Маусым айының 1-10 аралығында республикамыздың әр аймағында құқықтық тәртіп жедел-профилактикалық шарасы өтті. Шара барысында облыс аймағында 79 қылмыстық іс тіркеліпті. Бұл жөнінде облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Мұхметов мәлімдеді.
– Профилактика барысында бұрын жасалған 23 қылмыс ашылды. Сондай-ақ, іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды. Облыс аумағында есірткі заттарын сақтағаны үшін 5 адам қамауға алынды. Олардан 0,24866 келі есірткі заты, оның ішінде 0,47 гр. синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар, атыс қаруын заңсыз алып жүргені үшін 1, оқ-дәрілер заңсыз сақтағаны үшін 3, суық қаруды заңсыз алып жүргені үшін 2 адам ұсталды, – деді полиция полковнигі.
Негізгі мақсат – еліміздің әр аймағында болып жатқан құқықбұзушылықтардың алдын алу, жол жүру ережелерін қатаң сақтап, көлік басқару кезінде жылдамдықты шамадан тыс асырмау. Қазіргі таңда жол-көлік апаты әлі де азаймағаны және сол үшін жолда жылдамдықты бақылау, қауіпсіздік белбеуі тағылғанын анықтайтын камералар қойылыпты.
Қайсар Мұхметов облыста есірткі тасымалдау, суық қару ұстап жүру көбейіп бара жатқанын жеткізді. Тағы бір өзекті мәселе – кәмелетке толмаған мектеп оқушыларының түнгі уақыттарда көшеде жүретіндері көбейіп кеткен.
Бауыржан ҚАСЫМХАН,
ЖУ білімгері





