Тап-таза әрі аппақ әлем – балалар әлемі. Осынау әлемге бір бойлаған адам басқа мамандыққа ауысып кете алмайтындай көрінеді. Бүлдіршіндерді ана тілінде таза сөйлету, жүректерін мейірім мен махаббатқа толтыру, ойын анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу арқылы таным-көкжиегін дамыту тәрбиешіге артылған зор жауапкершілік.
«Бала тәрбиелеу – ең алдымен адам тәрбиелеу» деген ұстанымды берік ұстанған маман ретінде әр баланың болашағына қатты алаңдаймын. Біздің жұмыс ерлікпен пара-пар. Тәрбиеші бола жүріп мен сан түрлі мамандықты меңгердім. Бірде тәрбиеші, енді бірде суретші-бейнелеуші, әртіс, әнші, биші, әр баланың көңіл пернесін дөп басып, жанын түсінетін психолог, сырлас дос, тіпті, анасындай бауырыма басып, бар мейірімімді төгіп ана болуға да ұмтыламын.
Ұрпақ тәрбиесіне келгенде халқымның сан ғасырлар бойы қалыптастырған бай тәжірибесіне жүгінемін. Атаның қанымен, ананың ақ сүтімен бала бойына дарыған осынау ұлттық құндылықтың құлдырап қалмауына, ана тіліміз мәртебесінің төмендемеуі жолында тынбай еңбек етуге бармын. Балапандардың бойында ең бірінші мейірімділік қалыптастырып, жанашырлықтың дәнін егуге тырысамын. Жас бүлдіршіндерді қасиетті Отанын, кіндік қаны тамған киелі жерін, елін сүюге, құрметтеп, бағалауға баулимын. Осылайша бала бойында патриоттық тәрбие қалыптастыруда шаршамай, талмай еңбек етемін.
Балалар әлеміне аяқ басатын жанның ең бірінші балаға деген мейірімділік, қамқорлық және жанашырлық сезімдері таза болғаны өте маңызды. Тәрбиешінің жүрегінде жылулық, мейірім, махаббат болмаса ол адамнан тәрбие алған бүлдіршіндер елдің ертеңі үшін алаңдайтын мықты тұлға болып қалыптаспайтыны белгілі. Біздің мамандықтың өзі осы мейірімділікті талап етеді. Сондықтан да тәрбиеші болу мен үшін ең үлкен бақыт. Ал бұл бақытты тәтті бүлдіршіндерді риясыз жан жүрегімен жақсы көріп, оларды құрметтейтін, сыйлайтын мейірімді адам ғана түсіне алады.
Гүлнар БАЯСИЛОВА,
«Қызғалдақ» бөбекжай-балабақшасы
Көксу ауданы





