Қаратал ауданы, Балпық би округіне қарасты Жаңаталап ауылындағы №147 сайлау учаскесінде 15603 әскери бөлімінің сарбаздары дауыс берді. Әскери қызметшілер мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қатысып, өз таңдауларын жасады.
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің сайлауға қатысуы олардың ел өміріндегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамайтынын көрсетеді. Әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген сарбаздар азаматтық жауапкершіліктің де үлгісін танытты.
Ел тыныштығын күзеткен әскери қызметшілер үшін Отанға қызмет ету тек әскери міндетпен шектелмейді. Қоғамдық өмірге араласып, ел болашағына қатысты шешімдерге үн қосу да азаматтық ұстанымның көрінісі.
«Жетісу-Ақпарат»






