Жер бетін сарғайған жапырақ жауып, сары алтындай жарқырап күз де келді. Ала жаздай еңбектенген шаруалар ырысын жинап, қыстың қамына да кірісіп кеткені қашан. Диқандар егінін жинап, малшы қауым төрт түлігінің басын қыстауға қарай қайырып, шаруаларын ыңғайластырып жатыр. Дәл осы тұста өнімін жинаған шаруалардай журналистер де ел арасына шығып, оқырманының жағдайын біліп, жаңа бір жаңалықты қалам ұшына іліп қайтатын дәстүрлі кездесулерге кезек келгендей. Осындай кездесуді бетке алған «Jetіsý» газетінің тілшілері саялы Сарқанды бетке алды. Ежелден халқы қонақжай, жері ырыс-берекеге толы қасиетті мекеннің бізге айтар қандай жаңалығы бар деген салмақты ой тілшілерді мазалап келе жатқаны да рас. Бірінші болып, аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевқа жолығып, ауданның тыныс-тіршілігі жайлы аз-кем сұхбат құрып, көп дүниеге қанық болдық. Олай болса, сұхбатқа кезек берейік.
–Ғалымжан Қанатұлы, әңгімеміздің басын ауданның тыныс-тіршілігі, жалпы жаңалығына тоқталсақ деп отырмыз. Биылғы жылдың аудан экономикасына тоқталып өтсеңіз?
– Негізінен Сарқан ауданы ауылшаруашылық ауданы. Бізде 1400-ден астам шаруа қожалығы бар. Негізінен халықтың табысы ауылшаруашылығымен байланысты. Сонымен қатар, бізде өнеркәсіп те өсіп жатыр. Біз осыдан 10 жыл бұрын өнеркәсіп саласымен мақтана алмайтынбыз. Қазір, осы салаға қатты көңіл бөлініп жатқан, аудан экономикасына едәуір серпін беріп отыр. Мәселен, өнеркәсіп арқылы 11 млрд.-тан аса тауар өндірдік. Өнеркәсіп саласы бойынша облыста 3-орында тұрмыз. Осы үрдісті одан ары дамыта берсек, келешекте Сарқан ауданы өнеркәсіп ауданы ретінде көрсете аламыз. Бұл ретте жаңадан салынған ГЭС, жел электр стансыларын ерекше атап өткім келеді. Осының арқасында өнеркәсіп саласын көтеріп, толайым табыстарға қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да іске қосылып жатыр. Мәселен, «Сарқан май зауыты» деген зауытымыз шемішкенің майын өндіріп, республиканың әр өңіріне жіберіп отырмыз. Жыл санап қарқын алып келеді және танымалдығы да артуда. Мұнымен қоса, ежелден тарихы бар сүт өңдеу зауыты сонау тоқырау заманда тоқтап қалған еді. Қазір қайта іске қосылып өнімнің үш төрт түрін өндіріп отыр. Енді дәнді дақылдарды өңдейтін үлкен кәсіпорындарды ашуға көңіл бөлудеміз. Оған арнайы жер де дайындап, инвесторларды шақырып отырмыз. Болашақта бұл ісіміз де іске асатынына сенімдімін.
– Сөзіңізде айтып қалдыңыз, аудан аграрлы аймақ деп. Осы ретте қант қызылшасының жағдайы қалай болып жатқанын айтып өтсеңіз?
