Мен үнемі армандаймын. Сол армандарымның орындалатынына сенемін. Оны көп ешкімге айтпағанды дұрыс деп санаймын. Адамдарға көмектесіп, олардың тілегін орындағанды жақсы көремін.
Есімім Хадиша, жасым 6-да. Мен енді ғана балабақшаны аяқтадым. Биылдан бастап мектепке барамын. Ең алдымен маған білім беріп, көп дүние үйреткен балабақшадағы тәрбиешілеріме алғыс айтқым келеді. Олар мені сахнаға шығарды, ән айтқанда шапалақ ұрып, қолдау көрсететін.
Анамның аты-жөні Шолпан Карабалина. Жетекшім де сол кісі. Менің бойымдағы ән айтатын қабілетімді 3 жасымнан байқапты. Содан бері көптеген байқауға қатыстырып, дайындап келеді.
Маған би билеп, домбыра аспабында ойнаған ұнайды. Домбыра шертетін кісілерге қызыға қараймын. Болашақта осы аспапты меңгеріп алмақпын.
Десек те әнші, биші, күйші болу менің арманым болғанымен өскенде дәрігер болғым келеді. Ауырған адамдарды дертінен айықтырып, тез сауығып кетулері үшін бәрін істейтін едім. Дәрігер бола салу оңай емес екенін білемін. Ол үшін көп оқу керек. Барлық дәрі аттарын біліп, науқасқа тек шипа беретін дәруменді берген дұрыс.
Хадиша ҰЗАҚБАЙ,
Текелі қаласындағы №2 балабақшаның түлегі





