«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейтін даналық сөзді хакім Абай қалай дәл тауып айтқан?! Еш өтірігі жоқ, бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беруде, түсінік-танымын кеңейтуде еш жалыққан емеспін. Керісінше, алдымдағы шәкірттерім қуанса, айтқан ақылымды ұғынып, жақсы қылық көрсетсе өзімді шын бақытты сезінемін.
«Бала – адамның бауыр еті» деген тәмсіл көп ойға арқау болатынын аңғару қиын емес. Әрбір жан сәбиін жарық дүниеге әкелген сәттен бастап барлық жүрек жылуын, ата-ана қамқорлығын сыйлап, болашақта ұл-қызының өмірде өз орнын табуына, қалыптасуына ықпал етеді. Баласымен бірге балалық шағына саяхаттап, қайта оралады. Ал, мен осы бақытты күнде сезінемін. Күніге кішкентай бөбектерімнің сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін, риясыз шаттанып аламын.
Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Оның пернесін дәл тауып басқанда ғана әуезді әуенді, сыңғырлаған күйді сезінуге болады. Көз алдымдағы әрбір үйдің еркесімен жұмыс істеу маған еш қиындық тудырған емес. Себебі, қандай мамандық иесі болсын өз кәсібін сүйіп, бар ықылас-ынтасымен кіріскенде ғана кедергілердің түйіні шешіле бермек.
Ешбір сәби ата-анасыз, қамқорлықсыз қалмасын. Бала бақытын сезініп өскен ұрпақ қана ұлттың ұлағатты ұланына, тағдырлы халықтың тапжылмас темірқазығына айнала алады. Бүлдіршіндердің бейбіт күні бүлінбесін.
Жазира СҮГІРБАЕВА,
№6 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі





