Талдықорған: +10°C
$ 458.13
€ 502.29
₽ 5.58
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
29 қараша — Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

Бүгін, 09:11
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

Жұмабай МҰСАБЕКОВ

WhatsAppTelegramFacebook

Сөз қадірін білген жұрт талантын төрге оздырып, ақынын айрықша ардақтап, қадірлеп, құрмет көрсеткен. Әсіресе табан астында тауып айтып, екі ауыз сөзбен елдің еңсесін көтерген суырыпсалма ақындардың орны қашанда бөлек. Айтыс дегеніміз – алмас қылыштай өткір тілдің, зерек ойдың, зерделі жүректің жарысы. Мұнда сөзден сүрінбеу үшін дарын да, ділмарлық та, өмірден түйген мол тағылым да қажет. Осындай қасиетті өнердің туын жықпай, Жетісудың абыройын асқақтатқан Қалқа Жапсарбаев, Темірғали Рүстембеков, Әбікен Сарыбаев пен Қанша Раисованың есімдері ел жадында жаңғыра түсті. 

Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында облыс әкімдігінің қолдауымен «Айтыстың ақтаңгерлері» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Басқосуға Қалқа Жапсарбаевтың 140, Темірғали Рүстембековтің 120, Әбікен Сарыбаевтың 100 және Қанша Раисованың 70 жылдық мерейтойлары арқау болды.
Жиын шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов Жетісу жұртының өнер мен өлеңге ежелден еншілес екенін айтып, мерейтой иелерінің ұлттық руханияттағы орнын айрықша атап өтті.

– Жетісу – табиғаты көркем, талантты тұлғаға бай өлке. Бұл өңірден қазақтың әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан талай дарын иелері шыққан. Олардың шығармашылық мұрасы – ұлттың баға жетпес рухани байлығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарымызды сақтау, тарихи сананы жаңғырту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес биыл облыстың айтыс ақтаңгерлерінің мерейтойларын атап өтудеміз. Бүгінгі конференцияда мазмұнды баяндамалар жасалып, ұлттық мұрамызды тереңірек тануға және оны келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосылады деп сенемін, – деді Диас Рахметұлы.

Расында, елдің еңсесін көтерген тұлғалардың есімін еске алу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Өйткені өнердің өрісі кеңейіп, өресі биіктеуі үшін оның қайнарын танып, қайталанбас тұлғалардың өнегесін ұлықтау қажет. Осы орайда конференцияның бас баяндамашысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ғалым Анарбай Бұлдыбай 4 ақынның өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрила Бектемірова, «Құрмет» орденінің иегері Сәбит Биболов, жазушы-журналист Серік Әбікенұлы және айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтақын Бұлғақов мазмұнды баяндамалар жасады.

Алғашқы болып мінберге көтерілген Анарбай Сағиұлы 4 ақынның мұрасын зерттеп, жинақтауға жарты ғасырға жуық уақытын арнағанын әңгімеледі. Ғалымның айтуынша, ол 1974 жылы Ғылым академиясына қызметке орналасқан кезден бастап Жетісу ақындарының шығармаларын жинастырып, зерттеуге кіріскен. Қалқа Жапсарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай 1986 жылы арнайы кітап шығарған. Кейін Темірғали мен Қуат ақындардың мұрасын да хатқа түсіріп, «Жамбыл әлемі» атауымен отыз томдық жинақ әзірлеген.

– Әрине, 4 тарлан жайлы аз ғана уақыт ішінде айтып шығу мүмкін емес. Десе де қысқартып айтайын. Мен бұл кісілер туралы 1974 жылы Ғылым академиясына жұмысқа тұрғанда жинап-теріп жинақтарын шығардым, азды-көпті еңбек еттім. 1986 жылы Қалқа Жапсарбаевтың 100 жылдығында кітабын шығарған едім. Қалқа туралы бір кітап, Темірғали мен Қуат ақын жайлы бір кітап. Қаншаны да қалдырмай, жалпы отыз томдықты «Жамбыл әлемі» деген атпен жарыққа шығардым. Қазір облыстағы барлық кітапханада бар. Қабан жыраудан бастау алған жыраулық дәстүрді Қалқа бойына керемет сіңірді. Бірақ ол заманда жағдай мәз емес, ұжымшардың жұмысын істей жүріп, айтысқа түсті. Жалпы Жетісудан Қалқа Жапсарбаев пен Темірғали Рүстембеков Қазақстанның «Халық ақыны» атағын алды. Жамбыл Жабаевтың өзі Қалқаны «Қанжар ақын» деп атаған. Ал Жетісудың абыройын қорғаған Темірғали да халық ақыны атанды. Екі көзі тас соқыр болса да таңдайына жыр қонған талант сөзден жеңілмеген. Әбікен Сарыбаев болса, атақ та, даңқ та алмаған ақын. Оның ақындығы туралы Ғабит Мүсіреповтен артық айтқан ешкім жоқ. Жазушы оған үлкен баға берген. Халық ақыны деген атақ бұйырмаса да, Әбікен Сарыбаев телевизиялық айтысты бастап берген ақын. Ал Қанша Раисова бірде-бір айтысын қағаз бетіне түсірмей кеткен. Бір күні жолығып, екі-үш айтысын сұратып, хатқа түсірдім. Сөйтіп жүргенде Қанша қайтыс болып кетті, – дейді Анарбай Сағиұлы.

Бұдан кейін сөз алған Нұрила Дәнтайқызы Қалқа Жапсарбаевтың шығармашылық болмысына тоқталды. Баяндамашы ақынның сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі болғанын, сазгерлік пен жыршылықты қатар меңгергенін айрықша атап өтті. Қалқа ақынның Есдәулет, Кенен, Қайрақбай, Үмбетәлі сынды дәуірлестермен сөз қағыстыруы оның айтыстағы қарымын, суырыпсалма шеберлігін танытады. Жамбыл Жабаевтың «Қанжар ақын» деп бағалауы да тегіннен-тегін емес. Қалқаның сөзі қылыштай өткір, уәжі уытты, ойы ұтқыр болғанын осы бір теңеудің өзі аңғартады. Ол Жетісу айтысының іргесін бекітіп, кейінгіге сара жол салған саңлақтардың бірі.
Темірғали Рүстембековтің өмір белестері де тыңдаушыларды бейжай қалдырмады. Сәбит Жұмабайұлы баяндамасында ақынның балалық шағынан бастап, тағдырдың талай тауқыметін тартса да өнерден қол үзбеген қайсарлығын кеңінен толғады.

Оның айтуынша, Темірғали бір топ қыздан кейін ата-анасын зарықтырып барып дүниеге келген екен. Көптен күткен жалғыз ұлдың ғұмыры ұзақ, жаны темірдей берік болсын деген ниетпен есімін Темірғали қойған. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. 8 жасында ата-анасынан айырылып, жетімдік зарын тартады. Кейін шешек ауруына шалдығып, әуелі бір көзі аздап көріп, артынша екінші көзі де көрмей, тас соқыр болып қалады. Тағдырдың осындай тауқыметіне мойымаған ақынның бар медеті домбырасы мен жыры болды. Көңіл көзі ояу жанның жүрегіне жиналған шер бірте-бірте зарлы жырға айналды.
Кірмейсің түсіме де, қайран анам,
Сабанда жылап жатыр
соқыр балаң.
Сипайтын маңдайымнан тірі
жан жоқ,
Білмеймін қашан өлем, қайда
қалам…
Ақынның осы бір шумағында жетім жүректің зары, анаға деген сағыныш, жалғыздықтың салмағы тұнып тұр. Көз жанарынан айырылғанымен көңілінің көкжиегі тарылмаған Темірғали өмірдің ащысы мен тұщысын өлеңіне арқау етті.

