Бүгінде Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстыратын автокөлік жолын салу жұмыстары қарқынды. Осыған байланысты «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолының 38 шақырымы ресми қолданысқа берілді. Қалған бөлігі аяқталу алдында.

– «Жетісу облысы бойынша жол құрылысы 314 шақырымды құрайды. Аталған аумақ 100 пайыз асфальтталды. Бірінші, екінші бөлігінде жол белгілері орнатылған. Қалған бөліктерін қыркүйек, қазан айларына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасы сай Талдықорған – Өскемен жолын биыл толық бітіру міндет. Қазіргі кезде мұндағы жұмыстар қызу жүріп жатыр», –дейді «Қазавтожол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жоба жетекшісінің сөзінше, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен арасындағы бұл жолдың құрылысына жалпы 1000-ға жуық техника, 3 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылған. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Биыл бұл жұмыстар толық аяқталғанан кейін жаңа салынған жол тағы екі жылдық кепілдік мерзіміне сай күтіп бапталатын болады.
Айдын КӘЛІМХАН





