Жанып жатқан қоқыс – барлық жер бетіндегі халықтың және бүкіл елдегі өзекті мәселенің бірі.
Саяжай және жер телімдерінің иелері қажетсіз қалдықтардан өртеу арқылы құтылады. Шөп, өсімдік қалдықтарын және тұрмыстық қоқыстарды жағу нағыз экологиялық апатқа айналуда. Қоқыстарды жаппай жағу ауаның ластануына әкеледі.
Бір тонна өсімдік қалдықтары жанған кезде ауаға шамамен 9 кг. түтін микробөлшектері бөлінеді. Олардың құрамында шаң, азот оксидтері, көміртегі тотығы, ауыр металдар және бірқатар канцерогенді қосылыстар болады. Сондай-ақ, өсімдіктерді көбінесе пестицидтермен өсіретініміз жасырын емес, ал олар жанған кезде ауаға пестицидтер шығарады.
Жапырақтарды өртеген кезде олармен бірге атмосфераның ластануын едәуір арттыратын көптеген түрлі қоқыстар да жанады. Мәселен, полиэтилен пакеті жанған кезде ауаға 70-ке дейін түрлі химиялық қосылыс шығарады. Ал олардың көпшілігі адам денсаулығына зиян. Пластикалық қоқыстың жануынан шыққан тығыз қара түтіннің құрамында канцерогенді полициклді көмірсутектер бар. Резеңке жанған кезде канцерогенді күйе мен күкірт оксиді пайда болады. Отқа көбінесе талшықты тақталар, бөлшектер тақтасы, фанера жағылады.Бұл материалдардың құрамында формальдегид және формальдегид шайырлары болады, сонымен қатар олар құрамында қорғасын бар майлы бояумен боялуы мүмкін. Оттегісіз жанып тұрған оттардан бензапирен мен диоксиндер бөлінеді – олар ең улы заттардың бірі. Бұл заттар әсіресе бронхит, бронх демікпесі, ринит немесе тонзиллитпен ауыратындарға қауіпті.
Көбінесе түтіннен қарт адамдар мен жүрек немесе өкпе аурулары бар адамдар зардап шегеді. Адамдардың әл-ауқаты нашарлайды, кейбір созылмалы аурулар өршиді, бұл әсіресе астмамен ауыратын адамдарда байқалады.
Сондықтан, қоқысты отқа тастамас бұрын, бұл сіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қалай әсер ететінін ойлаңыз.
Самат АХМЕТОВ,
Жетісу облысының
санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының
орынбасары