– Мен ол кісімен біраз жүрдім, ол туралы жаздым да. «Ақын үні» атты көлемді мақалам жарық көрді. Ол кезде газет «Октябрь туы» деп аталатын. Сонда байқағаным, ақын тас соқыр болса да екі құлағының құдіреттей қызмет ететіндігі еді. Тіпті бір сөйлескен адамын бірнеше жылдан кейін дауысынан танып отыратын, жаңылмайтын, – деп естелігін бөлісті Сәбит Биболов.

Кейіпкерінің болмысын жақыннан таныған адамның әңгімесі ақынның өмір жолын көз алдымызға әкелгендей. Көзі көрмесе де көңілімен сезіп, үнімен таныған Темірғалидай тұлғаның қайсарлығы қайран қалдырады.

Ал Әбікен Сарыбаевтың өнердегі орны мен өмір жолын баласы, жазушы-журналист Серік Сарыбайұлы баяндады. «Қайрақтыдан ұшқан қаршыға» деп аталған баяндамасында әкесінің туған жері, өскен ортасы, ақындық өнерге келу жолы жайында сыр шертті. Текелі жақтағы Қайрақты жайлауында дүниеге келген Әбікеннің балалық шағы Аралтөбе мен Бірлікте өткен. Артель жанындағы төрт сыныптық мектептен сауат ашқан жас бала қарттарға қисса-дастандар оқып беріп жүріп, талай жырды жаттап өседі. Ауыз әдебиетінің алтын арқауынан нәр алған зерек өреннің бойындағы ақындықтың бұлағы да сол кезден бастау алғаны анық.

Серік Сарыбайдың айтуынша, 14 жасында алғаш рет айтысқа түскен Әбікен ақын өмірінің соңына дейін домбырасын қолынан тастамаған. 1961 жылдан бастап республикалық айтыстарға қатысып, кеңестік кезеңде саябыр тартқан ұлттық өнердің қайта түлеп, жаңғыруына үлес қосқан санаулы саңлақтың қатарынан көрінді. Қалқа Жапсарбаев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев секілді жыр жүйріктерінің алдын көріп, ақсақалдардың батасын алған. Қалихан, Көкен, Әсімхан, Әлімқұл, Асылақын сынды ақындармен сөз сайысына түскен.

Әбікеннің ақындық қуатына кезінде Ғабит Мүсірепов те жоғары баға берген. Әсіресе Қалихан Алтынбаев екеуінің айтыстағы айрықша шеберлігіне жазушының ықылас білдіруі бекер емес. Көкшетаулық Көкен Шәкеев те құрдастарының өнерін өзгеше теңеумен өрнектеген екен. «Қалихан қасқыр секілді, тура шабам дейді де арандап қалады, ал Әбікен айтыстың қабыланы ғой, қай жақтан баспалап келгенін байқамай қаласың» деген сөзі Әбікеннің айтыстағы әдіс-айласын, сөз саптау шеберлігін бір-ақ ауыз сөзбен танытады.

Талдықорғанның 1979 жылдан бергі бас ақыны болған Әбікен Сарыбаевтың айтыстағы қолтаңбасы да өзіндік өрнегімен ерекшеленді. Ақынның қарсыластары жайлы айтқан өлеңдерінен де сол дәуірдің тынысы, өнер адамдарының өзара сыйластығы сезіледі. Ол қарсыласын сөзбен түйреп қана қоймай, оның өнерін мойындап, бағасын бере білген.

Айтыстың айбозы атанған Әбікеннің мына бір шумақтарында ақындық паңдық пен тапқырлық қатар өрілген:
Өмірдің көз жетпейді есебіне,
Қартайдық, бала едік кешегіде.
Ақыны Жәркенттің кеп
айтысқанда,
Мінгізіп жіберіп ем есегіне…
Қанша Раисованың есімі де Жетісу айтысының шежіресінде айрықша аталады. Сахна төрінде сөз бастап, қарсыласының уәжіне ұтқыр жауап қатқан ақынның мұрасы, өкінішке қарай, толық хатталмай қалған. Алайда оның өнері мен өрнегі замандастарының жадында, ел ішіндегі естеліктерде сақтаулы. Конференция барысында Қанша ақынның шығармашылық мұрасын жинақтап, кейінгіге жеткізу қажеттігі де аңғарылды.

