Бұдан былай адам папилломасы вирусына қарсы вакцина жөнінде жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылуы ықтимал. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Аталған комитет адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация стерилдеуге және бедеулікке әкелетіні» туралы әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таралып жүрген ақпаратты фейк деп атады. Комитеттің пікірінше, бұл ғылымға қайшы келеді әрі шындыққа жанаспайды.
«Нақты емес ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және барлық азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, тек ресми көздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегінше, жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы, яғни күн сайын 5 жаңа жағдай тіркеледі. Жыл сайын 600-ден астам әйел, күн сайын 2 әйел осы патологиядан қайтыс болады.
«Бүгінгі күні АПВ инфекциясын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. ДДҰ ұсынымына сәйкес 135 елде, оның ішінде Қазақстанда бұл вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Көптеген әлемдік зерттеулер АПВ-ға қарсы вакцинация қауіпсіз және тиімділігі жоғары екенін растайды», – дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Фото: freepik.com





