Баяғының қариялары ашкөздікке салынып, дүниеқоңыздыққа ұрынған жанды көрсе, «Құлқыны кең екен» деп қысқа қайырып, кесіп айтқан. Осы бір қарапайым ғана тіркестің астарында қаншама мін, сын жатыр десеңізші. Адамның алақанын ашқаннан гөрі көмейін кеңейтуі қауіпті. Қанағаттың қайырын ұмытып, қомағайлықтың соңына түскен пенденің қарны тойғанымен көзі тоймайды. Әсіресе елдің еншісіне қол салған, халықтың несібесіне ортақтасқан мансап иелерінің ашқарақтығы қоғамның қабырғасына бататын қасірет.
Жуырда Астанадағы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты тұлғалардың парақорлықпен жиі ұсталып жатқанын айтып, елдегі сыбайлас жемқорлық ахуалының әлі де күрделі күйде тұрғанына назар аударды. Президент келтірген дерекке сүйенсек, соңғы 3 жылдың ішінде 3168 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған. Соның 2165-іне мемлекеттік қызметшілердің қатысы бар. Қалғаны квазимемлекеттік сектор өкілдерінің еншісінде. Қылмыстық әрекеттер салдарынан мемлекетке келген залал 248 миллиард теңгеден асып жығылады. Биылғы он айдың өзінде 751 құқықбұзушылық тіркеліп, оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, 205-ін квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған.
Иә, санаңды сарсаңға салатын сандардың салмағы зіл батпан. Әр санның ар жағында ел қазынасынан қағылған қаржы, халықтың жоғалған үміті, әділдікке сызат түсірген әрекет тұр. Біреудің маңдай терімен жиналған салығы, екінші біреудің адал еңбегімен толтырылған бюджеті, үшінші біреудің болашаққа артқан сенімі. Мұның бәрі біреудің жеке қалтасына қарай ағатын болса, оның өтеуін кім өтейді?! Қоғамның қазынасына қол сұққан жанның қылығы тұтас елдің ырысына түскен сызатпен пара-пар.
Жемқорлықтың жайылуын жалақының аздығына, тұрмыстың таршылығына тіреп қоюға келмейді. Себептің соры тереңде. Оның бір ұшы мансапты мәртебе санап, міндетті олжаға балаудан, екінші ұшы билікті жеке басының пайдасына жарату ниетінен басталады. Үшінші ұшы жазадан жалтарып, жауапкершіліктен сытылып кетемін деген күпір сенімге барып тіреледі. Қарапайым жұрттың қалтасына қарап, қызметтік өкілетін саудаға салатындар көбіне ел басқару ісіне араласқан, жұрт сенімін арқалаған лауазым иелері арасынан шығып жатады. Қызметтің қадірін құлқынына айырбастаған мұндайлардың әрекеті арға, абыройға таңба.
Заң бар. Жаза бар. Тәртіп бар. Қылмыстық жолмен табылған, сол қаражатқа сатып алынған немесе қылмыс құралы болған мүлікті мәжбүрлеп алып, мемлекет меншігіне қайтару тетіктері де қарастырылған. Активтердің шығу тегіне қатысты негізді күмән туындаса, заң аясында тексеріліп, заңдылығы сараланады. Алайда заңның пәрмені қағаздағы пәрменмен шектеліп қалмауы керек. Жемқорлықпен күрестің жаны жазаның қатаңдығында ғана емес, оның бәріне бірдей қолданылуында. Біріне қылыш, біріне қамшы жүретін болса, әділдіктің ақ туы қайтіп желбіресін?!
Осы тұста қоғамның көкейінде жүрген тағы бір түйткіл бар. Ол сотталған адамның денсаулығына, жасына, тәртібіне, отбасылық жағдайына байланысты жаза мерзімін қысқарту немесе одан босату мәселесі. Заңда мұндай мүмкіндіктердің қарастырылуы белгілі бір адамгершілік және құқықтық негіздерге сүйенеді. Дегенмен ел қаржысын жымқырған, қызмет бабын жеке басының пайдасына жаратқан тұлғаларға қатысты осындай шешімдер қабылданғанда қоғамның күмәні сейіле қоймайды.
Кезінде елді елең еткізген Қуандық Бишімбаев, Мүсілім Өміряев, Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімдері мен кейінгі жазаны өтеу барысындағы шешімдер жұрт назарынан тыс қалған жоқ. Бұрынғы қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеевтің ісі де көптің көкейінде сауал қалдырды. 2014 жылы үкім шығарылып, 2015 жылы денсаулық жағдайына байланысты жазасын өтеуден босатылғаны жөніндегі дерек қоғамдық талқыға түсті. Мұндай мысалдар заңның әр тармағын қолданудағы ашықтық пен әділдікке деген сұранысты күшейте түседі. Әрине, әрбір істің өзіндік мән-жайы, соттың шешімі бар. Алайда қоғам үшін ең маңыздысы, заң алдында лауазымның да, лауазымсыздықтың да, байлықтың да, бақуаттылықтың да салмағы бірдей болуы.
Жемқорлықтың жайы тек бір адамның пара алуымен бітпейді. Оның тамыры мемлекеттік сатып алудан, қаржының мақсатсыз жұмсалуынан, жер телімдерін заңсыз үлестіруден, дүние-мүлік пен капиталды жасырудан тарамданып кетеді. Бір жерде тендердің тағдыры алдын ала шешіледі, бір жерде қазына қаржысы қисынсыз жұмсалады, енді бір жерде елге тиесілі жер әлдекімнің меншігіне айналады. Қаражаттың қара жолмен қозғалған әрбір тұсы мемлекеттің қарымын қайтарып, халықтың несібесін кемітеді. Мұндайда қазынаның босауы елдің ырысының ортайғаны.
«Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз. Қоғамдағы кеселдің де кеудесін басып, көрмегенсу оның құлашын ұзартады. Сондықтан жемқорлықпен күрес тек құзырлы органдардың құзырына қалатын шаруаға айналмауға тиіс. Ол мемлекеттік мекеменің табалдырығынан бастап, әр азаматтың ар алдындағы жауапкершілігіне дейін жалғасуы қажет. Ел ішінде параны қалыпты құбылыс көретін түсінікке тосқауыл қойылмайынша тамырын тереңге тартқан кеселдің бетін қайтару қиын.
Бұл бағытта мемлекеттік мекемелерде алдын алу жұмыстары жүргізіліп, қызмет көрсету үдерістері цифрлық жүйеге көшіріліп келеді. Мәселен, Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге арналған арнайы жоспар әзірленген. Оның аясында ішкі талдау жүргізіліп, ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылған. Ағымдағы жылы жергілікті ақпарат құралдарында төрт мақала жарияланып, департамент басшысының орынбасары Б. Байдүйсенов тікелей эфирде Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі туралы сұхбат берген.
Мұндағы негізгі тетіктің бірі мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға саяды. Департамент жұмысы «Қазынашылық клиент» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе бюджеттің атқарылу үдерісіне қатысатын тараптардың тікелей жүздесуін шектеп, адами фактордан туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Құжат айналымының электронды арнаға көшуі, қызмет көрсету барысының ашықтығы, әрбір әрекеттің жүйеде тіркелуі заңсыздыққа жол бермеудің пәрменді жолдарының бірі.
Сонымен қатар департаменттің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінде экономикалық, техникалық оқулар өткізіліп, нормативтік-құқықтық актілердің талаптары түсіндіріледі. Қызметкерлерге заңнамадағы өзгерістер таныстырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалар талқыланады. Жас мамандар бөлім басшыларына бекітіліп, тәжірибелік машығын жетілдірумен қатар кәсіби әдеп қағидаларын меңгереді. Ғимаратта келушілерге қолжетімді орынға мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі, «1494» бірыңғай байланыс орталығының телефоны және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайты туралы ақпарат орналастырылған.
Мұның бәрі қажет. Бірақ түсіндірудің түпкі нәтижесі қағаздағы жоспармен, өткізілген оқумен, жарияланған мақаламен өлшенбеуі керек. Ең әуелі қызметкердің күнделікті ісінен, шешім қабылдауынан, халықпен қарым-қатынасынан көрініс тапқаны жөн. Заңды жатқа білгеннің өзі жеткіліксіз, оны жүрекке тоқып, қызметтің әр сәтінде басшылыққа ала білу қажет. Әдептің өлшемі мінбердегі сөзден гөрі күнделікті әрекеттен танылады.
Мемлекеттік қызметтің аты затына сай болуы керек. Халықтың сеніп тапсырған міндетін арқалаған адам сол сенімге селкеу түсірмеуге тиіс. Қызмет дегеніміз жеке бастың қамын күйттейтін жайлы орын, қалтаны қампайтатын қамсыз мекен, жақын-жуықты жарылқайтын жәрдемші құралға айналмауы керек. Ол халыққа қалтқысыз қызмет етудің, ел мүддесін бәрінен биік қоюдың аманаты. Аманатқа қиянат жасағанның абыройы асқақтамайды.
Түптеп келгенде жемқорлықтың тамыры тереңдеген жерде әділдік әлсірейді, адал еңбек арзандайды, азаматтың мемлекетке деген сенімі жоғалады. Сондықтан парақорлыққа қарсы күрестің пәрмені жазаның ауырлығымен ғана айқындалмайды. Оның өлшемі заңның үстемдігімен, қоғамдық бақылаудың сергектігімен, мемлекеттік қызметтегі тазалықпен таразылануға тиіс.
Мемлекет басшысы да жемқорлыққа қарсы күрестің жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті жүргізілуі қажеттігін атап өткен болатын. Бұл талаптың астарында елдік мүдде, ұлттың ұяты, келешек ұрпақтың несібесі жатыр. Өйткені бүгін талан-таражға түскен қаржы ертең мектептің қабырғасына, аурухананың керегесіне, ауылдың жолына, халықтың игілігіне айналуы мүмкін еді.
Қазақ: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған. Таразы басында туыстық та, таныстық та, мансап та тұрмауы керек. Әділдік үстемдік құрғанда ғана адалдың еңсесі тіктеліп, арамның адымы қысқарады. Елдің ырысын жегеннің жолы кесіліп, халықтың ақысын жегеннің есебі сұралғанда ғана қоғамның сенімі бекиді.
Құлқынның қамы елдіктің жолын кеспесін. Қызметтің қадірі қалтадағы қаражатпен өлшенбесін. Қазынаның қақпағы қомағай қолдарға ашылмасын. Ең бастысы, жемқорлықтың жұқпалы дерті түбімізге жетпей, түбірімен қопарылсын. Таза қоғамның тұғыры таза ниеттен, адал қызметтен, әділ заңнан басталады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ






