Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Жетісу облыстық мемлекеттік архивінің Сарқан филиалының құрылғанына 35 жыл толды. Жеке және заңды тұлғалар құжаттарының мемлекеттік сақталуы есебін және пайдалануын қамтамасыз ету үшін және аудан аумағындағы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қанағаттандыру, қорғау мақсатында құрылған архив содан бері өз жұмысын жүйелі жалғастыруда.
Тарихи жолына қарасақ төрт рет атауы ауысқан мекеме бесінші рет, яғни 2022 жылдан бері «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Сарқан филиалы болып аталуда.
Филиал қызметінің мәні заңмен белгіленген тәртіпте ұлттық құндылық ретінде танылған, Жетісу облысының Сарқан ауданында орналасқан және архивтің жинақтау көздеріне жататын мекемелердің, ұйымдардың, барлық меншік түрлеріндегі кәсіпорындардың іс-әрекетінде қалыптасқан айрықша тарихи, ғылыми, әлеуметтік және мәдени маңызы бар құжаттарды сақтау мен пайдалану. Филиалда Сарқан ауданындағы барлық мекеме, ұйымдар, колхоз, совхоздардың құжаттарымен қоса 1997 жылы тарап кеткен Бөрлітөбе ауданы бойынша да колхоз, совхоз, мекеме, ұйымдардың құжаттары сақталуда. Бүгінгі таңда филиалда 52 000 іс мемлекеттік сақтауда.
Филиал мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады: ҚР Ұлттық архив қоры құжаттарын және басқа архивтік құжаттарды белгіленген тәртіпте сақтауға алуға іріктеу және қабылдау, филиалға архивтік құжаттарды жинақтау, алынған құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, сақтауда жатқан құжаттардың іс жүзінде пайдалануын ұйымдастыру, жеке және заңды тұлғалардан түскен әлеуметтік-құқықтық, тақырыптық сұраныстарды орындау. Оған қоса белгіленген тәртіпте құжаттардың көшірмелері мен архивтік анықтамаларын беру, құжаттарды сақтаудың оңтайлы жағдайын жасау және олардың физикалық сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүргізу, архив құжаттарына, құжаттардың құрамы мен мазмұны туралы архивтік анықтамаларға ғылыми-анықтамалық аппарат құру және оны жетілдіру секілді қызмет түрлерін атқаратынын атап өткен жөн.
Осыдан 10 жыл бұрын облыс басшыларының қолдауымен 1968 жылы салынған 50 жылдық тарихы бар ғимаратымызға алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылдар өте келе материалдық-техникалық жағдайымыз жақсарып, қосымша штат берілді. Қазіргі таңда құжаттарды бірыңғай элек-тронды түрде сақтау жұмыстары қолға алынып, жалғасын табуда, бұл архив мамандарының жұмысын жеңілдетіп, оңтайландырады.
Жалпы 35 жылдық тарихы бар архивті басқарып отырғаныма биыл 31 жыл толып отыр. Алғашқы жылдардағы жағдайымыз көш жерде қалған екен, дегенмен де архивтің жұмысы қиындығы мен қызығы да бірге болған, сол қиын-қыстау кездерімізді бастан өткере келе бүгінгі таңда көптеген жетістікке қол жеткіздік. Осы ретте елдің тарихи құжаттарын сақтап, құндылықтарын құнттап жүрген мекемеміз ғасыр тойға жетсін демекпін.
Маржан Карипова,
«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сарқан филиалының директоры





