«Дәл қазір талдықорғандық шаруалар қант қызылшасын жинау жұмыстарын аяқтауға жақын. Дейтұрғанмен қызылша өсіру мен бірге оны өткізудің қиыншылығы да аз емес. Қазір қант зауыттарының алдындағы кезек күткен жүк көліктерінің нөпірі бірнеше шақырымға созылған. Сондықтан көз ілмей, күнді түнге жалғап, тәуліктеп күтуге мәжбүрміз», – дейді өңір диқандары.
Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Секенұлының сөзінше, жалпы биылғы жылғы Жетісу облысы бойынша қант қызылшасын еккен жер көлемі 13 мың 700 гектарды құрайды. Ал, соның ішінде талдықорғандық шаруаларға тиесілі тәтті түбір алқабы 150 гектар. Қазір шаһар шаруалары аталған алқаптан 7 мың тоннаға жуық өнім жинаған. Бүгінге дейін оның 5 мың 700 тоннасы қант зауыттарына өткізіліп, қалған бөлігін жеткізу жұмыстары жалғасуда. Өнімді еш кедергісіз қабылдауға өңірдегі Көксу және Ақсу қант зауыттары барын салуда. Қызылша жинау жұмыстары кестеге сәйкес, қыркүйек айының ортасынан қарашаның соңына дейін жалғасады деп жоспарланған.
Мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары Жетісу облысында қант қызылшасын өсіру жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылған. Жыл санап өңірдегі егістік жер көлемі ұлғайтылып, шаруалардың кірісін арттыруға бар мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде жалпы аймақтағы қызылша егілген 13 мың гектардан астам алқаптың12 мың гектарға жуық жеріндегі өнімі алынған. Аймақтағы кант зауыттары әр күні орташа есеппен 240-250 көлік, нақтырақ айтқанда, 5 мың тоннаға дейін өнім қабылдауда. Зауыттарға жетісулық шаруаларымен қатар көрші Жамбыл облысының егіншілері де өз өнімдерін әкеліп өткізуде. Бұл кезек күткен көлік қарасының көбеюініңбасты себеп болып тұр.
– «Жалпы бүгінде Жетісуда диқандарға қажетті өнім жинауға арналған комбайн, субсидия, арзандатылған жанар-жағар май мәселелері жан-жақты қарастырылған. Қазірге дейін Ақсу және Көксу қант зауыттары қабылдаған қызылша үшін 3,3 млрд. теңге қаржы төлеген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы басқармасына түскен 160 өтінім бойынша 3,1 млрд. теңге субсидия берді. Зауыттардың шаруалармен есеп айырысуы мен өткізілген өнімді субсидиялау шаралары шаруалардан түскен өтінімдерге алдағы уақытта да жалғаса береді», – дейді жауаптылар.
Өнім өткізушілер қыс қыр астында екенін алға тартып, осындай қысылтаяң кезде зауыт басшылары қызылша қабылдаудың басқа да тез әрі тиімді шараларын ойластырса деген өтініштерін жеткізуде.
Айдын КӘЛІМХАН
Фото: pro-dachnikov.com





