«Оқу – инемен құдық қазғандай». Расымен де білім жолы ең күрделі әрі жауапкершілігі мол жол. Сондықтан да әрбір балаға барынша көңіл бөліп, оның саналы тәрбие мен сапалы білім алуына барлық жағдайды жасауға отбасында ата-ана, мектепте ұстаз жауапты. Себебі ХХІ ғасыр – ақпарат пен жаңа техниканың ғасыры болғандықтан алаңсыз, арқаны кеңге жайып отыруға болмайды.
Елдің көші дұрыс болуы үшін міндетті түрде білім беру саласындағы реформалар мықты болуы керек. Бүгінгі таңда елімізде білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасып келеді. Мұндағы мақсат – баланың тұлға болып дамуына бағытталған оқытудың жаңа технологияларын жан-жақты меңгертіп, оқушылардың ой-өрісін, ұлттық мәдениеті мен сана-сезімін дамытып, патриоттық тәрбиенің дәнегін бала бойына егуді басты мақсат еткеніміз жөн. Бұл әдістің барлығы да баланың мықты, білімді, білікті жеке тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді.
Дана халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халықпен халықты теңестіретін – білім» деп текке айтпаған. Сол себепті де біз жаһандану заманының ойлы оқушысын, білімді шәкіртін тәрбиелеуге міндеттіміз. Жалпы, инновациялық технологияны сабақта қолданудың тиімділігін тәжірибе барысында көрдім. Баланы өз бетімен оқыту, жаңа сабақты меңгеруіне жағдай жасау, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, құштарлығын арттыру, дамыту кезеңдері арқылы тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Инновациялық оқыту білімді тереңдетумен қатар оқушыны оқу әрекетіне өз еркімен жетелеп, оқуға деген ынтасын арттыруға көп ықпал етеді. Бүгінгі қоғам білімді оқушыны талап етеді. Қарым-қабілеті жоғары жастарды іздейді. Сол себепті де білімді де білікті, епті де замануи ой-ұшқыры дамыған жеке тұлға болып қалыптасуы үшін жаңашылдыққа көп көңіл бөлген жөн.
Жадыра АЙКЕНОВА,
Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі
Көксу ауданы





