6 қазанда өтетін референдум «Қазақстанда атом энергетикасын дамытамыз ба, жоқ па?» деген сұраққа жауап береді. Осыған орай қоғамда атом электр стансысының пайдасы мен зиянын саралап жүргендер көп. Олай болса «АЭС салсақ электр энергиясы сияқты қат дүниені сырттан тасымалдамаймыз ба, жарылыс болмай ма?» деген көпті толғандырып жүрген сауалға тоқталуды жөн көрдім.
Қазір халықта үміттен үрей басым. Бұл шындық. Чернобыльдағы, Фукусимадағы апаттың зардабын тартқан және содан секем алған жұрттың алаңдаушылық білдіруі заңдылық. Десе де, мамандар қазір ғылым мен технология дамыған уақытта қарастырылып жатқан 3+ буындағы реакторлардың қауіпсіздігі жоғары дейді. Яғни, оңай балқып кетпейді, радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайды. Тарқатып айтып берейін. 1950-1963 жылдар аралығында бірінші атом электр стансысылары салына бастады. Алғашқыда жіберген қателіктерді түзете отырып, 1970-1990 жылдар аралығында екінші буын реакторлары салынды. Қазір қауіпсіздіктің барлығын ескеріп, үшінші толқын АЭС салына бастады. Яғни, жұртшылық қорқатындай қауіптілік жоқ. Қазір технологияның дамыған заманы. АЭС салынса операторсыз-ақ қауіпсіздік шаралары қолданылады. Барлығы автоматтандырылған. Бұл жарылысты болдырмайды деген сөз.
Тағы бір ескере кететін маңызды мәселе – жұртшылықтың басым бөлігі «атом электр стансысы жарылса қиын болады» деп Семей полигонындағы жарылыстың зардабын мысалға келтіріп жүр. Екеуін мүлдем салыстыруға келмейді. Семей полигонында арнайы атом бомбасын жарды. Атом электр стансысында қолданатын уран ол атом бомбасы емес. АЭС-те қолданылатын уран 2-4 пайыз ғана байытылады. Атом бомбасын жасау үшін 95 пайыз байыту керек. Содан кейін «қалдықты қайда жібереміз?» деген де заңды сауал қойылып жүр. Зерттеуімше, атом электр стансысынан 2-3 жылда 50 текше метр ғана қалдық шығады екен. Оны Өскеменге арнайы қалдық сақтайтын қоймаға алып барып өңдейді. Яғни, шыққан қалдық қайта отын болып өңделеді. Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі зауыттардан түтін болып шығатын ауыр элементтер ауамызды ластап жатыр. Біз сол үшін салық төлейміз. Сонда мыңдаған тонна күл-қоқыс шығаратын жылу электр стансысы дұрыс па, атом электр стансысы ма?!
Дүние жүзінде 400-ден астам АЭС бар. Сондықтан одан қорқудың қажет жоқ. Біздің тағы бір ұтатын тұсымыз – экология жақсарады.
Халықтан «электр энергиясын сырттан аламыз ба?» деген сауалды жиі естиміз. Бір атом электр стансысы салынса ол электр жарығының 10 пайыздық қажеттілігін өтейді. Бүгінде күн, жел, газ электр стансысы салынып, қатар дамып жатыр. Күн 36 пайыз, жел 27, жылу 17, гидро электр стансысы 12, атом электр стансысы 10 пайыз электр энергиямен қамтиды. Яғни біз барлығын қатар дамытуымыз керек. Біздің мақсат та сол. Сондай-ақ, жұртшылықтың көбі электр энергиясының тарифі арзандай ма деп сұрап жатыр. Экономистердің болжамы бойынша алғашқы 5-10 жылда тариф 50-60 теңге болады деп жоспарлануда. Енді жұртшылықта неге қазір 30 теңге болды да, атом электр стансысын салған соң 60 теңгеге көтеріліп кетті деген заңды сұрақ туындайды. Бірінші мәселе – біз дүниежүзілік банктерден алған кредитімізді жабуымыз керек. Қарыздың негізгі бөлігі жабылған соң тариф арзандайды. «Біз электр энергиясын сатып ала бергеніміз жақсы ғой» деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Мәселен, қазір біз электр энергияны өзге елден сатып алып жүрміз. Тариф небәрі 30 теңге. Өзімізде болмаған соң ертең көршілеріміз жарықтың киловаты 500 теңге десе де сатып алуға мәжбүр боламыз. Сондықтан біздің мақсат – энергетикаға тәуелсіз мемлекет болу. Еліміздің кейбір өңірлерінде ғимараты даңғарадай, бірақ жұмысы тоқтап тұрған зауыттарды көреміз. Оның барлығы электр энергиясының жетіспеушілігінен. Шыны керек, елімізде жылу электр стансыларының тозығы жетіп тұр. Оның барлығын қазір газға ауыстырып жатыр. Бұл өте керемет. Дегенмен газдың қоры елімізді мәңгілік қамтамасыз етуге жете ме?! Әрине, жоқ.
Атом электр стансысы – әлемдегі электр энергиясының маңызды көздерінің бірі. АЭС арқылы көптеген елдер экономикалық және әлеуметтік дамуда негізгі мәселелерін шешуде. Экономикамызды дамытқымыз келсе біз атом электр стансысынан қорықпауымыз керек.
Нұрлан АМАНГЕЛДІ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің доценті, ядролық физика бойынша PhD