Жиынды қорытындылаған белгілі ақын Айтақын Бұлғақов та жыр дүлдүлдерінің көзін көріп, сөзін тыңдаған жылдарын тебірене еске алды. Ол І. Жансүгіровтің «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген қанатты сөзін мысалға келтіріп, ел жадындағы есімдерді ұлықтаудың маңызын атап өтті.

– Қалқаны көзім көрген жоқ. Ал Темірғали Рүстембековті, Артық Жексенбаевты, Әбікен Сарыбаевты, Тоқтағұл Жарбасовты көрдім. Темірғали мен Артық атамызды 1975 жылы 8-сыныпта оқып жүргенімде Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен айтыста көрдім. Солардың көзін көрген соңғы тұяқ айтыскер ақын мен ғана шығармын. Сондағы Темірғали мен Артықтың екеуі де зағип еді. Темірғали бозжорғадай бүлкілдеп отыратын. Ал Артық атамыз биязы, момын кісі болатын. Әбікен Сарыбаев менің ұстазым. Әбікенге Қалқа Жапсарбаев 18 жыл ұстаздық еткен. Міне, біз де жыршылық пен термешілікті үш жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен балаларға үйретіп, Жетісудың мақамын қайта жаңғыртып жатырмыз, – деді ақын.

Айтақын Бұлғақовтың сөзі өнердегі ұстаз бен шәкірт сабақтастығын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жыр көшін тағы бір мәрте айшықтады. Бір кездері Қалқадан тәлім алған Әбікеннің кейінгі буынға ұстаз болуы, одан соңғы ақындардың сол өнегені жалғауы – өнердің үзілмес арқауы. Әр дәуірдің өз дүлдүлі, өз дарабозы болғанымен барлығын жалғап тұрған бір қасиет бар. Ол туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, сөзге деген құрмет, ел алдындағы жауапкершілік.

Конференцияның тағылымы да осында. Талантты тұлғалардың мерейтойын атап өту арқылы тұтас бір дәуірдің айтыс шежіресі қайта жаңғырды. Сөз зергерлерінің өмірі мен өнері жайында айтылған әрбір естелік, әрбір дерек – ұлт мұрасының қоржынына қосылған олжа. Өйткені ақынның ғұмыры жалғыз өзімен ғана өлшенбейді, артында қалған өсиетімен, елінің жадында жаңғырып тұратын жырымен ұзарады.

Қалқаның қанжар сөзі, Темірғалидың бозжорғалаған мақамы, Әбікеннің қабыландай қайраты, Қаншаның көмейінен төгілген күміс жыры – Жетісу жұртының рухани қазынасы. Ендеше, айтыстың ақтаңгерлерін ардақтау – ертеңгі өнердің өрісін кеңейту. Жыр көшінің жібі үзілмей, бабадан қалған аманаттың кейінгіге жетуі де осындай басқосулардан бастау алады.

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Өрісі кеңейген Көксу

Өрісі кеңейген Көксу

27 қараша 2026
Жегені желкесінен шығады

Жемқорлықты әшкерелегендерге 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі

27 қараша 2026
Мемлекеттік корпорацияның білім беру бастамасына екінші университет қосылды

Мемлекеттік корпорацияның білім беру бастамасына екінші университет қосылды

27 қараша 2026
Ыстамбұлдағы әлем чемпионатынан қола алды

Ыстамбұлдағы әлем чемпионатынан қола алды

27 қараша 2026
Сайлау қарсаңында қандай әрекеттерге тыйым салынады? Бас прокуратура ескерту жасады

Сайлау қарсаңында қандай әрекеттерге тыйым салынады? Бас прокуратура ескерту жасады

27 қараша 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.