Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің саяси ахуалы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, оның қарқынды даму жолдары және алда атқарылатын жұмыстары туралы айтылды.
Тап қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келеді. Бұл тенденция әрі қарай да сақталуы тиіс. Ол үшін еліміздің, әр өңірдің экономикасын тұрақты түрде дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыруымыз керек.
Ел Президенті Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыру қажеттігін айтты. Қордың қаражатын ең алдымен мемлекет мүддесі үшін, еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Салық режімдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шараларын қолға алу керектігі айтылды. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – маңызды болмақ. Бұл мәселе реттелген жағдайда бөлінген қаражат бюджетке еселеп қайтатыны сөзсіз. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керектігі ұсынылды. Осы кезге дейін банктерге мемлекет тарапынан үнемі қолдау жасалып келді. Ендігі жерде олар да ел экономикасына тиімді инвестициялар салатын уақыт келді.
Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екені айқын. Басқа да көршілес елдердің мамандарымен осы ауқымды жобаның нақты дерегі жан-жақты зерттеліп, бізге атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек екені айтылды.
Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе екені белгілі. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз керек екені де жолдау барысында қамтылды. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру да маңызды. Бұл, ең алдымен, ауылшаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын әсіресе ауылшаруашылығында кеңінен қолдану қажеттігі назарға алынды.
Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті мәселе. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою Президент жолдауында аталып өтті. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп белгіледі. Өте орынды және уақытылы көтеріліп отырған мәселе деп есептейміз. Соған орай елде жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыруымыз қажет.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін Мемлекет басшысы әрдайым айтып келеді. Болашақта бұл қалыпты жағдайға айналады. Атом электр стансысы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек, атом электр стансысын салу мәселесіне қатысты Жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетіні нақтыланды. Сондықтан алдағы өтетін референдумға ел болып бірауыздан қолдау білдірейік.
Мирас СЕРІКҰЛЫ,
«Amanat» партиясы Ескелді аудандық филиалының төрағасы





