Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Шынымен де әлем ананың ақ тілеуімен шуақ шашып тұр. Ана бала-шағам аман болса, өсіп-өнсе, жамандыққа ұшырамаса, абыройлы-ақжүзді болса деп тілейді. Ұл-қызым аман-есен ержету үшін әлем тыныш болса екен деп дұға етеді. Ананың бесігімен бірге әлемді тербету деген осы болар?! Осылайша ақ тілеуі салтанат құрып келеді. Қазақтың елі аман, жері тыныш. бұл үшін алақанын аспанға жайып, амандық сұраған әйел затына алғыс айтуымыз керек.
Ақсулық Гүлдана ана ұл-қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірді. Ұрпағына ешкімнің ала жібін аттама деп тәрбие берді. Өтіріктің ұшпаққа шығармайтынын айтудан жалықпайтын. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуге тәрбиеледі. Гүлдана Мейірбайқызы балаларын өнер-білімге бейімдеді. Ұл-қызының сабақты жақсы оқып,білім алуына жағдай жасады. Қазаны оттан түспейтін ана ошағын маздатып, мектептен келетін балаларының ас-суын дайындап, шаңырағын жылылыққа бөлеп отыратын. Бақыт тыныштықты жақсы көреді. Берекелі шаңырақта өскен ұл-қыз зейінді, еңбекқор, білімге құштар болып ержетті. Отанасы балаларына «Білімдінің жүзі жарық, білімсіздің күні қаріп» екенін ұғындырды. Мектеп ұстаздарын балаларына үлгі ететін. «Ағай-тәтейлеріңді қарашы. Тап-таза жүреді, орнымен сөйлейді, елдің бәрі қадірлейді. Міне, соның барлығы білімнің арқасы. Әкең екеумізді «Пәленбайдың балалары үлгілі деген атқа жеткізіңдер», – деп ұл-қызының құлағына құйып отыратын. Жары Отарбай екеуі тәрбиелі ұрпақ өсірді. Өздері жетпеген жетістікке солар жетсе деп оқытты. Армандарын Ғазиз Отарбайұлы орындады. Ол бүгінде еліне елеулі азамат. Қоғамда өзінің орны бар. Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, талапшыл басшы. Болашақта мұнан да жоғары лауазымды дөңгелентіп әкететініне сенім мол.
Гүлдана үйелмелі-сүйелмелі шаңырақтың тұңғышы еді. Соңынан ерген іні-сіңлілеріне қамқор болып, ерте есейді. Бар-жоғы 15 жасында еңбекке араласып, тігінші мамандығын меңгерді. Ашық-жарқын, бесаспап бойжеткенге үлкен-кіші таңдай қағып, тамсанатын. «Гүлдана менің келінім болса, осы қыз жарым болса» деп қызығатындар көп еді. «Жүгірген емес, бұйырған алады», – деп ол Отарбай есімді азаматпен сөз байласып, отбасын құрды. Тұрмысқа шығып, отбасы мен балалардың нәпақасын табуда жарымен бірге еңбек етті. Мектепте, балабақшада тәрбиешілікпен айналысты. Барлық жерде сыйлы еді. Көппен тіл табысып, ісіне тиянақтылығымен ұжымдағылардың ілтипатына бөленді. Мойнына жүктелген шаруасын соңына дейін бар ынтамен аяқтайтын. Балалардың барлығына өз баласындай қарады. Бұл– ес білгелі өзінен кейінгілерге бас-көз болып өскендігінің арқасы еді. Ол өзінен кішкентайларға қамқор, үлгі болуға жастайынан тәрбиелеген. Еңбек ете жүріп, 5 баланы дүниеге әкелді. Тәлімді қыз, тәрбиелі ұл өсірді. Еңбегі ақталып, барлығы өмірден өз орындарын тапты. Қоғамда әрқайсысының орны бар. Ұлы Ғазиз елдің өркен жаюына бар білім-білігін арнап жүрген азамат. Адалдығымен, қарапайымдылығымен көпке үлгі. Ақсу – Сарқан жұртының экономикалық-әлеуметтік жағынан өркендеуіне үлес қосып келе жатқан білікті маман. Ата-ана аманатына адал жан.
Гүлдана Отарбай ағаның жұмысына байланысты Ақсу – Қапал өңірінің бірнеше елді мекенінде тұрды. Молалы стансысында, «Алажиде» қой кеңшарында мемлекет мүлкін сақтайтын қоймаларға меңгерушілік етті. Көптің несібесінің ысырап болмауын қадағалады. Қойманың байлығын өз мүлкіндей сақтады. Мұндай шаруаны жауапсыз, немқұрайды адамға сеніп тапсырмасы анық. Гүлдана Мейірбайқызы кеңшар байлығын ұқсата білді. Көптің алдында абыройлы-ақжүзді болды. Ол қалаға қоныс аударып, бейнетінің рахатын көруді армандады. Сол күнге де жетті. Бірақ, Гүлдана ана зейнет жасында да үйренген ісімен айналысып, кәсібін дөңгелентті. Кәсібі – нәсібін арттырды. Бала-шағасының ештеңеден тарықпай өмір сүруі үшін өмірінің соңына дейін қажырлы еңбек етті. Ел-жұртының арасында бақытты ғұмыр кешті.
Ешкім мәңгі өмір сүрмесі анық. Бірақ, мәнді өмір болады. Гүлдана ана мәнді-мағыналы ғұмыр кешті. Өмірін еңбекпен өрнектеген ана бір жыл бұрын өмірден озды. Соңында ұлағатты ұрпағы, жақсы аты қалды. Бүгінде балалары өсіп-өніп, немерелері бір қауым елге айналды. Ананың ақ тілеуі орындалды деген осы.
Гүлжан ТҰРСЫН