– Шындығын айту керек, биыл берекелі жыл болып тұр. Ауа райы қолайлы болып, жаз айы жаңбырлы болды. Бір ғана қызылша емес, барлық егін шаруашылығының өнімі бітік шықты деп айтуға болады. Сондай-ақ, диқандардың көңілі тоқ. Қант қызылшасына келетін болсақ, аудан шаруаларының әл-ауқатын көтеріп отырған сала – қант қызылшасы. Біз өткен жылы 1500 гектар тәтті түбірді сепкенбіз. Былтырғы жыл ауа райы қолайсыз болып, бұршақтан аман қалған 1300 гектардан 62 мың тонна қылша алдық. Ал биыл 3000 гектарға қызылша септік. Бүгінгі күнге дейін 2922 гектарды жинап, 389 гектары жиналу үстінде. Шаруа қожалықтар Ақсу қант зауытына өткізген өнімдерінің ақысын және субсидиясын да алды. Мәселен, өткен жылы аз себілді дегеннің өзінде біз 4 млрд. 800 мыңға ауылшаруашылық техникасын алдық. Яғни биыл одан да жоғары болады және 2-3 жылдың ішінде толықтай жаңалап аламыз деген жоспар бар. Мұнымен қоса, жаңа технологияны да пайдаланып жатырмыз. Мысалға, тамшылатып суару бойынша бір шаруа қожалығы 40 гектарға тәтті түбір отырғызған. Осы технологияның арқасында өнімі де жоғары шығып, гектарына 90 тоннадан алды. Бұл енді рекордтық көрсеткіш. Жалпы ауданның 33 мың гектары суармалы жер. Біз осының 10 мың гектарын тамшылатып суаруға көшірсек өнімділікті де арттырамыз деген жоспар бар.
– Ғалымжан Қанатұлы, ендігі әңгімеміздің желісін басқа бағытқа бұрайын. Жалпы ауданның басшысы ретінде, жеке оқырман ретінде баспасөзге деген көзқарасыңызды білгім келеді?
– Бұл сұрағыңыз өте орынды сұрақ. Неге десеңіз, біз жастайымыздан газет-журнал оқып өскен ұрпақпыз. Сол әдетімнен әлі де арылған емеспін. «Әдет» деген артық болар, жақсы қасиет деп айтайын. Кез келген көзі ашық адам газет-журнал, кітап оқу керек. Бұл – өмірдің ләззаты. Егер сен болып жатқан жаңалықты, адамға ой салатын жақсы мақалаларды оқымасаң онда адам болып жаратылғаныңнан не пайда?! Тән азығын қалай қажет етсең, жан азығын да солай толтыруың міндетті. Дамыған мемлекеттердің барлығында газет-журналдың бірде-бір таралымы төмендеген жоқ. Олардың барлығы таңғы асын баспасөзді оқумен бастайды. Осы үрдісті біз де қолдануымыз керек. Мәселен, үйде жасы 85-ке келген әкем бар. Жасы үлкен кісі газетсіз отыра алмайды. Үйде екеуіміз де аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жазыламыз. Әкем міндетті түрде «Jetіsý» газетіне жазылады. Әрбір бетін талдап тұрып және ұнаған жерлерін сызып оқиды, отырыстарда соны талқылайды. Әкеміз осылай өнеге көрсетіп отырғанда біз де газеттен қол үзбейміз. Қазір бір керіағар пікір бар. Жаңалықтың барлығы интернетте деген. Ол дұрыс емес, интернетте барлығы бар деген мүлде қате. Олай дейтінім, ондағы ақпараттардың барлығын бірдей шынайы, ақиқат деу қиын. Ал газет нақты, ақпараттың шынайылығын тексеріп барып, басылымға шығарады. Бір сөзбен айтқанда, газет – рухани байлық, басты идеология деп түсінуіміз керек. Дәл қазіргі уақытта менің алдымда «Jetіsý» газетіне деген жазылу жоспары жатыр. Мұнда Сарқан ауданы бойынша 1000 дана деп көрсетілген екен. Меніңше, 39 мың халқы бар Сарқан ауданына 1000 дана аз, біз оны көбейтеміз. Өйткені облыстың жаңалығы әрбір үйге толықтай жетуі тиіс.
– Соңғы сұрақ болсын, сынға қалай қарайсыз?
– Сын болу керек, егер шын болса. Сын айтылмаған жерде жұмыс жүйелі болмайды. Газет болғасын сын болмаса, басылымның салмағы жеңілдейді. Жалпы менің түсінігімде сын емес, проблема деп қараған дұрыс шығар. Газет – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір деп атасақ, біздің бағытымызды түзейтін газет болуы хақ. Сондықтан, сынға дұрыс көзқарас танытамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ришад Тұрғанбай





