Бүгінде облыста тұтынушылар құқығын қорғау саласы бойынша өтініш берушілер көбейген.
Мәселен, биылғы 8 айда аймақтағы сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне 500 өтініш түсіп, оның 205-сі оң шешімін тапқан. Сөйтіп, тұтынушыларға жалпы 11 373 900 теңге көлеміндегі қаражат қайтарылған. Өтініш саны 2022 жылмен салыстырғанда 5 есеге, яғни, 100-ден 500 өтінішке дейін өскен. Сонымен бірге келіп түскен өтініштердің 241-і түсіндіріліп, 45-і қайта бағытталған, ал кері қайтарылғаны 7-еу.
Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде ҚР СИМ Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен өткен брифингте айтылды. Онда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар түсіндіріліп, осы бағытта атқарылған жұмыстар мәлім етілді.
Аталмыш департамент басшысы Айдос Дауешевтің сөзінше, ҚР Президенті тапсырмасын мен «Аманат» партиясының 2023 –2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында министрлік жаңа редакцияда тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын әзірлеген. Айдос Нұрланұлы сондай-ақ, тілшілер қойған сұраққа жауап беріп, ойымен бөлісті.
Брифинг барысында Заң жобасына енгізілген негізгі өзгерістер сөз болды. Олар тұтынушылар шағымын қараудың көп сатылы алгоритмін жеңілдету, тұтынушылар құқығын қорғау мәселесі жөніндегі омбудсмен, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі базалық қағидаттар және онлайн саудада тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту жөніндегі түзетулер.
Белгілі болғандай, тұтынушылар шағымы бойынша көшбасшылықтың алдыңғы қатарында бөлшек сауда саласы, тұрмыстық қызмет, одан кейін электронды сауда алады. Статистика көрсеткендей, облыстық сауда және тұынушылар құқығын қорғау департаментіне тұтынушылардан электрондық сауда саласына байланысты түскен өтініш саны басым. Былтырғы электрондық сауда саласындағы өтініш 63-ті құраса, оның 23-і оң шешімін тапқан. Ал биылғы 8 айда 78 өтініштің оң шешімін тапқаны – 39.
Айта кетейік, «ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті» РММ өз құзыреті шегінде ішкі сауда және тұтынушылар құқығын қорғау салаларында реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ҚР Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органы.
Департаменттің негізгі міндеті – ішкі сауданы дамыту және реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, тұтынушылар құқығын қорғау саласында біртұтас және тиімді саясатты қалыптастыру.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





