың кәсіп бастауына да мүмкіндік жасалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық конкурсына өтінім қабылдау ұйымдастырылып, кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға әрқайсысы 3 млн теңгеден 10 грант қарастырылды.
Гранттар мына бағыттар бойынша бөлінді:
-
Мал және балық шаруашылығы – ірі және ұсақ мал, құс, ара, балық өсіру, қосалқы шаруашылықтарды дамыту;
-
Өсімдік шаруашылығы – жылыжайда және ашық алқапта түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру;
-
Сүт өнімдерін өндіру – сүт, айран, сүзбе және басқа да сүт өнімдерін шығару;
-
Қолөнер және шағын өндіріс – ұлттық және заманауи қолөнер бұйымдарын жасау, өндіру және сату;
-
Тағам өндірісі және қоғамдық тамақтану – жартылай фабрикаттар, кондитерлік өнімдер өндіру, асхана мен қоғамдық тамақтану орындарын ашу;
-
Балалар мен жастарға арналған қызметтер – дамыту орталықтары, балабақшалар, қосымша білім беру ұйымдары, спорттық және шығармашылық үйірмелер ашу.
Байқауға жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген және өз бетінше жұмыс іздеп жүрген жастар, NEET санатындағы азаматтар, сондай-ақ кәсіп ашуға ниетті, бірақ қажетті білімі, дағдылары мен ресурстары жеткіліксіз жастар қатысты.
Кәсіп бастауға ниетті қатысушыларға жеке консультациялар беріліп, тәлімгерлермен жұмыс ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, жобадан кейін де жастарға қолдау көрсетіліп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және бизнесті дамыту бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді.
Жобаның ұйымдастырушысы – «Талдықорған өңірлік жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қоры» қоғамдық қоры. Жоба жетекшісі – қор президенті Светлана Садвакасова.
Қосымша ақпарат: 8 747 286 01 21, 8 701 432 94 67.
«Жетісу-Ақпарат»






