Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ғажайып ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай ақын атындағы облыстық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты конференция өтті.
Қазақстанның қоғамдық тарихы мен әдебиетінде абыройлы орын алатын ұлы бабаның өмірі мен шығармашылығын дәріптеуді мақсат тұтқан рухани шара көңіл көкжиегін кеңейткендей болды.
Ел үшін білім, өнер жолында тер төккен кешегілердің қай-қайсысы да үлкен құрметке лайық. Солардың қатарында «тар жол, тайғақ кешу» ғұмырын бастан өткерген, елінің әдеби қорына жақұт жырлары мен қайталанбас кесек туындыларын ұсынған Сәкеннің алар орны бір төбе. Мұны рухани шара барысында «Сәкеннің қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі» тақырыбында ой толғаған Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы музейдің директоры, сәкентанушы Марат Әбсеметовтың толымды баяндамасынан аңдасақ, әріптесіміз, белгілі өлкетанушы Қажет Андас «С. Сейфуллин мен І. Жансүгіровтің рухани сабақтастығы» атты баяндама жасап, қос алыптың ел руханияты мен азаттығы, елдігі мен тарихы үшін қатар қызмет етіп, олардың туырлықты ел үшін тынбай тер төккені, бір мақсатта күн кешкені туралы толғады.
Кесек-кесек туындылар мен өз сымбатындай сырлы да айшықты өлеңдері, мақала мен әдеби шығармалары арқылы елінің жүрегінде қалған Сәкен ақынды ұлықтауға арналған жиын барысында Талдықорған қаласы мектептерінің оқушылары ерекше көзге түсті. Олар дарынды тұлғаның мөлдір жырларын нақышына келтіріп орындаса, рухани шарада тебіренген меймандар сөз алып, ұлы тұлға туралы жүрекжарды лебіздерін арнады.
АРДА БИ





